«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚТЫҢ ТӨЛ МЕЙРАМЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әр халықтың өзінше жаңа жылы, жыл басы болады. Қай уақытта, қай халықта болса да жаңа жыл сол халықтың, сол уақыттың шаруа жағдайына қарай белгіленген. Европа жұрттарының бір жерінде жаңа жыл – 1 қаңтар, бір жерінде – қыркүйек, тағы осындайлар. Азияда жаңа жыл – жазғытұрым, қазақ елінде – марттың 22-сі.

Қай елдің жаңа жылын алсақ та, негізінде шаруашылық жағдай болады. Дін әсері жаңа жылдарда аз, жоқтың қасы болса, қу молдалардың мал табу үшін жалған қондырмасы.
Қазақ жаңа жылы дін әсерінен таза. Бұл күні ешбір құлшылық, дін әдеттері жасалмайды. Бар болғаны ел бір-бірімен көрісіп: “Жасың құтты болсын!” – дейді.
Жаңа жыл күні қазақ күн райына қарай алдағы жазды рақатты, рақатсыз болады деп болжау жасайды.
Жаңа жыл күні қазақ әдетінше, әр үйде қазан-қазан көже пісіріледі. Көженің ішіне қысқы соғымның тек басы салынады. Көжеге көп сүт құйылады. Басты, шекені қарттар мүжіп, құлақты балаларға кесіп беріп, басқа жұрттар көжені талап ішеді. “Ауыз ақтан айырылмасын, қызылды уақытымен (қыс) көрсетсін, жас құтты болсын”, – деп бата жасап тарқасады.
Бұл көже ішу (сүт құйған) – келе жатқан жазбен ұшырасып, қарсы алып, ас ішу ретінен аққа (сүтке) көшу. Көжеге тек бас салып асып жеу – қарлы қыспен, қыс тамағы етпен (қызыл) қоштасу.
Міне, қазақтың жаңа жылының барлық маңызы – шаруашылық маңыз.
Қазақ жаңа жылы – жазғытұрғы күн мен түннің теңелген күні болады. Жаңа жылдың ертеңіне жарық, жылы күн қараңғы суық түннен ұзара бастайды. Бұл реттен қазақ жаңа жылы ғылым қойнына да барып кіріп қалады.
Қазақ жаңа жылын “наурыз” дейді. Наурыз әулиенің, әнбиенің аты болмаса керек. Наурыз күн райын, шаруа ыңғайын дұрыстап зерттеген бір қазақтың, я түріктің аты болуы керек.
Сондықтан қазақтың наурызы – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамы. Бұл мейрамды дұрыстап өткізу керек. Бұл мейрамды тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып, қоғамға пайдалы игі іс жасайтын, ауыл адамдарын тап-жігімен ұйымдастыратын мейрам ету керек. Мектеп ұстаздары наурызды оқыту бағдарламасына енгізсе, артық етпейді.
Наурыз тарихын сарқа жазуды білімділерден күтіп, біз осы қысқа әңгімемен тоқтаймыз. Ауылдың көзі, құлағы – мұғалімдерді, жас буын оқушыларды, ауыл кедейлерін жаңа жылмен құттықтап, жаңа жылында жаңа жұртшылығының өркендеуін, жаңа-жаңа, татымды жемістер беруін, шаруашылығының жаңа жолмен социалшылық жолымен ілгерілеуін тілейміз.

Мағжан ЖҰМАБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp