Өңірімізде колоректалды обыр ауруының алдын алу бойынша айлық өтуде. Осыған орай облыстық онкологиялық диспансерде баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды.
2017 жылы тоқ ішек қатерлі ісігіне шалдыққан 67 адам есепке алынса, былтыр олардың қатары 5,2 пайызға артқан (78 науқас). Былтыр өңіріміздің 50 жастан асқан 38 мың тұрғыны скринингтік тексерістерден өтіп, 13 адамнан обыр ауруы анықталып отыр. Қатерлі ісікке шалдыққан жандар қажетті ем-дом шараларын қабылдап, дәрігерлердің жіті бақылауына алынған. “Тік және тоқ ішектің қатерлі ісігі жыл санап көбейіп барады. Бұған дұрыс тамақтанбау мен антибиотиктерді шектен тыс қабылдау, соның салдарынан туындайтын созылмалы іш өтуі немесе іш қатуы басты себеп болып отыр. Бірақ ауруды ерте кезеңінде анықтаған жағдайда одан толыққанды айығуға болады”, – деді Олег Викторович. Ақ халаттылардың айтуынша, кез келген адам асқазан-ішек жолдарының сыр берген жағдайында бірден дәрігерге көрінуі тиіс.
Ішекке ота жасалған соң, бес жыл ішінде кесел зардабы ағзадағы басқа органдарға (өкпе, бауыр) таралуы мүмкін. “Осындай жағдай орын алмасы үшін ерте кезден дәрігерге қаралған жөн. Дұрыс тамақтануға мән беру керек. Ас мәзірінен химиялық қоспаларға толы тағамдарды шеттетіп, қара нан, көкөніс пен жеміс-жидекті көбірек тұтыну қажет”, – дейді облыстық онкологиялық диспансердің хирургиялық бөлімінің меңгерушісі Мәлік Сексембаев.