«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘУЕЛІ БӘЙТЕРЕК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ел үшін еңбек етіп, саналы ғұмырын ұрпаққа үлгі болатын игі іске арнаған адамдар әрқашан алғысқа бөленіп, бедел биігінен көрінеді. Сондай жанның бірі – Нұрымжан Сайдалыұлы. Бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан тыл еңбеккері әулетінің ажарын келтірген зайыбы Шәмшімәну Абашқызымен бірге бақытты қарттықты бастан кешуде.

“Отан – отбасынан басталады” демекші, тамырын тереңге жайып, ұрпағымен мәуелі бәйтеректей жайқалған Нұрымжан ақсақал мен Шәмшімәну апаның әулеті – береке мен бірліктің ұйытқысына айналған шаңырақ. Бүгінде ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырған қос бәйтерек бала-шағасының қызығына көзайым.
Нұрымжан Сайдалыұлы Шал ақын ауданындағы Кеңес ауылында дүниеге келген. Алыста қалған жастық шақтың жалынды күндері тың игеру жылдарына тұспа-тұс келеді. Сұм соғыстан кейінгі жылдардың ауыртпалығы да жадында.
– Балалық шағым ел басына күн туған қиын кезеңде өтті. Соғыс кезінде таңның атысы, күннің батысы үлкендермен бірге қырда еңбек еттік. Масақ теріп, беліміз бүгілген өмірдің ең қиын кезеңін ұмытқан емеспін. Ата-анам сырқат болғандықтан, барлық ауыртпалық үйдегі балаларға түсті. Сондықтан білім қууға мұршам болмады. Оның үстіне үйдің тірегі болған үлкен ағам Рақымжан қан майданда ажал құшты, – дейді өмір жолы еңбекпен өрілген ақсақал. Әулеттің берік қорғаны, панасы болып отырған ардақты жан ұрпақтарына ылайым бірлікті, елдікті сақтаудың мән-маңызы жайлы өсиетін айтып отырады. Шәмшімәну Абашқызымен бір шаңырақ астында 56 жыл тату-тәтті ғұмыр кешіп, алты ұл мен екі қыз өсірді. Құдай қосқан қосағымен өмірдің ыстығына күйіп, суығына тоңған кейуана да – еңбекпен шыныққан жан. Тағдыр тауқыметін тартса да, Шәмшімәну әженің күлімдеген көздерінен мейірім нұры кеткен жоқ.
– Біз 1963 жылы отау құрдық. Сол кезде жоқшылықты көп көрдік. Балаларды қатарынан кем қылмау үшін бәріне үлгеру керек болды. Ұжымшарда бұзау бағып, сауыншы болып еңбек еттім. Сол адал еңбектің арқасында жұбайым екеуміз біреуге алақан жайған жоқпыз. Құдайға шүкір, ұл-қызымыз өмірде өз орындарын тапты. Бүгінде әрқайсысы бір-бір шаңырақтың түтінін түтетуде, – деген кейуана 21 немере мен екі шөберенің қызығына бөленген уақытты өмірінің сәулелі бағына теңеді. Еңселі үйдің ішін думанға толтырып, сәбидің шат күлкісі тыйылмаған шаңырақтың қос шынары бақытты қарттыққа дән риза.
Он жеті жасында Кеңес ауылына келін болып түскен кезден бастап ақжаулық иесінің ағайын-туыспен, абысын-ажынмен сыйластығы жарасты. Үйінен әрқашан қонақ арылмаған әжейдің дастарқанынан құт қашқан жоқ. Отбасы құндылығын сақтап, айналасындағы адамдарды бірлікке ұйыстырған әзиз ана келіндерге сөзімен ғана емес, ісімен үлгі-өнеге көрсетуде. Отбасының берекесін арттырып, құрақкөрпе құрап, тігін тігуді енесінен үйренген келіндер де осындай әулеттің босағасын аттағанын мақтаныш етеді. Батыр ананың үлгі-өнегесін көрген әулеттің келіндері де салмақты.
– Ұлттық құндылықтарды берік ұстанған отбасына келін болғаныма қуанамын. Ата-енем – алтын адамдар. Абысындарыммен жақын құрбыдай жақсы араласамыз, – деген Сайдалиндер әулетінің келіні, көпбалалы ана Сәуле Шәймерденқызы барлық мерекеде қарашаңыраққа жиналып, үлкен қуанышқа кенелетіндерін айтты.
Әкенің мейірімі мен қамқорлығын, ананың махаббаты мен жан жылуын сезінген ұл-қыздың әр салада табысты еңбек етіп жатқанын да мақтанышпен айтып өткен жөн. Ұрпағын адал еңбекке тәрбиелеген олар немерелерінің бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіруде. Өйткені, істің байыбына бармай байбалам салмайтын, біреуді ғайбаттап артық сөз айтпайтын қос бәйтерек ұрпағының салиқалы да сабырлы, ақылды болғанын қалайды.
“Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп” демекші, бірлігі мен тірлігі жарасқан осындай отбасыларды көргенде көз қуанады. Сыйластықтың жібі үзілмеген шаңырақта үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіліп, дәстүрдің дәріптелуі қандай ғажап. Өткен-кеткенді еске алып, балаларына өсиет айтқан қарттардан өнеге алған ұрпақ неткен бақытты еді! “Қарты бар үй – қазыналы” демекші, отбасында салт-дәстүрге баса мән берілетінін де айтып өткен жөн. Баланы бесікке салу, тұсау кесу, беташар, сүндет той, шілдехана сияқты қуаныштар да аталып өтіледі. Жөн-жоралғылардың орындалуын қазыналы қария өзі қадағалап отырады.
Бастарын қырау, жүздерін әжім торласа да, аталы сөзден, айтар ақылдан жаңылмаған қос шынардың шаңырағында ата-баба дәстүрімен Наурыз мейрамы да сән-салтанатымен тойланатынын тілге тиек еткен жөн. Өйткені, қардың көбесі сөгіліп, Жер-Ана бусанып, пенденің аузы аққа кенелген шақты олар тағатсыздана күтеді. “Береке” шағын-ауданында тұратын осындай берекелі әулеттің Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы арқа-жарқа қуанышын айтып жеткізу мүмкін емес. Шуақты көктеммен жадырап, ағайын-туыспен қауышқан үлкен отбасы мерекеде дастарқан басына жиналады. Ынтымақ пен берекенің, мейірім мен ізгіліктің шуағы шашылған мейрамда қарашаңырақ шаттыққа кенеледі.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp