Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөніндегі шешімі бәріміз үшін де күтпеген жағдай болды. Мен де қатты толқыдым. Сол сәтте көңілімдегі қимастық сезімнің дарияның асау толқынындай тулағанын да несіне жасырайын. Ел тізгінін нық ұстап отырған, Қазақ елін әлемге танытқан тарлан тұлғаның мұндай шешімге бір күнде келмегені анық. Өйткені, Нұрсұлтан Әбішұлы – әу бастан ел тағдырын мойнына алған, бар ғұмырын халқына арнаған арда азамат, қажымас қайрат иесі, кемеңгер басшы.
Ол кісінің тәуелсіз Қазақстанның дамуына, еліміздің бүгінгі биікке көтерілуіне қосқан үлесінің өлшеусіз екені тек отандастарымызға ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығына жақсы мәлім.
Біз Елбасымызбен бірге “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” кеңестік заманды да көрдік, нарықтың дауылын да бастан кештік. Сол одақ аяқастынан ыдырап, кеңестік құндылықтар далада қалған, баршаны қайтып ел боламыз, қайтып күн көреміз деген сауалдар мазалаған кездер де ұмытыла қойған жоқ. Дүние бір-ақ күнде астаң-кестең болды. Жарты әлемге әмірін жүргізіп, қойдай жусатып, өргізген кеңестік билік келмеске кетті. Бір шаңырақтың астында түтін түтетіп келген республикалар бірінен соң бірі егемендік алып жатты. Біз де жаңа заманның есігін аштық. Имене аштық. Сол кездері көңілде үміттен күдіктің басымырақ болғаны шындық. Бұл адамдардың әлеуметтік күйзелісі мен бейжайлығы, психологиялық шиеленісі тәрізді әлеуметтік дерттердің сынағына түскен күрделі кезең еді. Президенттің өзі “Қазақстан жолы” деп аталатын еңбегінде: “Біз “талмау күйдің” өліара жағдайы соншалықты тұрақсыз және екіжақты болатынын, кез келген кешігу мен теріс шешім қабылдаудың зардабы “өліммен аяқталатынын” түсіндік”, – деп жазды.
Нұрсұлтан Әбішұлы туралы “Жасампаз” деп аталатын жинақ құрастыруды қолға алып, оны дайындау барысында ол кісіні жақсы білетін, қызметтес болған, есімдері елімізге кең танымал азаматтармен сұхбат құрғаным бар. Солардың бірі – абыз ақсақал марқұм Бәйкен Әшімов Қызылжарға келген бір сапарында еліміз аумалы-төкпелі заманда оны адастырмай алып келе жатқан Елбасы туралы елжірей сөз сабақтағаны есімде. “Қазақстан жерінің қойны-қонышы толған қазына десек те, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сол байлық пайдасыз болып қалды. Мен экономика мәселелерімен көп айналысқан адаммын. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлы ел басшылығына келгенде оның қолына қандай мұра тигенін жақсы білемін. Ондаған жылдар бойы қалыптасқан экономикалық байланыстардың аяқастынан үзілуі біздің елімізді қиын жағдайға душар етті. Бәрін тақыр жерден бастауға тура келді”, – деген еді ол.
Бағымызға қарай Елбасы сол бір сын сағатта жүргізіліп жатқан түбірлі өзгерістердің мәнін ой елегінен өткізіп, одан кейінгі даму үрдістерін алдын ала көре білді, ондаған миллион адамдардың мүддесіне сай келетін тиімді қайта құру стратегиясын ұсынды, оны неғұрлым қысқа мерзімде жүзеге асырудың жолдарын көрсетіп берді.
Ол экономикалық күйзелістердің шытырман бұғауына іліккен, тығырыққа тірелген елді үйіп-төгіп уәде беріп жұбатқан жоқ, алда бұдан да тосын жайлар күтіп тұрғанын ескертіп, халықтың жігерін жанып, қайрай түсуді, қолда бар күштерді ширықтыруды ойлады. “Ескінің соңы – әрқашан жаңа бір дүниенің бастауы. Біз ел боламыз десек, даму туралы, алға басу туралы әңгіме қозғауымыз керек”, – деп сол бір мазасыз шақтарда ат үстінен түспей өңірлерді аралады, күн-түн демей, халықпен кездесті, оларға қалыптасып отырған жағдайды түсіндірді, қиындықтарды жеңу жолдарын ұсынды. Қазақ радиосына (мен ол кезде Қазақ радиосының Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі едім) сұхбат беріп: “Тәуелсіз ел болдық, бабаларымыздың сан ғасырлық арманы жүзеге асты деп жүрегіміз жарыла қуанып жатырмыз. Мұның өзі бүгінгі ұрпаққа – біздерге зор жауапкершілік жүктейді. Әлемнің бірде-бір елі қалыптасу кезеңінде дағдарыс құбылыстарын орап өте алмаған. Мұның алдымен экономикаға қатысы бар. Мен Қызылжардың ірі өндіріс орындарында, шаруашылықтарында болдым, осы салалармен біте қайнасып келе жатқан басшылармен, мамандармен әңгімелестім. Нарықтың салқыны байқалады. Ал алдағы уақытта ол одан әрі тереңдей түседі, дағдарысқа ұласуы ғажап емес. Сондықтан халыққа айтарым, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып іске жұмылайық, қиындықтарға бірге қарсы тұрайық. Жоспарлы-әкімшілік экономика, одақтық өндірістік тізбектер мен экономикалық байланыстар үзілген жағдайда бізге өз жолымызды іздеуге тура келеді. Бұл кезең – еліміз үшін, халқымыз үшін үлкен сын”, – деген болатын.
Сүйініштісі сол, тарих сынынан сүрінбей өттік. Күні кеше ғана тәуелсіздіктің тәуекелге толы жолын таңдап, нарыққа енгенде жұртпен бірге етекте тұрсақ, бүгін, міне, еңсеміз тіктеліп, дамыған елдердің өздерімен иық тірестіре алатын деңгейге көтерілдік. Осының бәрі – Қазақстан деген алып елдің тізгінін нық ұстап, халқын асқаралы асуларға бастай білген дара тұлға Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы, ол жүргізген сан қырлы сындарлы саясаттың жемісі. Менің қойын кітапшама әр кездері түскен әлем қайраткерлерінің пікірлері де осыны дәттейді. Ресейдің қазіргі басшысы Владимир Путин: “Атқарылған істің бәрі көзге көрінбейді, жеңіл жасалғандай болуы мүмкін. Алайда, бәрін басынан бастап, Қазақстанды бүгінгідей даму деңгейіне жеткізудің орасан зор міндетін орындау оңай жұмыс еместігі анық. Ал Назарбаев болса бұл міндетті тамаша атқаруда”, – депті.
Иә, ол елімізді неше түрлі тығырықтардан аман алып шықты. Елбасымен бірге зымырап өте шыққан отыз жылдың кейбір сәттерін жадымда жаңғырта отырып, қазақ халқына осындай алып ұл, адал перзент сыйлаған Аллаға мың да бір алғыс білдірдім. Елбасының ерлігі мен өрлігіне де қатты сүйсіндім.
Елбасымыз осы шешімімен өзінің ұлттық қана емес, әлемдік деңгейдегі тұлға екенін, адамзаттық құндылықтарға, әлемдік демократиялық үрдіске, ұлттық мүддеге адалдығын дәлелдеп отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы Ата Заңымыздың талабын бұзбай, билікті Сенат Төрағасына берді. Бұл да өте дұрыс шешім, оның көрегендігінің айшықты бір белгісі. Өз елінің, халқының болашағын ойлаған басшы ғана осындай қадамға бара алады деп ойлаймын. Сол үшін де біз дана да дара басшымызға ризашылық білдіреміз, жүректен шыққан жылы сөзімізді арнаймыз.
Еліміздің жарқын болашағы үшін, бейбіт аспаны мен берекелі бірлігі үшін мың алғыс Сізге, Елбасы! Жасай беріңіз!
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, жазушы, ІV-ші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.