«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗГЕЛЕРГЕ ҮЛГІ КӨРСЕТЕЙІК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елдің шетінде, желдің өтінде тұрған Қызылжарда қара көздердің өзге тілде шүлдірлеуіне етіміз үйреніп кеткендей. Ондайлар ел ертеңі – жастардың арасында да аз емес. Олардың намысын қалай қамшылауға болады, неліктен ана тілімізді дамытуға, қолданыс аясын кеңейтуге құлықсызбыз? Осы мәселелер мені қатты алаңдатады.

Сондықтан өзім жүрген ортада қазақша сөйлеймін. Құрбы-құрдастарымның да анамыздың сүтімен бойымызға дарыған қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, абыройын асқақтатуға бір кісідей атсалысуларына ықпал етуді көздеймін. “Бір-бірімізбен ана тілімізде сөйлесейік. Біз жанашырлық танытпасақ, басқаларға қалайша үміт артамыз”, – деп құрбыларыма жүрек сөзімді айтып отырамын. Жастардың арасында орынды сөзімді құптап, шынымен де, ана тіліне жанашырлық танытқысы келетіндер табылып жатады. Ал енді, керісінше, “орысша сөйлеу – мәдениеттіліктің белгісі” деп қарсы дау айтатындар да бар. Бірақ мен мұндай қарсылықтарға мойымаймын. Алдағы уақытта да ана тілінің қанатын кеңге жаюына қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, бар күш-жігеріммен атсалысатын боламын. Айтайын дегенім, біз секілді жастар әрдайым ұлттық намысты жоғары қоя білуі қажет.
Жақында өзім оқитын М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінен облыс орталығының 20-шы шағынауданына жету үшін №25 бағыттағы автобусқа отырдым. Кондуктор әйел Жеңіс саябағына келгенде аялдаманы “Саябақ жеңістері” деп хабарлады. Оның мына сөздері құлағыма түрпідей тиді. Жеңіс саябағының Ұлы Отан соғысы жылдары кеудесін оққа тосқан майдангерлер құрметіне орай ашылғанын жұртшылық жақсы біледі. Оның бұл қылығы маған ардагерлерді ғана емес, ана тілімізді де келеке етіп тұрғандай көрінді. Қоғамдық көліктің ішінде менен басқа да ұлты қазақ оннан астам жолаушы отырды. Көбінің жасы егде тартқан. Бірақ ешқайсысы кондуктордың қатесін дұрыстауға құлық танытпағаны еңсемді езді. Шыдай алмай, автобус қызметкеріне жақындап, аялдама атауын қате айтқанын ескерттім. Ол менің сөзімді түсіністікпен қабылдады.
Бүгінгі қоғамда мұндай мәселелер аз кездеспейді. Күнделікті өмірде осындай келеңсіздіктерді жиі көреміз. Бірақ көз жұма қараймыз. Менің ойымша, немқұрайдылық, намыссыздық біздің тіліміздің, діліміздің, дәстүріміздің дамуын тежеп отыр. “Болашақ бүгіннен басталады” деп жар салып жатамыз. Ал ұлтымыздың тілі, намысы сынға түскенде үнсіз қаламыз. Сондықтан алдыңғы толқын ағалар мен олардың ізімен келе жатқан інілер, ең алдымен, өзіміз ана тілімізді құрметтеп, өзгелерге өнеге көрсете білейік. Сонда ғана арман-мұратымызға қол жеткізе аламыз.


Алтынай ҚАЗИҚАНОВА,  М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp