«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАТАЛЫҒА БАҚ ҚОНАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамында жасалатын жоралғылардың бірі – бата беру дәстүрі. Бата – халқымыздың танымында ақ тілеудің белгісі ретінде кез келген жерде, кез келген орында айтыла бермейтін қасиетті сөз. Ең жақсы батаны жұрт “ақ бата” деп қастерлеп, үнемі жадында сақтап, жаттап жүретін болған. Батаның маңызы онда айтылған ақ тілектердің түгелі дерлік орындалып кетуінде емес, сөздің киесіне жан жүрегімен иланатын халқымыздың берік сенімінде жатқаны анық.

Еліміздің ел болып қалыптасуына, төл мәдениетіміздің төрге озып, дамуына атсалысқан қазақтың маңдайына біткен бірегей тұлғаларының көпшілігінің аузы дуалы, тілі шешен, пікірі пайымды, парасатты кісіден, ақсақалдан, елге сыйлы, құрметті жаннан бата сұрап барғанын тарихтан жақсы білеміз. Мысалға, әйгілі Сырым батыр бозбала шағында батасын алайын деп Бөкей биге барған. Төле би жас кезінде Әнет бабадан бата алған. Кейін өзі кемелденіп, тоқсанның төріне шыққанда Төле бидің үйінің де жастардан құрғамайтынын, алдына ақ тілек сұрап келгендерге “Қолдарыңды жайыңдар, сұрасаң бата берейін!” деп еш тартынбастан тілек арнағандығын да жақсы білеміз. Бата алған сол жас балалардың да болашақта жаман болмағаны, дүйім жұртты аузына қаратқан айтулы азаматқа айналып, жолдары ашық, күндері жарқын болатындығы да өткен тарихтан бізге жеткен ақиқат. Осындай, бүгінге үлгі болатындай мысалдардың бірін айтайық.
От ауызды, орақ тілді шешен Жанқұтты Ботантайұлы он жеті жасында әкесінің айтуымен Сары елінің беделді биі Шабанбайға бата сұрап барады. Жанқұттының жасын сұрап білгеннен кейін:
– Шырағым, дүниеде не адал, әлемде не мықты? – дейді.
Сонда Жанқұтты:
– Адал болсаң, судай бол,
Су арамды кетіреді.
Мықты болсаң, жердей бол,
Жер жаһанды көтереді, – деген екен. Жауабына риза болған Шабанбай би бала Жанқұттыны бірнеше күн қонақ етіп, кетерінде:
Аллаңа жағам десең, азанды бол,
Ағайынға жағам десең, қазанды бол,
Халқыңа жағам десең, әділ бол.
Судай таза бол,
Жердей берік бол,
Өмірің ұзақ болсын,
Сөзің халқыңа куат болсын! – деп батасын беріп, аттандырған екен. Шабанбай бидің батасын алған Жанқұттының да атақты шешенге айналуының астарында осы бір ұлағаттың қасиеті жатыр ма деп қаласың?!
Мен бата туралы әңгімені тегіннен-тегін қозғап отырған жоқпын. Қазақтың таным-түсінігімен, тіршілігімен біте қайнасқан бұл дәстүр соңғы уақытта өзінің маңызын жоғалтып барады. Оны ел арасында насихаттау, батаның киесіне сенетін, сөзі дуалы ақсақалдардан бата алуға құмар жастардың шоғырын тәрбиелеу – біз сияқты аға буынға міндет. Ақыл айтар жасқа келгенде бабаларымыздан қалған осынау қасиетті сөздің қадірін арттыруға ден қойып отырмын. Жуырда “Батаменен ел көгерер” деген атаумен Атырау қаласында өткен республикалық байқауға қатысып, өңіріміздің намысын қорғап келгенімді айтқым келеді. Бұл игі шараны “Ардагерлер ұйымы” республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Сайыстың талаптарына сәйкес оған жасы алпыстан асқан он жеті ақсақал қатысып, бақтарын сынады. Үміткерлер өздері намысын арқалап келген өңірлерден шыққан шешендердің, аузы дуалы билердің баталарын жатқа, нақышына келтіріп айтудан сынға түсті.
Біздің өңірімізде де көпке сөз айтқан ардақты тұлғалар аз болмаған. Солардың ішінде Қожаберген жырау мен Сегіз серінің баталы сөздері заманалар өтсе де, уақыт шаңына жұтылмай, бүгінге аман жетіп отыр. Олардың көбін қазіргі ұрпақ біле бермейді. Мен жиналғандар назарына атақты бабаларымыздың баталарын ұсындым.
“Бақ дәулет бұл балаға бірдей қонсын,
Ақыл менен білімге басы толсын.
Халқыңның тіршілікте қамқоры бол,
Көсем бол, ғұмыр жасың ұзақ болсын”, – деп өрілетін Сегіз серінің Ыбырайға берген батасын, сонымен қатар Қожаберген жыраудың келіндерге айтқан өсиет сөздерін жеткіздім.
Атырау аймағы Бекет баба мәңгілік жайғасқан, небір жақсылар мен жайсаңдар шыққан киелі мекен ғой. Ол жақтағы ақсақалдардың да өнеріне тамсандық, жандарынан суырып пәтуалы сөз айта білетін аға буынның бұл әрекеттерінен үлгі алдық. Шараның қорытындысында ақсақалдардың барлығына құрмет-қошемет көрсетілді. Атырау облысының әкімі мен “Ардагерлер ұйымы” бірлестігі төрағасының қолдары қойылған Алғыс хатпен марапатталуым да көңіліме қуаныш сыйлады.
Қазақ атамыздың танымында “Батаменен ел көгереді, жаңбырменен жер көгереді”, “Баталы ұл арымас, батасыз ұл жарымас”, “Азасыз бата – мазасыз”, “Алғыс алған жігіттің аты бәйгеден келеді”, “Алтын алма, алғыс ал: алтын деген – жер сыйы, алғыс деген – ел сыйы”, “Бата бұзған барқадыр қалады”, “Баталы құлға бақ қонар”, “Бедеу мінсең бел аласың, алғыс алсаң көп жасайсың”, “Бота алғанша – бата ал” деген ғақлиялы ұғымдар берік сақталған. Осыған өсіп келе жатқан жас ұрпақты ұйыту – біздің басты міндетіміз.

Амангелді КЕНЖЕҒОЗИНОВ, еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp