«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АҚМЕШІТ” ҮҢГІРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шымкент қаласынан 80 шақырым жерде Қаратаудың етегіндегі “Ақмешіт” үңгіріне жол тарттық. Оңтүстіктің аптап ыстығына қарамастан көлік ішіндегі желдеткіш ауаны қоңыр салқын етіп тұр. Жолбастаушымыз сөзге шешен болып шықты, тақтайдай тегіс жолмен көлігін зымыратып келе жатып біраз әңгіменің басын қайырды. Жол бойы орналасқан ауылдар, нысандар жайын сөз еткен ол біз баратын “Ақмешіт” үңгірінің тарихына ауысты.

– Есіркеп Қойкелді батыр қалмаққа қарсы қол жинап, он мыңнан астам сарбазымен жауға қарсы шығуға дайындалып жатқан кезде нөсер жаңбыр жауып кетеді. Селдетіп жауған жаңбыр астында таңғы намазды оқу мүмкін емес, сол маңдағы үңгірге түсіп, бәрі қатарласа тұрып сәждеге жығылады. Мынау бір керемет жер екен деп таңданысады. Сарбаздардың бірі батырға бұл жерді ұзақ есте қалдыру үшін бұдан былай үңгірді “Есіркеп” немесе “Қойкелді” деп атайық деген ұсынысын білдіреді, – деп бастады әңгімесін Болат. Бұл ұсынысқа қарсылық білдірген батыр, қасиетті үңгірдің киесі барлығын, оған лайық болмасақ бұл атауды кешіре алмас, ең қиыны сол болар, дейді. Жарықтық Қаратаудың қасиет дарыған етегі ғой. Батыр да ойға беріле тұрып сөз бастапты. “Бұл үңгір киелі болмаса, он мыңнан астам адамды жаңбырдан қорғамас еді ғой, таңғы намазымызды оқуға мүмкіндік берді, тастары да аппақ күйінде ғажап әсер сыйлады, бәріміз жиналып, он мыңымыз бір жерде сәждеге бас қоя алдық, киелілігі де осы, бұл жерді енді “Ақмешіт” деп атайтын болайық депті. Қасиетті жер содан былай “Ақмешіт” үңгірі аталып кетіпті.
Жау әскеріне тұтқиылдан шыққан сарбаздар шабуыл жасайды. Кескілескен ұрыста қаншама адамның қаны өзен болып ағады. Сол кезеңде аққан қаннан қара жер де жиырылып, қызылқақ болып бөлектеніп жатады екен. Жұрт та оны сол күйі “Қызылқақ” деп атап кетіпті. Қазақтар қалмақтарды ойсырата жеңіп, олардың тірі қалғандары қашып, жансауғалайды.
Діттеген жерге жеткен соң Болат көліктен түсіп, шығыс беткейдегі жота басына көтеріле беруімізді өтінді де өзі шырақшыны шақырып келуге кетті. Бір қарағанда елеусіз ғана қос белдің ортасындағы бұралаң аңғар, өзгеше бөліп айтатындай айрықша ештеңесі жоқ. Сәлден кейін сәлем берген ақсақал алдымыздан шықты. Ақсақал жол бастап, жота басына көтерілдік. Үңгір аузына келушілерге арнап кіреберіс жерде дөңгеленген алаңқайға арнайы қыштақталар төселіп, ағаш орындықтар қойғаны болмаса, басқа ештеңе білінбейді. Өзің келіп іздемесең, “Ақмешіт” үңгірінің басында кірер аузы барын да аңғару қиын екен. Ғажайып үңгір сырт дүниеден тысқары жатуымен де ерекшеленді. Табиғаттың тосындау құбылысымен бетпе-бет келіп тұрмыз.
Шырақшы Асқар Рүстембекұлы ақсақал “Ақмешіт” үңгіріне келіп, мауқын басатынын, үңгірдегі ағаштармен сөйлесіп, құстарға сауал тастап, әңгіме-дүкен құрып кететінін ерекше бір сезіммен айтып шықты. Қарны ашқанда жемістерін теріп жеп, ұйқысы келсе, қалғып та алады екен. Ауылдың балалары үшін бұл үңгір керемет сырға толы тұнық бір әлем іспеттес.
– Ауыл балалары ұрланып келіп, үңгірде тынығып, бүлдіргенге тойып қайтатын. Соғыстан кейінгі жылдары әкем жарықтық туған жердің төсіндегі киелі жерді көрсетуге есегіне міңгестіріп әкелуші еді,– деп сабақтады әңгімесін Асқар ақсақал.
Осы өңірге танымал кәсіпкер Эдик Бекболатов демеушілік көрсетіп, үңгірге түсіп-шығуға ыңғайлы баспалдақ орнатып беріпті. “Ақмешіт” үңгірінің басына ескерткіш белгі қойылып, Қаратау қойнауының маңында 30 адамға арналған қонақүй салынып, келушілерге жағдай жасалған. Баспалдақтар бізді әп-сәтте тылсым үңгірдің табанына алып барды. Осы ғаламат үңгірдің ұзындығы – 254 метр болса, ені – 65 метр, биіктігі – 25 метр екен. Бір кездері Арыстан баб кесенесіне дейін баратын жерасты жолдары болған деп айтылады.
Киелі “Ақмешіт” үңгірі таза энергетикалық ауа ағымдары орналасқан толқынды өңірде жатыр. Оның күмбез шаңырақты құрылымы адам ағзасына оң әсер етіп, теріс энергиядан тазаруға, иммундық күш-қуатын арттыруға, ауру-сырқаудан арылуға, ерлі-зайыптыларға сәбилі болуға көмектеседі екен. Сондықтан “Қазақстанның қасиетті жерлері” картасына енген “Ақмешіт” үңгіріне келушілер қатары ешқашан сиремейді.
Үңгір ішіндегі түрлі ағаштар мен өсімдіктер ғажап сезімге бөлейді. Үңгірдің ортасындағы 10-15 метрлік үйінді тастар ұзақ жылдар бойы жиналғанын аңғартады.
Асқар ақсақалдың атасы, әкесі және кейін өзі осы жерде шырақшы болып, Алланың қалауы бойынша елге қызмет атқарып келеді. “Ақмешіт” үңгірінің әр жерінен жаңбыр жауғанда су тамшылайды. Бірақ ауада келеңсіз патогенді ауру бактерияларының болмауынан ешқандай көгеру, шіру белгілері байқалмайды. Биолокациялық құралмен “Ақмешіт” үңгірінің әр қуысын тексеріп шыққанда, оның ішінде адам денсаулығына кері әсер ететін геомагниттік толқынды кездестіре алмағанын айтады мамандар.
Қазақи көзқараспен айтатын болсақ, “Ақмешіттің” кереметтігі сол, адам ағзасын байлайтын теріс энергия: тіл, көз, дуа және жаман жердің геомагнитті әсерлерін сылып тастайтындай әсерге бөленесіз. “Ақмешіт” үңгірі – табиғаттың өзі тудырған киелі орын. Мұнда жарты сағат болған адам оның қасиетін өз ағзасымен толық сезінеді. Кем дегенде күніне екі рет “Ақмешіт” үңгірінің ішінде намаз оқып, Алла тағалаға құлшылық жасап, медитация жасаса, емдік қасиеті зор болады екен. Киелі “Ақмешіт” үңгірі – жоғары күш-қуаты, таза энергетикалық ауа ағымдары шоғырланған керемет толқынды жер. “Ақмешіт” үңгірі ешқандай әулиенің мекені емес, Жаратқанның тылсымға толы бір дүниесі, емдік қасиеті бар үңгір екендігі айтылып жүр. Ғажайып жасыл үңгір күн астында жатқан тылсым да жасыл әлем сияқты болып көрінді бізге.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp