Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Алқалы жиынға комиссия мүшелері, басқарма басшылары және тікелей байланыс режімінде аудан әкімдері қатысты.
“Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры Қымбат Мерғалимова атап өткендей, биыл қар өткен жылдарға қарағанда екі есе қалың түскен. Егер былтыр қар жамылғысының қалыңдығы 6-29 сантиметр болса, үстіміздегі жылы 8-34 сантиметрді құраған. Бұл қалыпты мөлшерден көп. Алдын ала болжам бойынша наурыз айының соңы жауын-шашынды болады деп күтілуде. Сондай-ақ, алдағы екі аптаның ішінде ауа райы жылып, күндіз температура кей жерлерде 20 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Соның салдарынан қар күрт еріп, өзен-көлдердегі су деңгейі көтеріледі деген болжам бар. Әзірге Есіл өзені мен оның салаларындағы судың деңгейі тәулігіне 1-2 сантиметрге көтерілуде. Мамандар су деңгейінің көтерілуі Сергеевка су қоймасында сәуір айының ортасында, ал Петропавл қаласында мамыр айының басында байқалатынын айтуда. Бүгінгі таңда Сергеевка су қоймасы 93 пайызға толған.
Көктемгі су тасқынына дайындық барысын баяндаған облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Рамиль Камалов құтқарушылар көктемгі қарбаласқа сақадай сай екенін айтты.
– Су тасқынының алдын алу мақсатында жедел әрекет ету жасағы құрылды. Оның құрамында 1400 адам бар және су тасқынына 730 арнайы техника, 353 сорғы құралы дайын. Сондай-ақ, 18 мың тонна инертті материал мен 35 мың құм салынған қап, 130 тонна жанармай қоры дайындалды. Қазіргі уақытта елді мекендерден 786 мың текше метр қар шығарылды. Дегенмен, бұл жұмыс Уәлиханов, Айыртау, Мағжан Жұмабаев, Жамбыл, Аққайың және Тимирязев аудандарында сылбыр жүргізілуде. Петропавл қаласы мен аудан орталықтары қардан тазартылып жатқанымен, кей елді мекендерде бұл шаралар әлі күнге дейін қолға алынбаған. Облыста тасқын судан зардап шегуі мүмкін 87 елді мекеннің маңайындағы 433 шақырым алқап қардан тазартылды. Ал Шал ақын, Қызылжар, Тимирязев және Мағжан Жұмабаев аудандарында бұл бағыттағы жұмыстардың қарқыны баяу, – деді Рамиль Фаткулович.
Бүгінге дейін облыстың автожолдарындағы 1826 су өткізгіш құбыр қардан тазартылған. Алайда, 2,5 мыңнан астам ауылішілік су өткізгіш құбыр тиісті деңгейде тазаланбай отыр. Бұл ретте, әсіресе, Аққайың және Мағжан Жұмабаев аудандарында жұмыс сылбыр ұйымдастырылуда. Сонымен қатар каналдар мен арықтарды тазалау жұмысы да сын көтермейді. Аудандарда инженерлік техникалардың тапшылығы анық сезілуде. Мәселен, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев және Уәлиханов аудандарында бір ғана экскаватор болса, Тимирязев ауданында мұндай техника мүлдем жоқ. Соңғы аталған екі ауданда бульдозер де қарастырылмаған екен. Сондай-ақ, кейбір аудандарда қатқан топырақты кесетін құрылғысы бар тракторлардың жоқ екенін де айта кеткен жөн.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл тығырықтан шығу үшін елді мекендердегі ауыл шаруашылығы құрылымдары және облыс орталығындағы құрылыс компаниялары өзара түсіністікпен жұмыс істеуі керектігін атап айтты.
Алдағы уақытта Есіл өзені мен еріген қар сулары облыс аумағындағы республикалық маңызы бар автожолдардың 109 учаскесіне қауіп төндіруі мүмкін. Бұл туралы жиында “ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Болатбек Айтбаев айтты. Төтенше жағдайларға облыстық филиалдың 200 қызметкері мен 87 техникасы тастүйін дайын. Қазіргі таңда республикалық маңызы бар жолдарда 330 су өткізгіш құбыр тазаланған. Бұл – барлық құбырлардың 64 пайызы. Ал облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Балахонцевтің айтуынша, көктемгі су тасқыны облыстық және аудандық маңыздағы автожолдардың 179 учаскесіне қауіп төндіруде. Айтып келмейтін апаттың алдын алу үшін “Петропавл жолдары”, “Ленинград жолдары” және “МГА-Дорстрой” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қажетті шараларды жүргізуде.
Отырыста су басу қаупі бар аудандардың әкімдері де дайындықтары жөнінде есеп берді. Мәселен, Жамбыл ауданының әкімі Мұратбек Әбішев төрт елді мекеннің бақылауға алынғанын жеткізді. Бұл ауылдарда 8 тұрғын үйге қызыл су кіруі мүмкін. Жауапты қызмет төтенше оқиға орын алған жағдайда тұрғындарға көмекке келуге дайын.
Жиын барысында Құмар Ақсақалов соңғы күндері шаһар тұрғындарынан шағымдар жиі түсіп жатқанын жеткізді.
– Жұмысшы кентінің, Ойқала, “Береке” шағынаудандарының тұрғындары судың сорылмай жатқанын айтып, шағымдануда. Осы орайда жұмысты күшейтуді тапсырамын. Біз келіп түскен әрбір өтінішті ескерусіз қалдырмауымыз керек. Жалпы, мұндай жұмыстар барлық елді мекендерде жүргізілуі тиіс, – деді Құмар Іргебайұлы.
Отырыс соңында облыс әкімі басқарма басшыларына көктемгі су тасқыны орын алған жағдайда тұрғындарды дәрі-дәрмекпен және азық-түлікпен қамтамасыз етуді назарда ұстап, мал шығынының алдын алуды тапсырды.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.