«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕКПЕН ЕСЕЙДІК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келген біздің балалық шағымыз қиын кезеңде өтті. Отты жылдардың жаңғырығы әлі күнге дейін жадымнан өшкен жоқ. Жетімдіктің, жоқшылықтың дәмін татып өстік.

Мен 1939 жылы Есіл ауданындағы Бірлік ауылында дүниеге келдім. Атам Ахмет Мұстапаұлының екі қызы мен Арынғазы, Әбілғазы, Қабытай, Қабдрашит есімді төрт ұлы болды. Ол елге абыройлы, діни сауатты кісі еді. Елдегі тентектерді тезге салып, жастарға дұрыс жол көрсетіп, жетім-жесірден көмегін аямаған. Атам сияқты елге өнеге айтар ақсақалдардың арқасында ауылымызда тыныштық пен бақ-береке орнаған. Бірақ қуғын-сүргін жылдары қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныш заманнан береке кетті. Дүрбелең кезеңде Ахмет Мұстапаұлы да Қызылжар түрмесіне қамалып, ату жазасына кесілді. Кейін ел басына күн туған уақытта төрт ұлы да соғысқа аттанып, жаумен шайқасты.
Әкем Әбілғазы 1942 жылы Ленинград майданында қаза тауып, анам 25 жасында жесір қалды. Әкем қайтыс болғанда мен небәрі үш жаста екенмін. Кейін бізді нағашы әжем Майбалық ауылына көшіріп алды. Соғыс кезінде бар ауыртпалық ауылдағы әйелдер мен бұғанасы қатпаған балаларға түсті емес пе? Анам Ажар отты жылдардың қасіретін тартса да, бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Сол аяулы анамның ақ сүтін ақтай алдым ба деп кейде іштей ойланамын. Өкінішке қарай, қазір әке-шешемнің аруағына Құран бағыштаудан басқа амалым жоқ.
Соғыстан кейінгі тың игеру жылдары еліміздің барлық өңіріне өзге этнос өкілдері көптеп көшіп келді. Майбалыққа да татар, башқұрт, поляктар келді. Бәріміз бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүрдік. Өзге ұлттың балаларымен ойын ойнап, жазда масақ теретінбіз.
Мен Майбалық ауылындағы жетіжылдық мектепті 1954 жылы тамамдадым. Бірақ әрі қарай білім қуып, оқу оқуға мүмкіндік болмады. Анам соғыстан кейін Бикен Несіпов дейтін азаматқа тұрмысқа шықты. Қатал тағдырға не шара? Мен оқу бітірген жылы комбайншы болып жұмыс істейтін анамның жұбайы трактордың астына түсіп мерт болды. Бестегі ұлы, он бес күндік қызымен ол тағы жесір қалды. Сондай қысыл-таяң уақытта менің білімімді жалғастыруыма мүмкіндігім болмағаны рас. Алайда, бойымда оқуға деген ерекше құштарлық болды. Арманыма ұмтылғаныммен анамды аядым. Күндіз жұмыстан, түнде кітаптан қолым босамайтын еді. Сол дағды бүгінгі күнге дейін сақталып қалды.
Ауыл балалары кеңшарда еңбек етті. Өгіз жегіп, 10-15 шақырым жерден астық тасимыз. Тың игеру науқанында тракторға соқа тіркеуші болдым. Бұғанасы қатпаған он төрт жастағы бала үшін бұл қиын жұмыс еді.
Кеңшар 1957 жылы ыдырап, Благовещенка ұжымшары құрылды. Майбалықта үш айлық тракторшылар курсы ашылды. Мен сонда білім алып, Ермағанбет Тәутеновтің жанында тракторшы болып, кейін трактор-егіс бригадасында есепші болып жұмыс істедім. Қай жаста болсаң да, оқу оқып, білім алу ешқашан кеш емес екенін түсіндім. Сөйтіп агроном мамандығын игердім. Ал 1965 жылы партия мүшелігіне қабылданып, бастауыш партия ұйымының хатшысы болып сайландым. Біздің бастауыш партия ұйымының тізімінде отыз екі коммунист болды. Олардың қатарында Бірәлі Жақыпов, Баян Рамазанов, Темірхан Жүкенов, Жаңыл Ерсарина, Сыздық Желдібаев, Ділдә Жүкенова, Сұратай Алдабергенов, Төлек Жақиянов, Қабдолла Әбенов, Әшім Сәліков, Шәйкен Халдин сияқты азаматтардың еңбектерін ерекше атап өткен жөн. Олар Майбалықтың көркеюіне үлес қосты. Өмірі өнегелі осындай азаматтардан тәлім-тәрбие алғаныма қуанамын.
Кеңес өкіметі тұсында мал шаруашылығы жақсы дамыса да, елдің тұрмысында бірқатар кемшіліктер орын алды. Менің алты балам мектепте қазақша оқыды. Сондықтан олар орысшаға шорқақ еді. Өзім оқуға түскенде орыс тілінен біраз қиналдым. Сол себепті 1973 жылы Преснов ауданына қарасты Екатериновка ауылына көшіп барған кезде оларды орысша оқытуға бел байладым. Ертеде қазақтар бұл ауылды Құртұрлаған деп атаған.
Екатериновка ауылы 1966 жылға дейін Буденный ұжымшарының бөлімшесі болды. Кейін төрт ауыл біріктіріліп, 23-партсъезд атындағы ұжымшар құрылып, орталығы – Екатериновка болды. Бұл ауыл Петропавл-Қостанай тас жолының бойында орналасқан. Мұның өзі, ауылдың экономикалық жағдайына көп себебін тигізді. Он үш мың гектар жерде егін егіліп, он мыңнан астам қара мал мен үш жүз жылқы өсірілді. Он бес ұлттың өкілі тату тұрды. Құнарлы жердің ырыздығына кенеліп, гектар басы 18-20 центнерден өнім алдық. Сексенінші жылға қарай әр гектардан 28 центнерден астық жинап, мал шаруашылығы бойынша жоспарды толық орындаған біздің бөлімше облыста бірінші орын алды. Сол жылы мен облыс орталығында өткен алқалы жиында сөз сөйлеп, кеудеме медаль тағылды. Еңбегіміз еленіп, жеңіл көлікке ие болдық.
Зейнетке шыққан соң да елмен бірге болып, қоғамдық жұмыстардан шет қалмадым. Жастарға жөн сілтеп, өнеге айту аға буынның асыл парызы емес пе? Аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы ретінде маған тағы бір жауапты міндет жүктелді. Өмірде көргені көп, көкейге түйгені мол адамдар өскелең ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосса, несі айып? Қиналған сәтімде “қап, әттең, әкем болғанда ғой”, деген өкініш өзекті өртейтін. Бірақ өмір мені жақсы адамдармен жолықтырды. Әрбір тұлғадан үлгі алуға тырыстым. Маған дұрыс жөн сілтеген Ораз Шимкин, Рудольф Воропаев, Михаил Шлейхер сияқты азаматтардың жақсылығын жастарға әлі күнге дейін үлгі ретінде айтып отырамын.
Қазір мен ауданда медиатор болып жұмыс істеймін. 2014-2018 жылдары 300-ден астам істі қарауға атсалыстым. Соның тең жартысы – ұрлық. Дені жастардың қатысуымен орын алған. Өзекті өртейтін өкініш те осы. Неге бейбіт, молшылық заманның жастары мұндайға жол береді? Керісінше, қазір жастар бақытты болуға тиіс. Өткен өмір мен бүгінгі тірлікті мүлде салыстыруға келмейді. Еңбек етуге құлшынысы зор адамға жақсы мүмкіндіктер жасалып отыр.
Сондықтан өскелең ұрпақ бақуатты тірліктің қадірін біліп, әр сәтті бағаласа екен деймін.

Амангелді ӘБІЛҒАЗИН,  еңбек ардагері.
Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp