Алматы төрінде елімізге танымал былғары қолғап шеберлерінің қатысуымен бокс кеші өтті.
Кеш барысында бірінші орта салмақта “WBC Asia” чемпионы Нұрсұлтан Жаңабаев (6-0, 4КО) шаршы алаңда венесуэлалық қарсыласы Иван Матутемен (28-1-23 КО) жұдырықтасты. Отандасымыздың қарқынына шыдамаған боксшы бірінші раундтан соң бокстасудан бас тартты. Осылайша, қазақстандық боксшы бірінші орта салмақта “WBA Intercontinental” чемпиондық белбеуін иемденді.
Ал болашағынан көп үміт күттіретін жас боксшы Садриддин Ахмедов бір айдың ішінде екінші чемпиондық белбеуді қанжығасына байлады. Бірінші орта салмақта жұдырықтасатын отандасымыз “WBC Asia” чемпиондық белбеуі үшін индонезиялық боксшы Джон Рубамен (17-5-1, 9 КО) қолғап түйістіріп, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.
Кештің басты жекпе-жегінде шаршы алаңда қазақстандық кәсіпқой боксшы Айдос Ербосынұлы (10-0, 8 КО) мен намибиялық Лукас Ндафолу (15-1, 6 КО) кездесті. Қазақстандық боксшы 16 кездесуінің тек біреуінде ұтылған Лукас Ндафолуді төрешілердің бірыңғай шешімімен жеңді. Осылайша, ол “WBO Global”, “WBC Asia” және “WBA Intercontinental” чемпиондық белбеулерін қорғап қалды.