«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДАҒЫ ДҮБІРЛІ ТОЙ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Береке мен молшылықтың бастауы саналған Ұлыстың ұлы күнін Уәлиханов ауданындағы Мырзағұл ауылының тұрғындары да ерекше атап өтті. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан тойдың төресінің өз деңгейінде ұйымдастырылуына еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін атсалысты десек, артық айтқанымыз болмас.

Күннің суықтығына қарамастан қазан толы ет асылып, наурызкөже дайындалды, ұлттық салт-дәстүрлеріміз салтанат құрып, төл мәдениетіміз төрге озды. Мерекелік шараға жиналғандар алдымен “Әжелер сөзі – тәрбие көзі” тақырыбында өткен сайысты тамашалады. Оған ауылымыздағы бес ақ жаулықты ана қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Сайыста көпті көрген жандар “Мен – әжемін, ұрпағын әлдилеген”, “Көтерейік көңілді ән-жырменен”, “Өнерлі саусақтар”, “Сыр сандық”, “Салт-дәстүрім – қазынам” атты кезеңдер тапсырмаларын орындап, өздерінің өмірден көрген-түйгендерін паш етті.
Әжелер сайысының мақсаты – қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу әрі көнекөз қариялардың өнегесін күнделікті өмірде пайдалану. Олар ұлттық тағамдардың құрамындағы ағзаға қажетті әрі пайдалы заттар туралы айтып өтті. Баланы бесікке салудың, қызға сырға салудың, сәбидің тұсауын кесудің дала заңымен тыныстаған халқымыздың ұлттық ерекшелігін көрсететінін жеткізді.
Біздің ата-бабаларымыздың жаз – жайлауға, қыс – қыстауға көшіп-қонып тірлік кешкені мәлім. Сондай кезде әлі буыны қатпаған нәрестені қолға ұстау ыңғайсыз болып, аналарымыз бесікке бөлеген. Бесікте жатқан баланың тазалығы, денесінің жайлы болуы, сыз дарымайтындығы ғажап емес пе? Сайыста бесіктің осындай қасиеті нақты көріністер арқылы айтылды.
Сайыс шарттарын орындап, сауалдарға мүдірмей жауап берген әжелер “Асыл әже”, “Оймақты әже”, “Мейірімді әже” сынды аталымдарда жеңіске жетіп, ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Содан кейін тұрғындар қыз бен жігіт айтысын тамашалады. Ләйла Атымтайқызы, Сұңғат Талғатұлы, Олжас Тоқтасұлы есімді өнерпаздардың өнерлері жұртты сүйсінтті.


Сәуле МАХАНБЕТОВА, Жамбыл орта мектебінің мұғалімі.
Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp