Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күнін мерекелеу шеңберінде Көкшетау техникалық институтында «Ашық есік күні» өтті. Оған СҚО ТЖ департаменті мен өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі мекемесінің аға инспекторлары Бахтияр Қайнетов пен Ерболат Азазов қатысты.
Аталмыш іс-шарада Солтүстік Қазақстан облысының техникалық оқу орындарының студенттері мен олардың ата-аналары болды. Олар институт өмірімен жақынырақ танысып, техникалық қару-жарақтар мен құтқару құралдарының көрмесін тамашалады. Сондай-ақ, оқуға түсер алдында өтетін сынақтар және жатақханада тұру мүмкіндігі жайында сұрақтарына жауап алды. Қатысушыларға кітап көрмесі мен оқу зертханалық корпусын тамашалауға, профессорлық-оқытушылық құраммен танысуға мүмкіндік берілді. Ал институт курсанттары болса, жиналғандарға арнап жауынгерлік қанат жаю, зардап шегушіні биік ғимараттан эвакуациялау және өзін-өзі құтқару секілді бірнеше жауынгерлік элементтерді көрсетті.