«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАУРЫЗДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ӨРНЕК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Наурызнама – шат-шадыман ойын-сауық, той. “Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп той-тамаша қылады екен” (Абай). Кей жерлерде Наурыз тойы деп те аталады. Бұл күні үлкен болсын, кіші болсын осы мейрамға келіп, көңілді ойын-сауықтар жасалады.

Мұнда шарап ішу, ренжісу сияқты жағымсыз әдеттерге қатты тыйым салынған. Тойда ат жарыс, балуан күрес, басқа да сайыстар, айтыс, түрлі ойындар ұйымдастырылады, көңілді жұмбақтар, ән, өлеңдер, наурыз жырлары айтылады. Жастар үлкендерден бата сұрайды. Бұл күні қыз-жігіттер жиналып, бас қосып ұйқыашар әзірлейді. Ол ет, уыз сияқты дәмді тағамдардан жасалады. Қыздар өздерін ұнатқан жігіттеріне “Ұйқыашардан” дәм таттыратын болған. Мұның мәнісі оларды “ұлыстың ұлы күні” ұйықтап қалмасын деген ескі ұғымнан туған. Оның үстіне “ұйқыашар” болашақ күйеулерге күш қуат, махаббат, нәзік сезім әкеледі-міс деген.
Наурыз-тілек. Достық көңіл мен тілектестіктің, адамгершіліктің белгісі әрі тойдың жарасты салтының бірі ретінде айтылған.
Наурыз-төл. Наурыз айында мал төлдей бастайды. Олар наурыз төлі деп аталып, төл басы ретінде бағаланып, малжанды қазақ баласы оны ерекше күтіп бағады. Төл басы сатылмайды, ешкімге сыйға берілмейді.
Наурызкөк (Наурыздек) – наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. Оны алғаш көргендер “Наурыз келдің бе?” деп шақырып, жем шашады. Наурызкөкті ешкім қумайды, үркітпейді.
Наурыз-шешек. Наурыз айында өсетін жапырақты, түрлі-түрлі гүлді, қауашақты әсем өсімдікті (шөп) бір сөзбен наурыз-шешек деп атайды. Оны үйде де өсіреді. Майының дәрілік қасиеті бар. Қазақстанның таулы аймақтарында оның бірнеше түрі өседі. Наурыз-шешек “Қызыл кітапқа” енген сирек кездесетін бағалы өсімдік қатарына жатады.
Наурызша. Наурыз айында жұп-жұқа, қиықша қырбық қар түседі. Оны халық “наурызша” деп атайды.
Наурыз-есім. Наурыз күнінде немесе айында туғандарды халық бақытты санаған. Сондай себеппен оларға Наурыз есімін беретін болған. Мысалы: қазақ халқында Наурызбай Құтпанбайұлы (1706-1781), Наурызбай Қасымұлы (1822-1847) атты әйгілі батырлар болған. Алтын Ордада Наурыз есімді хан (1359-1360) болғаны тарихтан белгілі. Наурызгүл, Наурызбек, Наурызәлі деген адам аттары да жиі кездеседі.
Әз. Халық ұғымы мен сенімі бойынша наурыздың алғашқы үш күні ішінде жер-көкті жарып ерекше бір гуіл (дыбыс) өтеді. Оны жан-жануарлар ішінде жұмақтан шыққан қой ғана және қой арқылы қойшы ғана сезеді дейді білетіндер. Сол күні барлық табиғат, жаратылыс, тіршілік, өсімдік, адам бойына ерекше сезім, қуат, қасиет бітеді. Бұл күндері тырнақ, шаш алса, халық әлгіндей асыл қасиеттер қиылып кетіп адам сал ауруға ұшырайды деп ырымдаған.

Нұргүл ОҚАШЕВА,  “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp