«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҚСЫ ЕНЕ — АНАҢДАЙ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жесірін жылатпаған, жетімін қаңғытпаған қазақ үшін отбасы – қасиетті ұғым. Дана халқымыз отбасы құндылығы мен ұрпақ тәрбиесіне әрқашан жауапкершілікпен қараған. Бұл қасиет біздің де бойымызға сіңгеніне қуанамын. Мен – Есіл ауданына қарасты Бұлақ ауылының тумасымын. Ата-анамнан ерте көз жазып қалдым. Ес білген шағымда екеуі де келместің кемесіне мініп, қайтпас сапарға аттанды. Бірақ, тірі адам тіршілігін жасайды.

Петропавл қаласындағы экономикалық колледжде білім алып, он тоғыз жасымда тұрмыс құрдым. Өзімнің ата-анам болмаған соң күйеуімнің әке-шешесін алақанға салып ардақтауға іштей серт еттім. Өйткені, ата-ана әрбір адамның дүниедегі ең жақыны, жанашыры.
Бала күнімде ата-анама үй шаруасына қолғабыс етсем де, көп нәрседен хабарым болмады. Келін атанған соң барлық міндетті орындау керек. Сондықтан мен үйдің шаруасына бірден араласып кеттім. Жұбайым Абайдың туыстары маған барынша қамқор болды. Жамандығымды жасырып, жақсылығымды асырған ата-енеме ризамын. Әсіресе, атамның жақсылығын әлі күнге дейін ұмытқан емеспін. Әкелік қамқорлық көрсетіп, мейірім мен сүйіспеншілікке бөледі.
Тау тұлғалы азаматтан айырылып қалғанымызға да, міне, бес жылдан асты. Оның орны әлі күнге дейін ойсырап тұр. Кейде сағыныштың көз жасына ерік беріп, өткен күндерді еске аламын. Мені еркелетіп, “балапаным” деуші еді. Қазір өзім де қыз ұзатып, әже болсам да көңілге жақын осы бір жылы сөз жетіспейтін сияқты. Ардақты жандардың арқасында мен өмірден теперіш көрмедім.
Атам Қапаш Әушақымов жоғары партия мектебін тамамдап, ауданда жауапты қызмет атқарды. Артық сөзге бармайтын, байсалды әрі сабырлы адам болатын. Ал енем Мүштәриза Қожахметқызы – пысық, қайратты жан. Кезінде тігінші, аудандық газетте корректор болып жұмыс істеді. Оған әлі күнге дейін қарсы келген кезім жоқ. Міне, осы сыйластықтың, бір-бірімізге деген шексіз құрметтің арқасында біз бір шаңырақ астында отыз жылдан артық тату-тәтті өмір сүріп келеміз.
“Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп” қой, әулетіміздің үлкен келіні болған соң маған артылған жүк ауыр. Екі абысыныммен де қарым-қатынасымыз жақсы. Апалы-сіңлілердей емен-жарқын әңгімелесеміз. Ал отбасының ұйтқысы, ағайын-туысқа қамқор болған анамыз бізге үлгі-өнеге көрсетуде. Әушақымовтар әулетінде қандай да бір мәселе болса, алдымен енемізден сұрап, оның ақылына жүгінеміз. Кейде жақын құрбылар сияқты сырласамыз.
Бала кезде мен медицина қызметкері болуды армандадым. Сол арманыма енді ғана қол жеткіздім. Білім алу ешқашан кеш емес. Алайда, орта жасқа келгенде жаңа мамандық игеру де оңай емес екен. Бірақ табандылыққа тәрбиелеген жақындарымның қолдауымен Петропавл қаласындағы медицина колледжін тамамдап, мақсатыма жеттім. Қазір облыстық аурухананың жанындағы емханада медбике болып жұмыс істеймін. Бұл ретте де маған енем қолдау білдірді. Әрбір келіннің осындай жанашыры болса екен деймін. Ене мен келін арасындағы қарым-қатынасқа сызат түссе, сол қиын. Отбасында ұрыс-керіс болса, береке қашады емес пе? Ал қазір неге ерлі-зайыптылардың ажырасуы көбейді? Осы сауал маған маза берер емес. Оты өшіп, шаңырағы шайқалған жас отбасыларды көргенде, жаным жабырқайды. Жалғыз ұлымның ертеңін ойлап, уайымдаймын. Бүгінгі бойжеткен, ертең келін, ана атанады. Сондықтан үйде өсіріп отырған ұрпағымызды ұлттық құндылықтарды ұлықтап, үлкенді құрметтеуге тәрбиелеуіміз керек. Отбасында сыйластық, татулық, түсіністік болса әр адам бақытқа қол жеткізеді.

Айгүл ӘУШАҚЫМОВА, медбике.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp