«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚҰЛАГЕРДІҢ” ЕКІНШІ ҚОЛАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Осыдан төрт жыл бұрын құрылған “Құлагер” хоккей клубы аз уақыттың ішінде спортсүйер қауымның ықыласына бөленіп үлгерді. Үстіміздегі жылы шайбалы хоккейден өтіп жатқан ел біріншілігінде 55 ойын өткізген “Құлагер” үшінші орынға табан тіреп, осымен екінші рет біріншіліктің қола жүлдегері атанды.

Ел біріншілігінің 2018/2019 жылғы маусымына 10 хоккей клубы қатысты. Екі кезеңнің қорытындысына сәйкес “Бейбарыс”, “Арлан”, “Ертіс”, “Алтай-Торпедо”, “Номад”, “Құлагер”, “Алматы”, “Теміртау” командалары плей-офф ойындарына жолдама алған болатын. Атыраулық “Бейбарыс” турнир кестесінде көш бастады. “Арлан” мен “Ертіс” екінші, үшінші орындарға жайғасты. Ал қызылжарлықтар турнир кестесінде алтыншы орынға тұрақтады. Бұл жерлестеріміз үшін жақсы көрсеткіш. Команда 22 ойында негізгі уақытта жеңіске жетті. Жалпы 148 мәрте мергендік танытып, өз қақпасына 144 шайба өткізді. Плей-офф ойындарында жерлестеріміз “Ертіс” командасын жетінші ойында тізе бүктіріп, жалпы есепте 4:3 нәтижесі тіркелді. Осылайша, клуб тарихында екінші рет біріншіліктің жартылай финалына өткен болатын.
Жерлестеріміз ақтық сайыстың жолдамасы сарапқа салынған кездесуде атыраулық “Бейбарыс” командасымен бақ сынасты. Олар осал қарсылас емес еді. Бұл команда – біріншіліктің фавориті әрі бұған дейін де жеңіске жетіп жүрген үздіктердің бірі. “Құлагерге” бұл қарсыласты жеңу оңайға түспесін бапкерлер құрамы да, хоккейшілердің өздері де, жанкүйерлер де жақсы білді. Дегенмен, қызылжарлық команда барын салды. Бірақ мықтының аты, мықты. Кездесулер сериясында қызылжарлықтар 1:4 есебімен жеңіліс тауып, чемпионаттың қола жүлдесін еншіледі.
“Құлагер” хоккей клубының бас бапкері Олег Гущин ойын өрнегіне көңілі толатынын айтуда.
– Биылғы маусым біз үшін сәтті болды. Біріншілікте жартылай финалға дейін жеттік. Төрт жылдың ішінде екі мәрте қола жүлде алдық. Бұл команда үшін өте жақсы көрсеткіш. Соңғы кездесулерде хоккейшілеріміздің ойын өрнегі көңілімнен шықты. Себебі, ел біріншілігінде тек үздік үштіктің қатарынан көрініп жүрген “Бейбарыс” пен “Арлан” сияқты клубтармен өткен кездесулерде хоккейшілеріміз ысылып, тәжірибелерін шыңдай түсті. Атыраулықтардан басым түсеміз деген үмітім болғанын да жасырмаймын. Ол үшін барлық мүмкіндігіміз болды. Соңғы кездесудің екінші және үшінші кезеңдерінде қарсыластың қақпасына шайба салатын сәттерді толығымен жүзеге асыра алмадық, – дейді клубтың бас бапкері.
Биылғы маусым қарсаңында клуб құрамы жаңартылған болатын. Қатарға қосылған ойыншылар өздерін жақсы қырларынан көрсете білді. Глеб Казаченко, Дамир Рамазанов, Алексей Данилов, Алексей Грищенко, Даниил Васильев, Ильнар Мисбахов, Евгений Попитич, Максим Первухин, Кирилл Власов, Денис Стасюк, Дмитрий Исмагилов, Филипп Святына, Илья Ахметов, Даниил Ищенко және Станислав Логинов сияқты хоккейшілер бапкерлердің сенімін ақтады.
Клубтың бас бапкері атап өткендей, алдағы аптада клуб басшылығының және хоккейшілердің қатысуымен өтетін жиында алдағы маусымның жоспары бекітілмек. Сондай-ақ, өткен ойындарда төмен нәтиже көрсеткен хоккейшілермен келісімшарт бұзылып, ұжымның қатары жаңа ойыншылармен толығатын болады.


Қанат АТАМАНОВ, “Soltustik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp