«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТАҚОНЫС АУЫЛЫН АРДАҚТАҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазіргі Жамбыл ауданындағы Қарақамыс ауылының тумасы, өңірімізге танымал журналист Амандық Жантеміровті телестудияда еңбек еткен кезден бері білемін. Оған да жиырма жылдан астам уақыт өтіпті. Ол кезде Әбекең облыстық телеарнадағы басшылардың бірі болатын. Бірнеше жыл бір кабинетте отырып, еңбек еттік. Кейін өзі қызмет жолын бастаған “Soltústik Qazaqstan” газетіне қызметке кетерде әзілдеп: “Газетте саған орын әзірлей берейін”, – деген еді. Айтқаны келіп, тағы да сол қарашаңырақта бірге жұмыс істеудің сәті түсті.

Амандық Мырзахметұлын жасы үлкен ақылшы аға, көрген-түйгені мол қарымды журналист, орынды әзіл айта білетін азамат, ұзақ жылдар бойы жинаған мол тәжірибесін жастардан аяп қалмайтын әріптес ретінде бағалаймын. Сол сыйластық күні бүгінге дейін жалғасып келеді.
Әбекең – өзінің өмірбаянын, туған жеріне деген пәк сезімін, біртуар тұлғалармен кездескен естен кетпес сәттерін, тың және тыңайған жерлерді игеру кезіндегі елеулі оқиғаларды, ғасырлық тарихы бар қазіргі “Soltústik Qazaqstan” газетінің шұрайлы шежіресін жазып шыққан қаламгер.
Сонау шалғайдағы Қарақамыс ауылында дүниеге келіп, Озерный орта мектебінде тәлім-тәрбие алған, Жалтырша, Ақбалық мектептерінде ұстаздық еткен, бір жылдай кеңшарда комсомол ұйымының хатшысы болған Әбекеңнің кейінгі ғұмыры облыс орталығында өтуде.
Амандық ағамыздың өмір жолына көз салатын болсақ, сол кездегі “Ленин туы” газетіне әдеби қызметкер болып орналасқанына және көне шаһардың тұрғыны атанғанына 53 жыл болыпты. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің) журналистика факультетін бітірерде дипломдық жұмысын Қызылжар өңіріндегі бірден-бір қарашаңырақ – “Ленин туы” газетінің тарихы тақырыбында қорғаған екен. Кейін қаламгер ағамыз осы тақырыпты кеңейтіп, соны материалдармен толықтырып, “Soltústik Qazaqstan” газетінің 90 жылдық тарихын “Қызылжар өңірінің өшпес шежіресі” деген атпен жазып шықты. Оған Мәскеу, Новосібір, Омбы, Қызылжар қалаларындағы мұрағаттарда, С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада сақталған араб, латын, кирил әліпбиінде шыққан газеттерді кеңінен пайдаланды. Алғашында “Кедей сөзі”, “Бостандық туы”, “Кеңес ауылы”, “Ленин туы” аталып, бүгіндері “Soltústik Qazaqstan” болып жарық көріп келе жатқан басылымның әр жылдардағы басшылары, онда еңбек еткен бүкіл елімізге танымал ақын-жазушылар жайлы мол мағлұмат берілген. Бұқаралық ақпарат құралының бүгінгі тыныс-тіршілігі де, онда еңбек ететін қызметкерлер қауымы да ұмыт қалмаған. Осынау тынымсыз игілікті еңбекпен Әбекең “Қызылжар өңірінің қарашаңырағы” атанған басылымның кезекті мерейтойына тамаша сыйлық тарту етті, естен шығып бара жатқан тұлғаларды, облыс өміріне байланысты елеулі оқиғаларды, қазақша айтқанда, “тірілтті”, рухани санада жаңғыртты.
Бәріміз де ауылдан шықтық. Сонда өткен өмірді өзімізше сүйеміз, сағына еске аламыз. Біз сөз етіп отырған Амандық Мырзахметұлы да күні бүгінге дейін атақонысы болған Ақтомпақты, сол жерде туын тіккен Қарақамыс ауылын ешқашан естен шығарған емес. “Иірім-иірім болып өскен ормандар, дөңгелек-дөңгелек айдын көлдер, ұзыннан-ұзаққа созылып жатқан егістік алқаптар жылдың қай мезгілінде болмасын өзінің көріктілігімен көз тартады. Кең шалғынның жұпар иісі, шілдеде аспанға көтеріліп алып ән салған бозторғайдың үні, шегірткенің шырылы, көкектің әсем сазы, көлдегі әупілдектің кештен басталатын кербез дауысы ен даланың көркін одан сайын ажарландыра түседі. Ал оған дарқан даланы еңбек симфониясына бөлеген тракторлар мен автомашиналардың, комбайндардың ұлы сарынын қоссақ ше…”, – деп тебіренеді қарт журналист “Сәулетті де дәулетті ауыл” естелігінде (“Атақоныс – Ақтомпақ” жинағы, 2009 жыл).
Ауылын ардақ тұтқан азамат туған жеріне кіндігімен байланғандығын күні бүгінге дейін танытып жүр. Осыдан алты жыл бұрын Қарақамыс ауылының 85 жылдығын тойлауға, атақоныста аруақтарға арнап ас беру шараларын ұйымдастыруға мұрындық болған да – біз білетін Әбекең. Осы атаулы күнге дейін ауылдың ішкі жолдары тегістеліп, көшелері жарықтандырылды, ескі дүкен ғимараты мәдениет ошағына, бір үй намазханаға айналдырылды. Жергілікті тұрғындардың тарихы Амандық ағамыздың “Сағындырған ауылым” атты естелік кітабына арқау болды. Бұл игілікті іске Жантеміровтер әулеті, атап айтқанда, Әбекеңнің інісі Амантай, ағасының балалары Аяш пен Балғат, осы елді мекеннен түлеп ұшқан азаматтар бір кісідей үлес қосты.
Амандық Мырзахметұлы ауылының тыныс-тіршілігінен қалыс қалып көрген емес. “Nur Otan” партиясы облыстық филиалы төрағасының, облыс және аудан әкімдерінің қабылдауларында болып, Қарақамысқа дейінгі жолды қалпына келтіру, автобус қатынасын жолға қою мәселелерін сан мәрте көтерді. Бар мақсаты балалық махаббатына айналған әсем жер мен елдің санадан өшпеуіне, атақоныстың сақталып қалуына өзіндік үлес қосу болатын.
Әбекеңнің өзінің айтуына қарағанда, газетке мақала жазумен алтыншы сыныптан бастап әуестенген екен. Қостанай облыстық “Коммунизм жолы” (Қарақамыс ауылы бір кезде осы облысқа қараған), Пресногорьков аудандық “За коммунизм”, Преснов аудандық “Целинник” газеттерінің штаттан тыс тілшісі атанған. Мақалалары мен очерктері, естеліктері мен жолжазбалары республикалық “Социалистік Қазақстан” (қазіргі “Egemen Qazaqstan”), “Қазақ әдебиеті”, “Қазақстан мұғалімі”, “Қазақстан пионері”, “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас алаш”) газеттерінде, “Мәдениет және тұрмыс” журналында, бірнеше жинақтарда жарияланған.
Журналист ағамыздың “Атақоныс – Ақтомпақ” жинағындағы “Естен кетпес кездесулер” тарауынан сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің туған жерге келген сапарлары, сол кездері қасында болған белгілі тұлғалар – Қасым Қайсенов, Ғафу Қайырбеков, Сәбит Мұқановтың жары Мәриям апай жайлы жазылған естеліктері мен жолжазбалары шынайылығымен ерекшеленеді. Мысалы, “Танысу” атты естелігінде: “Мен не ақын, не жазушы емеспін, сондай билік басында болғаным жоқ. Сонда да тағдыр мені Ғабеңмен талай сапарлас, дәмдес болуға жазды. Оған мен қуанамын. Ол мен үшін мерей”, – деп ағынан жарылады.
Облыстағы басты газеттің тілшісі (кейін бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болды), теледидардың редакторы атану – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуынан хабардар болуға, елді мекендерде болып жатқан жаңалықтарды көзбен көруге, сол ауылдардың шежіресін құрыш қолдарымен жазып жатқан еңбек адамдарымен жақынырақ танысуға жол ашады. Бұл тұрғыда Әбекең – “қызу еңбек қайнаған” Қызылжар өңірін тікұшақпен де, автобуспен де, қызмет көлігімен де, жаяулап-жалпылап та түгелге жуық аралап, облыста атқарылып жатқан ауқымды істер мен шешімін күткен өзекті мәселелерді, туған жердің нар тұлғалы адамдарын, соғыс және еңбек ардагерлерін қарымды қаламына арқау еткен журналист.
Қазақстанның құрметті журналисі “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл”, “Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін” медальдарымен, Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің қола медалімен, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің “Мәдениет қайраткері” төсбелгісімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталған.
Көрген-түйгендерін, қолжазбаларын төрт кітапқа арқау еткен қарт журналист әлі де тұғырдан түсе қойған жоқ. Еңбек жолын бастаған бүгінгі “Soltústik Qazaqstan” газетіне естеліктер мен мақалалар жазып, бір ғасырлық тарихы бар басылыммен байланысын үзбей келеді. Қаламы қарымды Амандық Мырзахметұлының әлі де айтары, әлі де жазары мол екендігіне сенімім мол.

Нұрсайын ШӘРІП, журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp