«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛІ СҮЙГЕН, ЕЛІН СҮЙГЕН ЕЛБАСЫ!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

БІРАУЫЗДАН ҚОЛДАДЫ


Осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын Сарыарқа төсінде бой көтерген елорда көз алдымызда қанатын жайып, өсіп-өркендеп, сайын даланың сәніне сән қосқан керім қалаға айналғаны анық. Бұл еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл саяси шешімі еді. Ендеше, оның атауының Нұр-Сұлтан болып өзеруі құптарлық іс. Осыған орай облыс орталығында өткен шараға жиналғандар Елбасының ерен ерлігін сөздеріне арқау етіп, ел астанасының Тұңғыш Президентіміздің есімімен аталуын қолдайтындарын жеткізді.

“Дуслык” татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Наиль Салимов өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев ел Тәуелсіздігін қалыптастыруда орасан зор еңбек сіңіргенін айтты.
– Егемен еліміздің жетістіктері мен табыстары­ның қайнар бастауында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қайраткерлік тұл­ғасы тұр, қайталанбайтын қолтаңбасы жатыр. Елбасы этносаралық келісім мен бірліктің сақталуына негіз болған бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Бүгінде Қазақстан сұңғыла саясаткердің көреген бастамаларының арқасында әлемге танылуда. Ол – жаһан жұртының назарын өзіне аудартқан елордамыздың бас архитекторы. Астана қаласы атауының Нұр-Сұлтан болып өзгергені Елбасына деген айшықты құрметтің белгісі, – деді Наиль Камильевич.
Бұл шешімді өңіріміздің жастары да бірауыздан қолдады. “Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Абылайхан Қайроллаев Елбасының батыл бастамаларының арқасында тәуелсіз еліміздің ұландары спорт, білім, кәсіпкерлік, мәдениет сынды өмірдің барлық саласында айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп отырғанын тілге тиек етті.
“Қоғамдық келісім” мекемесінің жетекшісі Мария Татаренко Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің татулықты ту етіп, алға қарыштауына сіңірген еңбегі өлшеусіз екенін айта келіп, елорда атауының Нұр-Сұлтан болып өзгергеніне қуанышты екенін жеткізді.

Нұргүл ОҚАШЕВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Тарихи таңдау


2019 жылғы 20 наурыз күні өткен Петропавл қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында күн тәртібіне облыс орталығындағы Мир көшесінің атауын Нұрсұлтан Назарбаев көшесі деп өзгерту мәселесі қойылды. Бұл Петропавл қаласындағы ең ұзын көшелердің бірі болып саналады. Ұзындығы алты шақырымнан асатын бұл көше шаһардың өн бойымен өтеді, онда қала тұрғындары үшін маңызы бар көптеген нысандар орналасқан.
Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов халық қалаулылары алдында сөйлеген сөзінде Тәуелсіздік жылдары елімізбен бірге облыс орталығының да дамығанын атап көрсетті. Тұңғыш Президенттің қолдауымен Петропавл қаласында былтыр Қазақстан мен Ресейдің ХV өңіраралық ынтымақтастық форумы өтіп, соның нәтижесінде облыс орталығының әлеуметтік-мәдени және спорттық инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарды. Бір жылдан сәл астам уақытта “Жас өркен” жаңа шағынауданында, Оқушылар сарайы, теннис орталығы бой көтерді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласын және еліміздегі ірі қалалардың көшелерін қайта атау туралы бастама көтерді. Біздің қаланың бір топ құрметті азаматтары бұл бастаманы қолдады және облыс орталығындағы басты көшелердің біріне еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы ұсыныс жасады. Осы бастаманы қолдауға шақырамын, – деді Евгений Глотов.
Бұл ұсынысты Петропавл қалалық мәслихатының депутаттары Павел Афанасьев, Мәдина Дәрібаева және тағы басқа халық қалаулылары қолдап, сөз сөйледі.
– Мир көшесі Қазақстанның тарихында өзінің айшықты ізін қалдырған еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен қайта аталуға лайық деп есептеймін. Мен бұл ұсынысты толықтай қолдаймын. Бұл көше қаланың орталығын бірнеше шағынаудандармен байланыстыратын шаһардағы басты көшелердің бірі болып саналады. Келешекте көше одан әрі абаттандырылады және көркейе түсетін болады, – деді Павел Афанасьев.
Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотовтың ұсынысын депутаттар бірауыздан қолдады.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Кемеңгер көшбасшы


Еліміздің бас қаласына Тұңғыш Президентіміздің есімін беру шешімін қолдаймын. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі орасан. Ол басшылық еткен жылдары еліміз үлкен жетістіктерге қол жеткізді.
Өз басым халықаралық “Болашақ” бағдарламасының түлегі ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың жас буынға жасаған қамқорлығын жоғары бағалаймын. Елбасының 1993 жылғы бесінші қарашадағы Жарлығымен тағайындаған халықаралық стипендия мыңдаған қазақстандық жасқа әлемнің үздік университеттерінде білім алуға және тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді. Нұрсұлтан Әбішұлы қиын кезеңге қарамастан, біздің лайықты болашағымызды құру мақсатында осындай шешімге келді. 90-ыншы жылдардың басы экономикалық қиындықтармен есте қалғаны белгілі. Іс жүзінде барлық ірі өндіріс орындары тоқтап қалды. Инфляция өсті, жұмыссыздық көбейді. Елімізге жаңа нарықтық экономика жағдайында жұмыс істей алатын мамандар мен тәуелсіз Қазақстанды халықаралық деңгейге көтеретін білімді кадрлар қажет болды. Нұрсұлтан Назарбаев аталмыш мәселені шешу мақсатында “Болашақ” бағдарламасын қабылдады.
Сөйтіп, оқуда алғыр жастар леклегімен әлемнің жетекші университеттеріне білім алуға аттанды. Асығы алшысынан түскен жастардың дені бүгінде түрлі салада қызмет етіп, мемлекетімізді дамытуға атсалысуда. Оқу мерзімі тамамдалғаннан кейін мен де өзге отандастарымыз сияқты еліме оралып, өз кәсіби жолымды бастап кеттім. Өзге елде жүрген кезде шетел азаматтарының Нұрсұлтан Әбішұлы жайлы жақсы пікірде екенін аңғардым. Курстас достарымның аузынан оның озық ойлы саясаткер екенін үнемі естуші едім. Шетелдіктер Тұңғыш Президентіміздің бүгінгінің ең басты құндылығы саналатын ұлттар достығын сақтаудағы еңбегін жоғары бағалайтын. Осылайша, өзге елдердің жастары біздің еліміз туралы жақсы пікірлерін айтқан сәттерде бойымды патриоттық сезім кернеп, Отаныма деген құрметім одан сайын арта түсетін.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жас буынның болашағын жарқын етуді бір сәтке естен шығарған емес. Халыққа арнаған әр Жолдауында жастардың әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсарту қажеттігіне баса назар аударды. “Дипломмен – ауылға!”, “Жасыл ел” мен “Студенттік құрылыс жасақтары”, “Жастар тәжірибесі” бағдармалары мен жобаларының жүзеге асуына мұрындық болды. Мәселен, “Дипломмен – ауылға!” жобасы бойынша елді мекендерге барған жас мамандарға қосымша төлемақы төленіп, баспанамен қамтамасыз етілді. Қазақстанның атын асқақтатқан тұлғаның есімін ел астанасына беру – орынды шешім. Бұл әрбір қазақстандықтың жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатуы тиіс.


Рауан ӘБІЛТАЙ, облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы.

Лайықты баға


Біз – тәуелсіздіктің талбесігінде тербетіліп өсіп келе жатқан жастармыз. Бойымызда бәзбіреудің қас-қабағына қарау, жалтақтау деген мінез бен түсінік жоқтың қасы. Сондықтан да болар келмеске кеткен кеңес дәуіріндегі қиындықтар, ана тіліміздің, ата дініміздің, ұлттық болмысымыздың жоғалуға шақ қалған уақыты бізге кейде ертегідей елестері сөзсіз. Осының бәрі найзаның ұшымен, білектің күшімен келген егемендіктің арқасы. Ал оның тұғырының одан сайын беки түсуіне, тарихи жетістіктермен нығаюына өлшеусіз үлес қосқандардың ұшар басында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрары анық.
Мен Түркістан облысында дүниеге келіп, орта мектепті сонда тамамдадым. Білім ордасының соңғы сыныбында оқып жүргенде “болашақта қай жоғары оқу орнына барамын, қандай мамандық иесі боламын, елге қалай пайдамды тигіземін?” деп ойлана бастадым. Көңіліме маза бермеген арманым адастырмай, Сарыарқа төсінде бой көтерген әсем шаһарға алып келді. Осылайша, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне оқуға түстім. Дәл сол жылдары еліміздің жастарына қыруар мүмкіндіктер жасалып, оқимын деген адам үшін қоғамға қажетті мамандықтардың есігі айқара ашылып жатты емес пе? Мен сияқты жүздеген студенттің мемлекет бөлген грантпен тегін оқып, қияға қанат самғауы, әрине, ең алдымен, Елбасымыздың қолдауының арқасында мүмкін болды. Нұрсұлтан Назарбаев еліміз тәуелсіздік алған күннен бастап жастарға қамқорлық көрсетуді назарынан тыс қалдырған емес. Одан өзге, әлемнің өркениетті елдерімен қазақтың терезесін теңестіруі, саясатта, экономикада, мәдениет саласында болсын қазақтың атының әйгіленуіне күш жұмсауы – тарихта алтын әріптермен жазылатын ерен еңбектер.
Әжем Кеңес Одағы тарқағаннан кейін қаңы­рап бос қалған, қираған мемлекеттің қиын жағдайын жанарына жас алып айтып отырушы еді. Ол әңгімесін: “Нұрсұлтан Әбішұлы сол қиран­дыдан мықты тәуелсіз мемлекет қалыптастырды”, – деп жалғайтын. Иә, Елбасы эко­номи­касы серпінді дамыған мемлекет тұрғыз­­ды. Оны әлем­­ге таныт­ты, өркениетті мемлекеттер жүріп өткен сара жолға бастады. Бүгінде байтақ Қазақстан дүниежүзіндегі озық елу елдің қатарына қосыл­­ды, енді отыздыққа бет алды.
Қиын қыстау-кезеңде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентімен бірге қызмет еткен мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков бір мақаласында: “Біз қала салғанды көрген жоқпыз. Зауыт салғанды, үй салғанды біле­міз. Ал енді үлкен қала сал­ған­ды да көрдік. Елбасы Астананы Ақмо­лаға көшір­ді. Бұ­ған жүрек, үл­кен ақыл керек еді. Ал­да ұлы істер күтіп тұрды. Бәрін ең­­­сер­ді. Адам таңғалатын істер­ді жүзеге асырды. Енді бұл қала Еу­ра­­зия­ның астанасына айналып барады”, – деп ағынан жарылыпты.
Өзінің ерік жігерімен, алысты болжағыш көрегіндігімен салған астананың атауы бүгінде Нұр-Сұлтан болып өзгерді. Естігенде қатты толқыдым, тебірендім. Қазақты әлемге танытқан тұлғаның атына лайықты баға. Елорданың әрбір құрылысында Елбасының ерен еңбегі сайрап жатыр.

Гүлайна ӘШІРБАЕВА, Мамлют қазақ-мектеп интернатының мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp