Айтыс ақыны, жерлесіміз Ерік Асқаровтың туғанына 60 жыл толуына орай Оқушылар сарайында облыс әкімдігі мен халық шығармашылығы және мәдени бос уақыт қызметі орталығының ұйымдастыруымен салтанатты шара өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қаламгерлер, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері Ерік Асқаров атындағы облыстық ақындар мектебінің ашылу салтанатынан соң республикалық ғылыми конференцияға қатысты.
Ерік Асқаров сынды артына мол мұра қалдырған тұлғаның есімін ұлықтап, ұрпақтар жадында жаңғырту мақсатында жүзеге асырылған игі шараға айтыс өнерінің майталмандары жиналды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман бастаған топтың арасында 44 жыл ғұмырында өңіріміздің атын елімізге әйгілі еткен жерлесімізбен бір сахнада өнер көрсеткен таланттар да болды. Солардың бірі – Қазақстан Республикасының халық ақыны, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың тұңғыш лауреаты Әселхан Қалыбекова. “Ерік інім өте отты, жігерлі, қайсар ақын еді. Кішіпейіл болатын. Екеуіміз айтыста бір рет қана кездесіп, сөз жарыстырдық. Сол сәтте оны от ауызды, орақ тілді ақын ретінде таныдым. Өмірінің соңына дейін сыйластықта болдық”, – деді ол. Жүрсін Ерман Ерік Асқаровтың айтыс өнеріне жаңалық болып келгенін, ұлттың ұятын оятуға, тәуелсіздікті жырлауға талпынғанын, артына өшпес із қалдырғанын айтты. “Ерікпен бірге телевизия саласында қызмет істедім. Сол кезде бір байқағаным, адуынды ақынның Қызылжар өңіріне деген ықыласы ерекше еді. Туған өлкесін талай өлеңдеріне арқау етті. Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін жатқа айтып жүретін”, – деді Жүрсін Молдашұлы. Ерік Асқаровтың жары Нәсіпжан Медиқызы да ақынның бұл ойын құптады. Оларды сахна мен өнер табыстырған. “Еріктің суырыпсалмалық өнеріне ғашық болдым. Тұла бойы тұнған талант еді. Қызылжар десе, жүрегі алып ұшып тұратын. Екі өлең шығарса, біреуін туған өлкесіне арнаушы еді. Жерлестерінің ақынға деген бүгінгі зор құрметі оның еңбегінің зая кетпегендігінің белгісі іспетті. Ақынын іздеген халық қашан да бақытты. Еріктің рухына тағзым еткен солтүстікқазақстандық ағайынға ризашылығым шексіз”, – деді ақынның жары.
Ерік Асқаров атындағы облыстық ақындар мектебінің лентасын облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет пен Жүрсін Ерман қиды. Ақынның атындағы кабинетте талантты жерлесіміздің өмірі мен шығармашылық жолы туралы ақпарат стендтері ілінген. Аталмыш мектеп жас ақындардың суырыпсалма өнерін ұштауға, оларды түрлі жарыстарға дайындауға мүмкіндік береді. Оның жетекшісі Жарқын Жұпарханның айтуынша, бүгінде мұнда 40-қа жуық оқушы мен студент ақындықтың қыр-сырын меңгеруде.
Салтанатты шара “Қайың де мені көшпейтін туған өлкемнен” атты ғылыми конференциямен жалғасты. Шара модераторы “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын Дәулеткерей Кәпұлы жиналған жұртшылыққа салтанатты шараға орай Қазақстан Жазушылар одағынан келген құттықтау хатты оқып берді. Конференция барысында ақын, драматург, аудармашы Ерік Асқаровтың шығармашылық мұрасы өскелең ұрпақтың бойында ұлттық намыс пен патриотизмді қалыптастыруда таптырмас мектеп екендігі айтылды. Ғалым, алаштанушы Сағымбай Жұмағұлов ақынның проза, драматургия, көркем аударма салаларындағы еңбегіне тоқталды. Ерік Асқаров 1974 жылы жарыққа шыққан тырнақалды туындысы – “Қаралы көшті” шағын әңгіме жанрының шебері атанған Бейімбет Майлин стилінде жазған екен. “Көркем шығармада Мағжан Жұмабаев пен оның әкесі Бекен болыс жайында кеңінен әңгімеленеді. Қылышынан қан тамған тоталитарлық заманның өзінде Мағжанды суреттеуі ақынның батылдығын, ержүректігін аңғартады”, – деді Сағымбай Жұмағұлов. Баяндамашы Ерік Асқаровтың есімі мен мұрасын насихаттауды жүйелеу жайлы өз ұсынысын да ортаға салды. Мәселен, жерлесіміздің бірде-бір туындысы Әдебиет порталына енгізілмеген. Сондай-ақ, оның грузин қаламгерлерінің шығармаларын қазақша сөйлеткені көп айтылмайды. Алаш арысы, Қошке Кемеңгерұлының ұрпағы, ғалым Қайырбек Кемеңгер Ерік Асқаровтың лирикалық мұрасы туралы баяндама жасады.
Конференция барысында Қонысбай Әбілов, Әсия Беркенова, Аманжол Әлтаев, Құдайберлі Мырзабек пен басқа да ақындар Ерік Асқаровтың артына қалдырған мұрасы жайлы сөз қозғады. Олар соңғы уақытта Қызылжар өңірінде жергілікті ақын-жазушылардың мұрасын ұлықтауда жақсы дәстүрдің қалыптасып келе жатқанын айтып, облыс басшылығы мен тұрғындарына алғыстарын білдірді.
Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.