«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЫРЫСЫМЫЗ ОРТАЙМАСЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Күн мен Түннің теңеліп, әз-Наурыздың табалдырықты аттайтын сәті туды. Жыл құсындай сағынысып көрісетін бұл мерекені бала кезімде кіндік қаным тамған жер – Жамбыл ауданына қарасты Айымжан ауылында мәре-сәре болып, ыстық ықыласпен ерекше тойлайтын едік. Еліміздің басты мейрамы бүгінде шетелде тұрып жатқан мен үшін ерекше ыстық. Жұбайымның қызметіне байланысты Ұлыстың ұлы күнін осымен алтыншы рет шетелде тойлағалы отырмыз.

Осыдан бірнеше жыл бұрын ұлтымыздың басты мейрамын отбасыммен Чехияның астанасы – Прага қаласында тойласақ, шалғайда жүрсе де, жүрегі туған жер деп елжірей соғатын қандастарымыздың басын қосатын басты мереке – әз-Наурыз екеніне Берлинде де көзіміз жетті. Германияда тұрып жатқан қазақтар ұлттық мейрамдардың ешбірін қалт жібермейді екен. Олар шетте жүрсе де, ұлтымыздың мәдениетін сақтап, халқымыздың әдет-ғұрыптарын бір сәтке де ұмытқан емес. Әсіресе, шоқтығы биік Ұлыстың ұлы күнін ыстық ықыласпен атап өтеді.
Әз-Наурызға орай мерекелік шаралар Германияның түкпір-түкпірінде ұйымдастырылады. Наурыздың 22-сі күні Қазақстанның елшілігіндегі қыз-келіншектер наурызкөже әзірлеп, бауырсақ пісіріп, басқа да ұлттық тағамдар дайындаймыз. Дастарқан басына жиналған қазақтар бірін-бірі және арнайы шақырылған қонақтарды ұлтымыздың басты мейрамымен құттықтап, арқа-жарқа болып жатады. Ал 23-наурыз күні ортақ мейрамды Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, басқа да Орта Азия елдерінің өкілдері ерекше құрметпен атап өтеді. Олар ұлттық тағамдарын әзірлеп, төл дәстүрін айшықтайтын көрме ұйымдастырып, ән-биін көпшілік назарына ұсынады. Өзге ұлттың салт-дәстүрімен танысқың келсе, олардың ең қадірлі мейманы боласың. Қазақтың ақ дастарқанындағы астан дәм татқан тілі ұқсас, тілегі бір, бірлігі бекем бауырлас халықтар да ақжарма тілектерін айтып, ағынан жарылады. Шетелде жүрсек де, басымызды біріктіріп, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге мүмкіндік беретін Наурыз мейрамының құдіреті де осында шығар.


Айғаным КАСЕНОВА.
Германия.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp