Бүгінде облыс орталығында қалаішілік 24 автобус бағыты бар. Жолаушылар тасымалымен айналысатын 10 жеке тасымалдаушының түрлі маркалы 330 автобусы тұрғындарды мақсатты жеріне жеткізумен айналысады. Дегенмен, көліктердің басым бөлігі тозған. Биыл олардың бірқатары жаңартылатын болады.
Қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының айтуынша, облыс орталығындағы қоғамдық көліктердің 75-і алдағы үш жылдың ішінде жаңартылмақ.
– Биыл қоғамдық көліктің 18-ін жаңарту жоспарланған. Алдағы жылы 28, ал 2021 жылы тағы 29 автобус жаңасына ауыстырылады. Бұл – барлық көліктің 23 пайызы, – дейді бөлім басшысының міндетін атқарушы Досылан Босынов.
Сондай-ақ, қоғамдық көлік аялдамаларын жаңарту мәселесіне де көңіл бөлінеді. Бүгіндері облыс орталығында 362 аялдама бар. Биыл олардың қатары тағы 70 жаңа аялдамамен толықпақ.