«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КҮЙЗЕЛІС ТҮБІ – СЫРҚАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазір елімізде денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып, әлемдік медицинадағы озық технологиялар кеңінен пайдаланылуда. Бұл салаға жыл сайын ел қазынасынан бөлінетін қаржы да аз емес. Әйтсе де сырқаттар саны азаймай отыр. Әсіресе, инфекциялық созылмалы ауруларға, қант диабеті, тірек-қимыл аппаратының бұзылуы, жүрек-қан тамырлар жүйесі, онкология, остеопороз, семіздік ауруларына шалдыққандар мен есірткіге, “ащы суға” тәуелді адамдар қатары көбейіп барады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша 2030 жылға қарай әлемдегі әрбір оныншы адам қант диабетімен ауыруы мүмкін. Сонымен қатар қазір фармакологиялық препараттар әсер етпейтін сырқаттар саны көбейді. Өкінішке қарай, кейбір адамдар дәрі-дәрмексіз өмір сүре алмайды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы барлық ауруды физикалық, әлеуметтік және психикалық деп үш түрге бөледі. Физикалық, психикалық аурулардың қалай пайда болатыны белгілі. Әлеуметтік ауруларға кеңінен тоқталып өткенді жөн деп ойлаймын. Мәселен, ерлі-зайыптылардың ажырасуы, бедеулік, жалғыздық, балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы, адам саудасы, діни бағыттағы психопатиялық індет әлеуметтік ауруға жатады. Ал одан құтылудың жолдары қандай?
Адамның денесі сүйек пен бұлшықет, теріден ғана емес, энергиялық жасушадан тұрады. Энергия арқылы біз күш жинаймыз. Кейбір адамдар үреймен өмір сүреді. Қорқыныш ағзадағы энергетикалық ресурстардың бұзылуына әсер етеді. Дұрыс ойлау арқылы өмірді жақсы жаққа өзгерте аламыз. Ал агрессиялық энергия арқылы біз ауруды өзімізге тартамыз. Күйзеліс тудыратын жағдайлар энергияны бұзады. Шектен тыс қуану немесе қайғыруға да болмайды.
Өмір болған соң адамның күйзеліске түсуі, қобалжуы заңдылық. Адамдар уайым, қайғы, реніш, күйзеліс сияқты көңіл толқындарының дертке шалдықтыратынын біле бермейді. Ғалымдар адам энергетикалық ресурстарды өзгерту арқылы аурудан айығуға болатынын дәлелдеп отыр. Ағзадағы энергия адамның денсаулығына әсер етеді. Егер энергия тапшылығы болса, денсаулық сыр береді. Сол себепті ағзаны емдеуге дәрі-дәрмек қана емес, энергиялық ресурс та қажет.
Бүгіндері көп адамдардың бойын қатыгездік, ашкөздік, зұлымдық сияқты келеңсіз қасиеттер меңдеп алған. Материалдық байлық жеткілікті болса да мейірімділік жетіспейді. Адамдар қайырымды, пейілі кең, өзгеге қамқор болған сайын жоғарыдан берілетін энергия да көбейеді. Кез келген дертке дауа бар. Тек әр адам жамандықтан бойын аулақ ұстағаны жөн. Сондықтан өзімізге ғана емес, өзгеге де жақсылық ойлаудың маңызы зор.
“Қолда барда алтынның қадірі жоқ” демекші, біз барымызды бағалай алмаймыз. Барға – қанағат, жоққа – сабыр етпейміз. Әсіресе, бүгінгі жастар кеңшілік заманда өмір сүрген соң материалдық байлықтың шегін білмейді. Материалдық байлық көзді байлап, жүрекке жүк артады. Ол энергетикалық ресурстардың сарқылуына негіз болады.
Қазір балаларды еш нәрсемен таңғалдыра алмайтын болдық. Баланың материалдық қажеттілігін өтеуден бұрын, оларды алдымен мейірім мен махаббатқа бөлеу керек. Он үш жасқа дейін бала ата-анасының энергиялық алаңында болады. Ата-ананың сана-сезімі, іс-әрекеті бала денсаулығының айнасы іспетті. Сондықтан біздің материалдық құндылыққа емес, рухани байлыққа назар аударғанымыз жөн.

Сәуле МАКИНА,  медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты невропатолог.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp