“Әз болмай, мәз болмайды” демекші Ұлыстың ұлы күні – Жер-Ананың тоң кеудесі жібіп, адамдар ерекше жылылық сезіміне бөленетін мейрам. Ұлттық құндылықтар да дәл осы кезде барынша ұлықталады. Ал қолөнер шеберлері жасаған заттарын кең алаңға алып шығып, сауданың көрігі қызады. Биыл Петропавл қаласының тұрғыны Сәния Әлкенова да әз-Наурызға атсалысып, қолдан тіккен ұлттық бұйымдарын жұртшылыққа ұсынбақ.
“Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” деп халық қалт айтпаған ғой. Сәния Әлкенова кішкентайынан әжесінің бауырында өсіп, одан тігіншілікті меңгеріпті. Атап айтқанда, түрлі матаның қиындыларынан құрақ көрпе, жастық, қоржын тігуді үйренген.
– Мен университет қабырғасында оқып жүргенде сүйікті ісімнен сәл алшақтап қалдым, ине-жіпті қолыма сирек алатынмын. Жатақханада киім-кешектің түймесін қадап, бүтіндесем де, көрпе-жастық тігіп отыруға оқудан қолым босамады. Ісмерлікпен өткен жылдан бастап, яғни тұрмысқа шыққалы қайта айналысып жүрмін, – дейді Сәния Әлкенова.
Бүгіндері әжесінің жолын жалғаған нәзік жан көрпе-жастықпен қатар ұлттық киім тігіп, қыз жасауын әзірлейді. Тауарын әлеуметтік желілердің көмегімен саудалайтын ол сұраныстың жоғары екенін айтты.
– Қыз ұзатып, келін түсіріп жатқан отбасылар көрпе-жастық, қоржын, қалта сияқты дүниелерге тапсырыс береді. Бала күтімімен үйде отырған соң ине-жіп ұстауға уақыт та жеткілікті. Сол себепті, бала кезімнен әжеме қолғабыс ете жүріп үйренгенімді қолға алайын деген ой келді. Құдайға шүкір, қазір бұл қосымша табыс көзіне айналды. Тұтынушыларым риза болып жатады. Бір-екі бойжеткенге бар білгенімді үйретіп те жүрмін. Қазір тіге білсең, қажетті материалдарды жергілікті базарлардан еш қиындықсыз таба аласың. Әз-Наурызда жасаған бұйымдарымды көпшіліктің назарына ұсынсам деймін. Ою-өрнектермен көмкерілген көрпе-жастықтарым жылдам сатылады деген сенімдемін. Өйткені, қазір тұрғындар тарапынан ұлттық дүниелерге сұраныс артқан, – дейді нәзік жан.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.