«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕУМЕТТІК БАСЫМДЫҚТАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Азаматтардың сапалы өмірі, тұрғындардың әлеуметтік қорғалуы, экономиканың тұрақты дамуы тәрізді құндылықтар демократиялық институттарды нығайтумен тығыз байланысты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатын жүзеге асырушы әрі еліміздегі басты саяси күш – “Nur Otan” партиясы бүгінде экономикамызды тұрақтандыру үшін қажетті мүмкіндіктер жасауда және оның құрылғанына биыл 20 жыл толды. “Nur Otan” партиясының мерейтойына арналған съезден партия мүшелері ғана емес, бүкіл қазақстандықтар үлкен жақсылықтар, әлеуметтік салада жаңа өзгерістер күткені анық.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Nur Otan” партиясының кезекті съезінде бәрімізді қуантып, тұрғындарға әлеуметтік қолдау жасау жөніндегі шешімін жариялады. Бюджеттен еңбекақы алатындардың табысы артатыны үлкен жаңалық болды. Көпбалалы аналарға берілетін көмектердің көбейетіні бүкіл елді қуантты. Қазір мемлекеттен 570 мыңнан астам адам осындай көмек алады екен. Бұл 18 миллион ғана халқы бар ел үшін үлкен көрсеткіш. Кейбір көпбалалы аналардың қолдауға мұқтаж екенін көріп жүрміз. Енді соларға берілетін атаулы əлеуметтік көмек 21 мың теңгеге жетеді. Алтын құрсақты аналарға қандай көмек жасалса да артық емес. Басында бұл жәрдемақылардың бəрі 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап беріледі деген болатын. Алайда, Ақордада өткен кеңесте Елбасы көмекке аса мұқтаж көпбалалы отбасылардың биылғы 1 сəуірден кешікпей əлеуметтік көмек алатынын айтты. Осыдан-ақ Қазақстанның əлеуеті зор, діңгегі мықты мемлекет екенін көреміз. Егер əл-қуаты төмен ел болсақ, осындай орасан зор көлемдегі көмекті қысқа мерзімде көрсете алмаған болар едік. Шынымды айтсам, осы қуанышты жаңалықты естігенде кеудемде мақтаныш сезімі туды. Сонымен бірге Президент көмекке аса мұқтаж жандарға мемлекет əрдайым қолдау көрсететінін қадап айтты.
Ақжар ауданында оны іске асыруға байланысты әлеуметтік төлем алушылардың тізімі, бюджет саласында төмен жалақы алатын қызметкерлердің санын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілді. Аудан бойынша атаулы әлеуметтік көмекпен 142 отбасы немесе 644 адам, жастайынан мүгедек бала асырайтын 47 адам, аудандық бюджеттен қаржыландырылатын жалақысы төмен мәдениет саласының 106 қызметкері, білім саласынан – 1540, жастар саясатынан – 5 адам, спорт саласынан – 39, жұмыспен қамту орталығының – 16, 7 әлеуметтік және 95 мемлекеттік қызметкер, мемлекеттік органдарда келісімшартпен жұмыс істейтін 103 адам қамтылады.
Елбасы өз сөзінде өңірлерді дамыту мəселесіне де тоқталды. Бүгінде өңірлер мен ауылдық жерлерде халықтың жағдайы əртүрлі. Бір жерлерде тұрғындарға тиісті жағдай жасалған. Олар ауызсумен, газбен қамтамасыз етілген, білім беру мен денсаулық сақтау ұйымдары жұмыс істейді, елді мекендер арасында тас жол қатынастары бар. Ал басқа өңірлерде керісінше ауызсу да, жол да, газ да жоқ. Бұл енді сол өңір басшыларының іскерлігіне байланысты деп ойлаймын. Əйтпесе, бағдарлама бар, қаржы бар, бірақ нақты нəтижелер аз, атқарылып жатқан жұмыстың тиімділігі, тұрғындардың өмір сүру деңгейі төмен. Елбасы осы мəселелерді шешу мақсатында “Құтты мекен”, “Ауыл – ел бесігі” жобаларын қолға алып, халық тұтынатын тауарлар, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, құрылыс материалдарын шығаратын кəсіпорындар ашып, шағын бизнесті дамытып, жұмысыздықты барынша азайту, елді мекендер арасында сапалы жолдар, ауызсу, кəріз, газ жүйелерін салуды қолға алуды тапсырды.
Елбасы қойған осы мақсаттарды үш жылда орындау үшін 3 трлн. теңгеден артық қаржы бөлініп отыр. Халқымыздың əл-ауқаты мен тұрмысын, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған мұндай қамқорлық бұрын-соңды болған емес. Бүгіндері Елбасы тарапынан жасалып жатқан қамқорлықты естіген қарапайым халықтың қуанышында шек жоқ.
Игі шаралардың шарапатын Ақжар ауданының тұрғындары да сезінетін болады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Солтүстік Қазақстан облысының 2018-2021 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары қабылданды. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов осы жоспар аясында республикалық бюджеттен бөлінген қомақты қаржының болашағы бар елді мекендердің өзекті мәселелерін шешуге бағытталатынын атап көрсеткен болатын. Ақжар аудандық мәслихатының депутаттары бұл қаржының мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауға алатын болады.
Халықтың əл-ауқатын арттыруға, өмір сапасын жақсартуға бөлінген қаржыны əрбір отбасына, нақты адамға жеткізуді қамтамасыз ету Үкіметке, жергілікті атқарушы органдарға үлкен жауапкершілік жүктейді, тиянақты, тиімді жұмыс істеуді талап етеді. Бұл билік үшін үлкен сын.
Президент атап көрсеткендей, әлеуметтік салаға бөлініп жатқан осыншама қаржының мақсатты және уақтылы пайдаланылуын, ең бірінші кезекте, “Nur Otan” партиясы, жергілікті мәслихаттар бақылауда ұстауы қажет. Ақжар ауданындағы партия белсенділері, халық қалаулылары ортақ іске өз үлестерін қосары сөзсіз.

Aйбек ХОРШАТ, Ақжар аудандық мәслихатының хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp