«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕН КЕЛДІҢ ДЕ ТІРШІЛІКТІ ЖАЙНАТТЫҢ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айналаға нұр шашқан шуақты көктеммен қауышып, әз-Наурызда мәре-сәре болған қызылжарлықтар Ұлыстың ұлы күнін барлық сән-салтанатымен атап өтті. Облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет орталық алаңға жиналған жұртшылықты Наурыз мейрамымен құттықтады.

– Наурыз мейрамы – ата-бабаларымыздан мұра болған мәні терең той. Халқымыз Ұлыстың ұлы күнін жыл басы ретінде санаған. Табиғаттың жаңа кейіпке енуі көктем мерекесінің айшықты белгісі. Татулық пен бірлікті насихаттайтын жыл басының біз үшін маңызы зор. Бұл мейрам береке мен мерекенің, шаттық көңілдің думаны, – деген Мадияр Дүйсенбайұлы әр шаңыраққа бақ-береке тіледі. Сондай-ақ, ол көршілес Ресейдің Түмен, Қорған облыстарынан келген меймандарға алғысын жеткізді.
Театрландырылған көрініспен басталған Наурыз тойы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласының негізінде өрбіді. Атқа мініп, арбаға жүк артқан ақ-жаулықты әжелердің, жас құрақтай желкілдеген балалардың, әзіл-қалжыңы жарасқан қыз-жігіттердің керуені Ұлыс күнінің мән-маңызын аша түскендей. Қазақтың салтымен шашу шашылып, арнау айтылды. Қыдыр баба бата берді.
Жыл басын тамашалауға келген халықтың қарасы қаншалықты көп болса, айтылған ақжарма тілек те аз болмады. Орталық алаңға жиналған жұртшылықтың жайдары жүзі, шаттық көңілі мен ақ пейілі соны аңғартты.
– Табиғат құлпырып, Жер-ана бусанып, аузымыз аққа кенелген шақ – көктемнің ең әдемі көрінісі. Қыстан аман-есен шығып, жадыраған көктемді барлық сән-салтанатымен қарсы алудамыз. “Көппен көрген ұлы той” демекші, Ұлыстың ұлы күнінде салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз кеңінен насихатталғанына қуанамын. Тыныштық салтанат құрған бейбіт елде Ұлыстың ұлы мейрамын тойлауды нәсіп еткен Аллаға шүкір. Жаңа жыл баршамызға құт-береке әкелсін, – деген Өрнек ауылының тумасы Сәбит Әміржановтың ыстық ықыласынан елдегі ағайынның жүрекжарды тілегін аңғардық.
Бір-бірін жалпыхалықтық мейраммен құттықтаған қызылжарлықтардың көңіл күйі көтеріңкі болды. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт елімізге береке тілеген 83 жастағы кейуана Балжан Смайыловадай көнекөз қариялар жастарға бата беріп, өнеге көрсетті.
Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін мейрамның айшықты көрінісін тамашалады. Бұл күні алаңда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, мәдени, спорттық шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, Ұлы Жібек жолы киіз үйінде көрермендердің назарына қолөнер бұйымдары ұсынылып, көрме ұйымдастырылды. Ал өткен тарихтан сыр шертетін түркі әлемінің бесігін паш еткен киіз үйде Күлтегін ескерткіші, балбал тастар, тайқазан, Ахмет Яссауи кесенесінің көшірмесі қонақтардың назарын аударғанын айтып өткен жөн. Аң стилі, Ұлы даланың ежелгі металлургиясы, атқа міну мәдениетінен хабар берген тарихи жәдігерлер де тұрғындардың қызығушылығын тудырды. Сондай-ақ, Теміртау қаласы мен Ресей Федерациясының сәндік-қолданбалы өнер шеберлері бұйымдарының көрмесі өтті.
Ақ түйенің қарны жарылған күні қазақтың ұлттық салт-дәстүрі мен спорттық ойындары кеңінен насихатталды. Қол күрес, күрес, асық ату, тоғызқұмалақ ойындары мен гір көтеру, жілік шағу сияқты сайыстар баршаны баурады. Киіз үйлердің маңында бойжеткендер мен бозбалалар алтыбақан тепсе, цирк өнерпаздарының шоуына шаттанбаған адам кемде-кем.
Бұл күні орталық алаңда ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, болмысымыз салтанат құрған мейрамда ерекше әсерге бөленген тұрғындардың қуанышын айтып жеткізу мүмкін емес. Наурызкөжеден дәм татқан қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық тағамнан күш-қуат алғандай. Көктемнің күн сәулесіндей жүздері – нұрға, көңілдері жырға толған көрермендер эстрада жұлдызы Нұрлан Абдуллиннің қатысуымен өткен мерекелік концертті тамашалады. Жергілікті өнерпаздар да қарап қалмады. Думанды кештің көрігін қыздырған өнерпаздар Қызылжар аспанын әуезді әнмен, күмбірлеген күймен тербетті.
Наурыз әні Қызылжардың орталығында ғана емес, жүзге жуық тұрғын үй ауласында да шырқалып, көптен күткен көктемнің жаршысына айналды.
“Жас өркен” шағынауданындағы “Қызылжар” тұрғын үй кешенінің тұрғындары айтулы мерекелерді бірігіп қарсы алуды игі дәстүрге айналдырған. Осылайша, жаңа баспана тұрғындары бір-бірімен танысып, ойын балалары өзгеше қызық-қуанышқа кенелді.
– Қазақстан халқының бірлігі мерекесі мен Халықаралық балаларды қорғау күні үйіміздің ауласы кәдімгі той-думанға бөленеді. Көктемнің шуақты мерекесі – Наурыз мейрамының бұлардан гөрі орны бөлек, әрине. Ол алдымен дайындықты қажет етеді. Биыл Ұлыстың ұлы күнін ұйымдастыруға жақын маңдағы “Нұр бөбек” балабақшасы мен №40 орта мектептің ұжымы көмекке келіп отыр. Оқушылар ән мен күйден шашу шашса, ұстаздар ұлттық тағамдар әзірлеген. Тұрғындарымыз да қарап отырмай, көрші-қолаңдарына бауырсақ, қазы-қарта, құрт-ірімшіктен дәм татыруда. Жас өнерпаздарымыз болса, мерекелік концерттің ажарын аша түсті, – дейді тұрғын үй кешенінің әкімшісі Ирина Григораш.
Таңғы салқынға қарамастан, ауладағы мерекеге тұрғындар көп жиналды. Оларға ыстық шай мен палау ұсынылды. Тұрғындар бір-біріне жақсы тілектерін айтып, би билеп, көңіл көтерсе, балалар жағы түрлі сайыстарға қатысып, сыйлықтарға ие болуға асықты.
– Наурыз мейрамын көру үшін жылда қаланың орталығына барып қайтатын едік. Биыл алғаш рет көктем мерекесін көршілерімізбен бірге үй алдында қарсы алып отырмыз. Бала-шағаға алаңдамай, ойын-күлкіге бөленіп, мерекені қызықтаған тамаша екен, – дейді қала тұрғыны Райхан Дәулетова.
Уәлиханов көшесіндегі 19 және 24-ші үйлердің тұрғындары да таң ата өз аулаларында Наурыз мейрамын бастап кетті. Әйелдер жағы дастарқан жайса, ерлер шағын сахна мен ойын алаңдарын жасады.
– Жаңа жылымыз молшылық әкелсін, берекеге толы болсын деген ниетпен астың түр-түрін дайындадық. Наурызкөже, құрт, талқан, қоспаны күнде жей бермейтініміз рас. Ал бүгін ежелден келе жатқан ұлттық тағамдарымыздан дәм тату бұйырып тұр. Өйткені, біз мерекеге келем дегендердің бәрін құшақ жая қарсы аламыз, – дейді петропавлдық Айгүл Ниязова.
Мереке әуені естіле салысымен аула кісіге лық толды. Тұрғындар қаланың өнер ұжымдары әзірлеген концертті тамашалап, тоғызқұмалақ, бес асық сынды ұлттық ойын түрлерінен жарысқа қатысты. Ақ кимешек киген әжелер мен келіндер қазақтың “Аластау”, “Тұсау кесу” дәстүрлерін көрсетіп, жастарға олардың мән-мағынасын түсіндірді. Мұнымен қоса аулада мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілерінің қолымен жасалған бұйымдардың көрмесі жайылды. Ұрпақ жалғасының тамаша көріністеріне риза болған үлкендер мерекенің ажарын ашуға қолғабыс еткен ұстаздарға алғыстарын жаудырды.
– 20-шы шағынаудандағы дүбірлі тойдың ойдағыдай өтуіне оқушыларымыз да, ата-аналарымыз да бір адамдай атсалысты. Наурыздың ауызбіршілікке бастайтын, жалпыға ортақ қуаныш екенін осыдан-ақ көруге болады, – дейді №23 мектеп директоры Нұржамал Қожина.
Наурыз – ұлттық мейрам ғана емес, еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің мәдениеті мен рухани құндылықтарын біріктіретін бейбітшілік пен татулықтың мерекесі. Облыс орталығында үш күнге созылған мерекені қызықтауға келгендердің қарасынан-ақ әз-Наурыздың қаншалықты маңызға ие екенін аңғардық. Көптен бері сан құбылған ауа райы шайдай ашылып, халықтың көңіл күйін көтере түсті.
Қала тұрғындары мен қонақтары үшін Наурыз тойының екінші күні де қызықты шараларға толы болды. Басты алаңдағы сахнада жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашты. Биыл Қызылжардағы Наурыз тойына шақырылған қонақтар аз емес. Солардың бірі – “Қызық TIMES” жайдарман командасы көрермендерді күлкіге қарық қылса, өзбекстандық цирк өнерпаздары да барша жұртты таңғалдырды. Сол сияқты Ресейден келген қолөнер шеберлері де өз жәрмеңкелерін өткізді.
Мұндай мерекелер, әсіресе, балаларды үлкен қуанышқа бөлейді. Олар қазақтың арқан тарту, асық ату ойындарынан сайысқа түсіп, жеңіп алған сыйлықтарына мәре-сәре болды. Әрбір тойдың көркін ашатын балуандар тартысы екеніне талас жоқ. Оны тамашалайтын көрермен де көп. Наурыз мейрамының екінші күні де қазақша күрестен сайыс жалғасын тапты. 11 балуанның ішінен қызылжарлық Ернар Бекайдаров жеңімпаз атанып, бас жүлдені қанжығасына байлады.
Жергілікті “Богатырский продукт” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызғалдақ фестивалін ұйымдастырып, тұрғындарға мерекелік тарту жасады. Қыз-келіншектерге 10 мыңнан астам гүл үлестіріп, соңынан ұтыс ойындарын ұйымдастырды. Осындай қызықты сәттерге толы мереке күн-ұзаққа жалғасты. Үлкен-кішіні шат күлкіге бөлеп, рухани мол азық тарту еткен ұлы той көпке дейін ұмытылмайтындай әсер қалдырды.


Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, Зәуреш АСЫЛБЕКОВА, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген  Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp