Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті өкілеттігін тоқтату туралы шешімі ешкімді бейжай қалдырған жоқ. Күтпеген хабарды қимастық сезіммен тыңдадым. Миллиондаған қазақстандықтар дәл осындай күйде деп ойлаймын. Бүгіндері Қазақстан мен Нұрсұлтан Назарбаев есімі санамызда егіз ұғымдай қалыптасып, бірлік пен тыныштықтың, береке мен дамудың символына айналды десек артық айтқандық емес.
Барша жұрт жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын Тәуелсіз мемлекеттің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты білікті саясаткер ретінде жақсы таниды. Тәуелсіздік алған жылдары кемеңгер басшы, болашақты болжай алатын саясаткер жас мемлекеттің тізгінін ұстады. Қысқа мерзім ішінде Қазақстанды әлемдік қауымдастықтың қарқынды дамып келе жатқан теңқұқылы мүшесіне айналдыра білді. Қиын кезде ел болашағы үшін жауапкершілікті мойнына алған Нұрсұлтан Назарбаев азаматтық қоғамның, ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің моделін құрып, бейбітшілікке бастайтын бастамалар көтерді. Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі айқын жетістік болды.
Елбасымыздың бұл шешіміне түсіністікпен қарауымыз қажет. Ол Қауіпсіздік кеңесінің, “Nur Otan” партиясының төрағасы, Конституциялық кеңестің мүшесі ретінде елдің дамуына атсалысатын болады. Нұрсұлтан Әбішұлы қазақстандықтармен бірге еліміздің дамып, өркендеуіне әлі де үлес қосатынына кәміл сенемін. Елбасының өмірлік тәжірибесі, халықаралық абыройы мен шынайы патриоттық ұстанымы Қазақстанға, бүкіл қазақстандықтарға ауадай қажет.
Тұңғыш Президентіміз салған сара жолмен жүріп, бейбіт елдің берекесін қашырмау барлығымыздың ортақ парызымыз деп білемін.
Ерғали ЖҰМАҒҰЛОВ, “Петропавл мұнай базасы” ЖШС-нің директоры.