Соңғы уақытта әлеуметтік желілерден сәбилердің жоғалғандығы туралы ақпаратты жиі кездестіретін болдық. Жақында ғана облысымыздың төрт жастағы тұрғыны Ақжол Садыққа іздеу салынып, бұл жайт бүкіл қала жұртшылығын елең еткізген еді. Абырой болғанда, бүлдіршін аман-есен үйіне оралды. Айдың-күннің аманында сәби жоғалды дегенді естігенде, көпшілігіміздің көкейімізде “ата-аналары қайда қарап отыр?” деген сауалдың туындайтыны рас.
Бауыр еті баласына бас-көз болмау ақылға қонымсыз. Сонда ата-ана бала алдындағы жауапкершіліктен жұрдай болғаны ма? Аталмыш мәселе төңірегінде және кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы заң бұзушылықтардың себеп-салдары мен оларды болдырмауға қатысты шаралар барысы жөнінде Петропавл қалалық полиция басқармасы ювеналды полиция бөлімінің бастығы Эльмира Абушовамен әңгіме өрбіткен едік.
– Бүгінгі қоғамда ата-ананың перзенті алдындағы жауапкершілігі мен беделі төмендеп кеткендей. Маман ретінде сіздің пікіріңіз қандай?
– Өкінішке қарай, қызмет барысында осындай проблемаларға кездесіп жатамыз. Ерлі-зайыптылар арасында баласының қайда жүргеніне және немен айналысатынына мән бермейтіндер аз емес. Біздің өңірде бала тәрбиесіне жүрдім-бардым қарайтындардың дені тұрмысы төмен отбасылар. Жауапкершіліктен жұрдай ата-аналардың ішінде бос уақытының жоқтығын, жұмысбастылығын алға тартып, тәрбие мәселесіне немқұрайды қарайтындар да кездеседі. Мен – екі баланың анасымын. Жолдасым екеуіміз де құқық қорғау саласының маманымыз. Таңның атысы, кештің батысы қызмет бабымен жүрсек те, балаларымыздың өміріне салғырт қарамауға тырысамыз. Уақыт тауып, әркез олармен жақын, сырлас болуға дайынбыз. Кез келген ата-ана қандай жағдай болмасын, бала тәрбиесі мен олардың алдындағы жауапкершілікті басты орынға қоюы тиіс деп ойлаймын. Олай болмаған жағдайда, біз заң бұзушылыққа жол бергендерді жауапкершілікке тартуға міндеттіміз.
– Сонда тәртіп бұзатын жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен жұмыс қалай жүргізіледі?
– Соңғы екі ай ішінде түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілінің қарауынсыз көше кезген 31 бала анықталып, олар жасөспірімдерді бейімдеу және оңалту орталығына жеткізілді. 23 кәмелетке толмаған баланың тәртібі жасөспірімдер ісі жөніндегі комиссияның отырысында қаралды. Балалардың көбі кешкілік уақытта интернет клубтарға барып, компьютерлік ойын ойнауға әуес. Жауапқа тартылған ұл-қыздардың көбі сол жерлерден табылды. Олардың ата-аналарымен тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кейбіреуіне хаттама толтырылды. Ата-аналар немесе заңды өкілдер өз міндеттерін толыққанды орындамаған жағдайда жауапқа тартылады. Сондай-ақ, балаларының алкогольдік ішімдіктерді, есірткі мен психотроптық заттарды тұтынуына, қаңғыбастықпен немесе қайыршылықпен айналысуына жол берген жағдайда, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Сондай-ақ, әкімшілік құқық бұзушылық орын алғанда кәмелетке толмағандардың ата-аналары немесе басқа заңды өкілдері әкімшілік жауапқа тартылады. Кодекстің 127-бабында кәмелетке толмағандардың тәрбиесі мен білім алуына жағдай жасауда өз міндеттерін дұрыс орындамағандары үшін олардың ата-аналары немесе заңды өкілдеріне жеті айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
– Осы мәселемен айналысатын өзге ұйымдармен ортақ қандай жұмыс жүргізілуде?
– Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу қоғамдағы маңызды мәселенің бірі. Бүгінде облысымыздың әр ауданында жасөспірімдер арасында қылмыс деңгейін азайту бағытында жұмыс істейтін тұлғалар бекітілген. Сонымен қатар бұл мәселені оңтайлы шешуге күш жұмылдырған түрлі қоғамдық ұйымдар да белсенділік танытуда. Мәселен, полиция еріктілері жасөспірімдер тарапынан орын алатын құқық бұзушылықтың тамырына балта шабу жолында жақсы жұмыс жүргізіп келеді. Жасөспірімдерді бейімдеу орталығымен де тығыз қарым-қатынастамыз. Онда ата-ана қамқорлығынсыз қалған 3-тен 18 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленуде. Кішкентайларға ата-анасының жан жылуы мен махаббатын сезінуден артық бақыт жоқ. Түрлі себептерге байланысты әке мен шешенің қамқорлығынан айырылып, орталыққа тап болған әрбір балаға жан-жақты қолдау көрсетуге тырысамыз. Олардың жағдайы жүрекке жара салмай қоймайды. Қандай оқиға болмасын, отбасынан айырылса да, балалар қоғам назарынан тыс қалмайтынын сезініп өсулері тиіс. Біздің бөлім мінез-құлқы қиын балалары бар әлеуметтік жағынан аз қамтылған осындай отбасыларды үнемі назарда ұстайды. Балалардың сабақтан тыс уақытта мәдени және спорттық шараларға қатысуын қадағалаймыз. Дегенмен де, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеп-өсіруге, оларға қамқорлық жасауға, материалдық жағдайын жасауға, тұрғын үймен қамтамасыз етуге, ең бірінші кезекте, ата-ана міндетті. Ал құқықбұзушылық жасаған жасөспірімдер мен ата-аналар кездессе, оларды жауапқа тарту – тікелей біздің міндеттіміз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар тарапынан жасалған қылмыс екі есеге азайып отыр.
– Қазіргі қоғамымызда ата-ананың балалары алдындағы жауапкершілігін күшейтуге баса мән берілуде. Осы мақсатта басқарма тарапынан нендей шаралар жүзеге асуда?
– Үстіміздегі жылдың соңғы екі айында балалар қылмысының алдын алу және ата-ана жауапкершілігін арттыру бойынша 27 рейд жүргіздік. Соның нәтижесінде биылғы жылы кәмелетке толмағандар жасаған құқықбұзушылық көрсеткіші едәуір төмендеді. Білім орындарында полицейлердің қатысуымен ұйымдастырылатын дәрістер оң нәтижесін беріп отыр. Осы мақсатта облыс орталығында 400-ге жуық түрлі шара жүзеге асты. Солардың ішінде ата-аналар жиналыстарының маңызы зор. Гүлнәр Шарбақтаева, Әдемі-ау Меңдібаева және Алмаз Жүсіпбеков сынды белсенді инспекторларымыз мектепішілік шараларға жиі қатысып тұрады. Олар ата-ананың отбасындағы жауапкершілігі жайында дәріс оқып, жасөспірімдер қылмысының алдын алуға ден қоюда.
– Әңгімеңізге рақмет.
Әңгімелескен Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.