«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОРМАН — ЕЛ БАЙЛЫҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Көктем мен күз айларында өрт оқиғалары көбейеді. Әсіресе, бұл кезде орман алқаптарын өрттен сақтаған жөн. Сондықтан тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігіне орай үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу өрт сөндіру қызметкерлерінің ғана емес, қоғамдық мекемелердің де тікелей міндеті.

Табиғатты өрттен қорғау бойынша жылдық жоспар жасау барысында орманның түрі, ортаның рельефі, су айдындарының, темір және автомобиль жолдарының жақындығы ескеріледі. Орман шаруашылығын өрттен қорғаудың сызбасы жасалады. Орман өртінің алдын алу үшін мектептерде, демалыс-сауықтыру орындарында, туристік базаларда және басқа да бұқаралық-мәдени жерлерде дәрістер, баяндамалар оқимыз. Мәселен, “Қызылжар орман шаруашылығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері жыл басынан бері тұрғындармен, шаруа қожалықтары және мектеп ұжымдарымен кездесіп, өрт қауіпсіздігі тақырыбында әңгіме өрбітті. Бүгінге дейін бұл шараларға бір мыңнан астам адам қатысты.
Жуырда Қызылжар ауданындағы Асаново орта мектебінде өткен өрт қауіпсіздігі тақырыбындағы шараға қатысқан мектеп ұжымы мен оқушыларға Тепловое орманшылығының шебері Дүйсенбай Ажатов сақтық ережелерін түсіндірді. Орман ішінде от жақпау қажеттігін, жеке бас қауіпсіздігін сақтау керектігін ескертті. Дәл осындай шара Белое ауылындағы “Әмірханов және ұлдары” шаруа қожалығында да өткізілді. Мұнда тілсіз жау орын алған жағдайда адамдардың өзін-өзі қалай ұстау керектігі, жанар-жағармай өнімдерін сақтаудың ережелері және егістік алқаптарындағы жұмыстар кезінде өрт қауіпсіздігіне назар аударудың қажеттілігі айтылды. Барлық қатысушыларға ақпараттық материалдар мен жадынамалар таратылды. Бұл дәрістер наурыз айының соңына дейін жалғасады.
Орманшылардың бұл бағыттағы жұмыстары тек дәрістер өткізумен шектелмейді. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да тұрғындарға орман алқаптарын өрттен қорғау жөнінде кеңестер беріледі. Әсіресе, өмірден алынған мысалдарды келтіре отырып, газет, радио, теледидар арқылы өрт қауіпсіздігі ережелерін көпшілікке түсіндірудің маңызы зор. Бұдан бөлек, орманға барар жолдардың бойында, жағажайларда, түрлі-түсті плакаттар, өрттен сақтандыру жолдары жазылған баннерлер ілінген. Тоғайда қалдырылған қоқыс қалдығы қоршаған ортаны ластаумен қатар, орман өртінің шығуына себеп болады. Алайда, мұны көпшілік ескере бермейтіні өкінішті. Әкімшілік кодекстің 367 және 372 баптарына сәйкес өрт қауіпсіздігінің талаптарын бұзған және орманды ластаған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлейтінін де оқырмандардың есіне салғымыз келеді.
Өрт оқиғасының куәгерлері Қызылжар орман шаруашылығы диспетчеріне “111” нөміріне хабарласа алатынын да айтып өткен жөн.

Юия КОВЗАЛОВА, Тепловое орман шаруашылығы орманшысының көмекшісі.
Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp