“Бір адамды көргенде қандай қасиетін айту керек”, – деп сұрағанда, аузы дуалы бір қария: “Жақсылығын айту керек, өйткені, жақсылықтың қадамы ұзақ, барар жері алыс” деген екен. Шынымен де, “жақсылық деген ауыр нәрсе, құдықтан суды тартып алғандай”, – деген аталы сөздің байыбына тереңірек бойласақ, жақсы адам болу қиын екенін ұғамыз. Көзі тірісінде қазақ өнерінің абыройын асқақтатқан азаматтың бірі – Қалдық Бегеновті де көз көргендер “жақсы адам еді” деп еске алады.
Қалдық Бегеновтің өмірде дәм-тұзы таусылып, келместің кемесіне мініп, мәңгілік сапарға аттанғанына да бірнеше айдың жүзі болды. Егер көзі тірі болса осы күндері жетпіс жастың төріне озып, шат-шадыман күйге еніп отырар еді.
Сағынышқа айналған бала күнімізде үлкендердің әңгімесінен Қалдық Хамитұлының есімін құлағымыз шалып қалатын. Өйткені, Балуан мен Майбалық ауылдары – ежелден бір-бірімен қойы қоралас, жаны араласып жатқан елді мекендер. Сондықтан көрші Балуан ауылында туып, Алматыда өнердің шыңын бағындырған Қалдық Бегеновті майбалықтықтар да сүйсіне айтып жүретін. Ол уақытта ауыл балаларының арасынан оза шығып, циркте өнер көрсету әркімнің еншісіне бұйыра бермейтін. Араға ширек ғасырдан астам уақыт салып, енді, міне Қалдық Бегенов жайлы қалам тербеудің сәті түсті. Қалдық Хамитұлы жайлы сұрағанда оның есімін тұңғыш естігендей көп жерлестеріміздің аңтарылып қалатыны да жасырын емес. Бұған мақала жазу барысында көзіміз жетті. Бірақ бұл жайт мені тоқтата алмады. Қазақ өнерінің дамуына өзіндік үлес қосқан Қалдық Бегенов секілді азаматтардың есімін ұлықтап, жерлестерінің жадында жаңғыртып отырудың артықтығы жоқ.
Өңірімізге белгілі дәрігер, бүгінгі күні Астана қаласында тұрып жатқан Таңсық Күсемісовтің Қалдық ағамен Балуанның қара топырағына аунап-қунап бірге өскенін білгеннен кейін, өткен күндердің естеліктерін сол кісінің аузынан естігенді жөн көрдім.
– Қалдық Бегенов жерлес жазушы Сәбит Мұқановтың қамқорлығын көргендердің бірі, бірақ ол жайында көпшілік біле бермейді, – деп Таңсық Күсемісов қызықты жайттың шетін шығарды. – Қалдық құрдасым ата-анасынан жастай айырылды. Әкесі Хамит оқыған, көзі ашық адам болғанын еститінбіз. Анасы Бәтеннің де дәм-тұзы ерте таусылып, ол жетімдіктің қамытын киеді. Бірақ туысы Сыздық ақсақал мен Жанақия апамыз Қалдықты бауырына басып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай жеткізді. Сыздық ақсақал оның төбесінен құс ұшырмайтын, оған өте ерекше қамқор болды, – деп сөзін сабақтады Таңсық аға.
Ауыл адамдарының кеңпейілділігін де атап өткен жөн шығар. “Анасынан ерте айырылған Қалдыққа менің анам Қайнижамал ақ сүтін берген екен. Сондықтан да біз бір үйдің баласындай бір-бірімізге жанашыр болып өстік”, – дейді жақын туыстарының бірі Қайыржан Жахин.
Алдыңғы толқын өкілдері Сәбит Мұқановтың туған өңірі – Қызылжарға жиі ат басын бұрып тұрғанын ұмыта қойған жоқ шығар. Ал сол сапарларында атақонысты аралап, көп ауылдарда қонақ боп қайтатын. Бірде жазушының жолы Шал ақын ауданындағы Балуан ауылына түседі. Өңір жұртшылығына есімі белгілі болған ардақты ұстаз Сейтен Сауытбековтің шаңырағында ауыл адамдарымен әңгіме-дүкен құрып, қазақы дәстүрмен дәм татып отырып Сәбең Хамиттан қалған жалғыз тұяқ жайлы сұрайды.
Дастарқан басына жиналғандар Қалдықтың биыл алтыншы сыныпты аяқтағанын, Сыздық пен Жанақияның оны қатарынан кем қылмай өсіріп жатқанын айтып береді. Сәбит Мұқанов сол жерде жас баланы Алматыға алып кетіп, оқуға түсірмек ойы бар екенін айтады. Жазушының бұл қайырлы ісін дастарқан басындағылар да құптап, алғыстарын жаудырады. Сөйтіп, Қалдық Бегенов қазақтың атақты жазушысына еріп, Алматыға жол тартады. Кең жүректі жазушы осылайша қара домалақ ауыл баласының болашағына жол ашады.
– Оңтүстік астанада білім алып жүрген Қалдық құрдасым жазғы демалыста ауылға келгенде, оның киім-киісіне, жүріс-тұрысына ерекше қызыға қарайтынбыз. Сол күндердің өзінде оның бойынан өнерге деген құштарлық байқалып тұратын. Интернат баласы кинотеатрларда тамашалаған неше түрлі шытырман немесе үнді киноларынан бізге қысқа қойылымдарды сахналайтын. Нағыз әртістердей, рөлге еніп, түрлі қимылдарды жанын салып көрсететін. Сөйтіп, бәріміз аузымызды ашып, көзімізді жұмып, оның өнеріне тәнті болатынбыз, – дейді Таңсық Күсемісов.
“Болар бала бесігінде бұлқынады” демекші, Қалдық Бегеновтің өнерге ынтызар болғанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Мектепті тамамдағаннан кейін Алматыдағы жоғары оқу орындарының біріне дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түседі. Жастайынан шапшаң, қара күшке де ие әрі батыл азамат бұл жерде тіпті, шыңдала түседі. Кейін бір топ өнерлі жастармен бірге Украинадағы цирк студиясында талабын ұштайды. Оның бір жылдары Павлодардың “Трактор” футбол командасында қақпашы болғанын көпшілік біле бермейді. Ол күндер де тарихтың бір парағына айналды.
Саф алтындай таза өнер еркелік пен қателікті көтермейді, мүлт кеткенді кешірмейді. Сондықтан осындай киелі өнердің бұйдасы көзсіз батырлар мен жолбарыс жүректілерге, қабыландай мықтыларға ғана бұйырады. Цирк өнерінің құдіреті мен қасиеті, сиқыры қайталанбас мәнерімен ерекшеленеді. Бұл өнер жас буынды жылдамдық пен ептілікке, еңбекқорлыққа, ыждағаттылыққа, тазалыққа баулиды. Ол болмысы бөлек әрі мехнаты көп – цирк өнеріне адасып келген жоқ.
– Қалдық досқа адал, жүрген ортасына сүйкімді, тәртібі дұрыс, кейінгі жастарға үлгі бола алатын азамат еді, – дейді ол жайлы көз көргендердің бірі, елімізге танымал диктор, журналист Бүркіт Бекмағамбетов. Шынымен де, адамды өрге сүйрейтін бойындағы ізгі қасиеттер ғой. Қалдық Хамитұлының да өнерпаздық жолды таңдауына осындай болмыс-бітімінің ықпалы зор болғаны сөзсіз.
Акробатикамен айналысқан ол қаншама жаңа туындыларды цирк төріне алып шықты. Оның есімі сол уақытта бұқаралық ақпарат құралдарының бетінде де ерекше ілтипатпен аталып жатты. Салмағы зіл батпан көлікті сүйреу, ауыр автомашинаны үстінен өткізу секілді қауіпті трюктарды меңгерді. Жерлесіміздің Алматы қаласындағы көрнекті өнер ордасы – Қазақ мемлекеттік циркін басқарып, оның дамуына сүбелі үлес қосқанын мақтан тұтуымыз қажет. Өйткені, жауапкершілігі зор қызметтің тұтқасын ұстау әркімнің пешенесіне бұйыра бермейді. Жаңа баспалдаққа табаны тигеннен кейін Қалдық Бегенов көшпелі цирк ұйымдастырып, шетелдерді аралады. Ол жайында өзінің “Казахский цирк” деген кітабында да жазды. 1997 жылы жарық көрген туындысында қазақ циркінің өткен тарихы, бүгіні мен болашағы жайлы сөз қозғайды. Оның көз майын тауысып жазған еңбегінде құнды деректер аз емес. Ең бастысы, бұл цирк өнері және оның қалыптасуы мен дамуы жайлы жан-жақты мағлұмат беретін алғашқы туынды екенін де айта кеткен жөн.
Қазақ мемлекеттік циркінде өнер майталмандарына арналған мұражай бар. Оның төрінен Қазақ циркінің шығармашылық өрлеуі мен зор жетістіктеріне өлшеусіз еңбек сіңірген біздің жерлесіміз Қалдық Бегенов туралы деректер де орын алған. Осының өзі Қалдық Хамитұлының өз ортасында беделді, шығармашылық ұжым үшін орны бөлек азаматтың бірі болғанын айғақтайды.
Сиқырлы өнер жолында асау арманын ерттеп мініп, қияға қанат қаққан, дөңгеленген манежді кәсібінің мәніне айналдырған, өмірімен тәуекел еткен саңлақтың ғұмыр жолы тақтайдай тегіс болды деп айта алмаймыз. Оның да талай рет маңдайы тасқа тиген кездері аз емес. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында Қазақ циркін жекеменшіктің қолына өткізбеймін деп шырылдап жүріп, қудалауға да ұшырады. Қалай десек те, өмірде тәттінің де, ащының да дәмін татқан азаматтың өнерге адалдық танытып, еңбегімен елді сүйсіндіргенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Ендеше, өнер атаулының інжу-маржаны – цирк тарихында жерлесіміз Қалдық Бегеновтің де есімі құрметпен жазылары хақ.
Айгүл ЫСҚАҚОВА, “Soltustik Qazaqstan”.