«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫРЫҚТЫҢ БІРІ — ҚЫДЫР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Аспанмен тірескен шаңқай жасыл шырша, самсаған алуан түрлі ойыншықтар, жалтыраған электр шамдары, шыршаның түбінде ақ матадан жасалған қалың қар – бәрі көздің жауын алады.

– Ата, шырша қандай ұзын, олар мұндай болғанша қанша уақыт керек? – деп сұрады биыл оқуға барған немерем.
– Шамамен 10-15 жыл керек шығар, шырша тез өспейді, – дедім мен.
– Онда бұл шыршаны қоқысқа тастамайық. Табиғатқа зиян келтіруге болмайды.
– Дұрыс айтасың, балам! Ақылыңнан айналайын! – деп тілі балдай немеремнің басынан сипадым да сөзімді әрі қарай жалғадым. – Енді мені жақсылап тындаңдар. Қазақ елінің жері өте үлкен болғанымен, ағаш көп деп айта алмаймыз. Біз құрылысқа материалдарды басқа елдерден сатып аламыз. Ағаш құрылысқа ғана қажет емес, ол – жердің көркі. Сондықтан оны жөн-жосықсыз кесе беруге болмайды. Өткен ғасырдың бірінші жартысында қазақтан шыққан үлкен ғалым – Кәрім Мыңбай аталарың “Қазақтың байтақ даласын гүлмен көмкеремін”, – деген еді. Бірақ кеңес өкіметі оны қолдамады. Сонымен, балалар, жаңа жылдың бір күні үшін бір мүшел жайқалып өскен шыршаны кесу дұрыс па? Келешекте осы жердің қожасы сендер боласыңдар, ойланыңдар, – деген әңгімеме немерелеріммен қатар көрші үйдегі бір топ бала: “дұрыс айтасыз ата, бізді кешіріңіз!” – деп шу ете түсті.
Күнтізбелік жаңа жыл мерекесі өткеннен кейін мен үйдегі кішкентайларға халқымыздың төл мерекесі – Наурыз мейрамының қадір-қасиетін түсіндірдім.
Бірінші қаңтарда қар қалың, күн суық, түн ұзақ, күн қысқа, табиғат қалың ұйқыда жатады. Жан-жануарлар қақаған суықта өз басын қалай аман сақтаймын деген әрекеттен аса алмайды. 22 наурызда Күннің көзі шуағын төгіп, өсімдіктер қысқы ұйқысынан оянады, тірлік жасауға ұмтылады, бүр жарып гүлденуге, жемісті өмір сүруге бет алады. Осылай Алланың ғаламаты – жердегі алуан түрлі өмір жалғасады. Біздің бабаларымыз ежелден-ақ табиғаттың сырын білуге талпынған ғой. Сонау ықылым заманнан бері күн мен түннің теңелген уақытын жаңа жылдың басы деп тойлаған.
Қыстан қысылмай, аман-есен шыққандарына қуанып, көптен қатынаспаған туыстарымен жылы қауышып, өкпе-наздары болса, кешірісіп, жақсы жаңалықтарымен бөліскен, өткен жылы дүние салғандарға Құран бағыштаған, қысқы соғымнан әдейі сақтаған мүшелерді асып, наурызкөже пісіріп, келгендерді, көрші-көлемді алаламай түгел сыйлаған. Әрине, өлең айтылған, күй тартылған, балалардың, үлкендердің күресі, аттай жарысы, т.б. ойын-сауықтар өткізілген. Алтыбақан құрылып, түні бойы жастар неше түрлі ойын-сауық ұйымдастырған, “ақсүйек” ойнаған. Осылардың бәрі елде молшылық, адамдардың ниеті түзу, бауырмалдық, бірлік болсын деген ырымнан туса керек.
Ұлан-байтақ қазақ жерінің әр түкпірінде Наурызды тойлаудың өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, еліміздің батыс аймағында тұратын ағайындар наурыздың он төрті күні Көрісу күнін атап өтеді. Бұл күні әр үйде дастарқан жайылып, көптен көріспеген ағайын бір-бірлерінің амандығын сұрасады. Адамдар арасындағы сыйластық пен достықты арттыратын, жастарды жақсылыққа, мейірімділікке баулитын бұл дәстүрдің соңғы жылдары еліміздің барлық өңірінде кең белең алғаны қуантады.
Биыл біздің өңірімізде де көрісу күні атап өтіліп, аға буын өкілдері тірілгеніміз жанғандай мәре-сәре болдық. Көптен бері көрмеген ақсақалдармен құшақтасып, көрісіп, ізгі тілегімізді жеткіздік. Қазақтың ұлттық киімдерін киіп, жүрек-жарды лебіздерін жеткізіп, қуанған қарттардың бұл әрекеттері неткен тамаша! Сырттан қараған адам сүйсінеді.
Қазір заман өзгерді. Тәуелсіздігіміз салтанат құрып келеді. Онымен бірге жоғалған дәстүрлеріміз қайта оралды. Қаңтардың бірі күні келетін мерекеге күнтізбелік жаңа жыл ретінде қарайтындардың саны артып келеді. Оны өзімнің жақын ағайындарымнан, көршілерімнен аңғарамын. Бұл ғылыми тұрғыдан да өзінің маңызын жойып барады. Мәселен, балалардың біркүндік ойынына 10-15 жыл жайқалып өскен шыршаларды құрбан етеміз. Бір күн тұрғасын, қоқысқа тастаймыз, олар қоқыстың жәшігіне сыймай, маңайында шашылып жатады. Обал-ай!
Бір күнгі мереке үшін жайқалған ағашты жою – әрі ысырап, әрі Аллаға жағымсыз іс. “Бір тал кессең, он тал еккен” деген бабаларымыздың өсиетіне қайшы келеді.
1988 жылдан бері тойланып келе жатқан Ұлыстың ұлы күнін тойдың төресі деп әспеттесек артық емес. Осы уақыт ішінде оны жалпыхалықтың мерекеге айналдырудың сан түрлі жолдары қарастырылды. Бірнеше жыл бойы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында тойлау дәстүрі қалыптасты. Бұл бір тудың астына жиналған тілі басқа болса да, тілегі бір тұрғындардың бастарын тоғыстырады. Осы орайда мені әңгімемнің басында сөз еткен немерелерім сияқты өзге де бүлдіршіндердің шырша тойына қызығатындары алаңдатады. Оның бір себебі, қаңтардағы жаңа жыл күні біз көбіне балаларға қуаныш сыйлауға талпынамыз, Аяз Ата сыйлықтар үлестіреді. Наурызда да балаларға арналған ойын-сауық шараларын ойластырудың қажеттігі айқын сезіледі.
Тағы бір айта кететін мәселе, мереке күндері тігілген киіз үйлерге бас сұғып, жасауын көрейік десек, есіктегі күзетші кіргізбейді. Олардың айтатындары: “комиссия келеді!”. Комиссия мүшелеріне табақ ет тартылып, наурыз- көже беріледі. Олар ішіп-жеп болғасын, дастарқан жиналады, енді кіруге болады. Бұл мүлде дұрыс емес, халқымыздың “қырықтың бірі – қыдыр” деген тәмсілі қайда? Сол аста-төк ет, көже көпке жетер еді. Тұрғындарға үлестірілсе, ешкімнің несібесі азаймас еді.

Шериаздан БАШЕЕВ, еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp