«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОЮ САЛЫП, ОҚА ЗЕРЛЕП…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығында орналасқан “Құлмаханова” жеке кәсіпкерлігінің өнімдері тұрғындар арасында сұранысқа ие. Ерлі-зайыпты Ақбар мен Райхан 2000 жылдан бері ұлттық үлгідегі киім-кешек тігіп, өнімдерін саудалап келеді. Әсіресе, қыз жасауына қызығушылар көп.

Бұл отбасы өңірімізге оңтүстіктен көшіп келген. Кішкентай кезінен тігіншілікке жаны құмар нәзік жан біздің өңірге келген соң бірден бала кезіндегі арманын іске асыруға ден қойыпты. “Кәсібімді ашпас бұрын тұрғындар тарапынан не нәрсеге сұраныс бар екенін мұқият зерттедім. 2000 жылдары мұнда ұлттық нақышта киім-кешек тігетін, төсек жабдықтарын жасайтын арнайы тігін орындары мен дүкеннің жоқтығын байқадым. Содан шағын несие алып, тәуекелге бел буып, ісімді аштым. Басында қиын болғанымен, кейін тұрғындардың ілтипатына бөленіп, ісіміз өрге домалады”, – дейді Райхан Құлмаханова. Әсіресе, көпшілігі оның қолынан шыққан қыз жасауына тәнті. Ауылдардан келіп сатып алушылар да бар. Солардың бірі – айыртаулық Жәкеновтер отбасы. “Әрбір ата-ана қызын қияға ұшырарда оны лайықты шығарып салғысы келеді. Біз де солардың қатарынанбыз. Үш қызымызға жасау әзірлеу кезінде тігінші Райхан Мадмуханқызының көмегіне жүгіндік. Оның ұлттық үлгіде дайындаған тауарларының сапасы жоғары. Әрбір оюды орналастыру тәртібін сақтайды. Сонымен қатар қыз жасауында қандай заттардың болу керектігін жақсы біледі”, – дейді Жаңыл Жәкенова.
Соңғы кезде ұлттық нақышта жасалған бұйымдарға сұраныс артып келеді. Әр шаңырақта қазақтың оюлы кілемі мен құрақ көрпесі жайылып, текеметі мен ағаш сандығы жиылып тұрса, үйдің іші ерекше сәнді болары сөзсіз. Ерлі-зайыпты Құлмахановтар қамзол, құрақ көрпелер, төсек жабдықтарын, қоржын мен көрпе салатын сандықтарды ерекше талғампаздықпен әзірлейді. Бұған тігу цехына бас сұққанымызда көз жеткіздік. Райхан Мадмуханқызы ою-өрнектің мәні мен маңызын жетік меңгерген. Қыз жасауынан бөлек, егде жастағы адамдар мен балалардың ұлттық нақыштағы киім-кешегін тігу әдісінің тарихын әжесінен үйренген екен. Мәселен, құрақ көрпедегі өрнектерді орналастырудың өзіндік сыры бар дейді ол. Бұрын әжелеріміз мұндай көрпелерді ауыл-ауыл болып бірнеше күн бойы тіккен. Ал Райхан Құлмаханова көмекшісі тәжірибелі тігінші Рәзия Бокушевамен бірге мұндай тапсырысты екі күннің ішінде орындап шығады. Ең бастысы, өзге саудагерлерге қарағанда, кәсіпкердің тауарлары қолжетімді бағамен сатылуда. Отағасы Ақбар Ганханұлының айтуынша, олардың өнімдеріне тапсырыс берушілердің ішінде аға ұрпақ өкілдері көп. Зейнеткерлер Құлмахановтардың дүкенін бір-бірінен сұрастырып келетін көрінеді. Сұхбат алып отырғанымызда бір әжейдің сөзін құлағымыз шалды. “Ұлттық салт-дәстүріміз – тәрбиенің көзі ғой. Бұл жандардың қолынан шыққан бұйымдар көздің жауын алады, әрі сапасы көңілге қонымды. Ұлттық сана-сезімді қалыптастыру мақсатында әрі бізден мұра қалсын деген ниетпен немерелерімізге осындай заттарды көптеп алуға тырысамыз”, – деді ол.
Кәсіпкер Райхан Құлмаханова алдағы уақытта тігін ательесін кеңейтуді жоспарлап отыр.


Кәмел ОМАРҚЫЗЫ.
СУРЕТТЕ: (солдан оңға қарай) Р.Бокушева мен Р.Құлмаханова.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp