Биыл өңіріміздегі 90-нан астам елдімекенді су басу қаупі бар. Тасқын судың алдын алу үшін облыста бірқатар шаралар қолға алынды.
Петропавл қаласынан қыс бойы 600 мың текше метр қар шығарылды. Қазір коммуналдық қызметтер қызыл су басуы мүмкін шағын аудандарда жұмысты жандандырған. Жұмысшы кенті, Береке, Ойқала аудандарында арнайы бригадалар суағарлардың мұзын жарып, ыстық бумен ерітіп жатыр. Тұрғындардан тәулігіне 30 шақты шақырту түседі. Бұл жұмысқа 11 техника мен 40 шақты адам жұмылдырылған. СҚО «Қазгидромет» мамандарының айтуынша, жақын күндері өңірде сынап бағанасы +10 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Ал сәуір айының алғашқы он күндігінде ауа райы +20 градусқа дейін жылынады деген болжам бар. Бұл – су тасқынының болу мүмкіндігін арттыра түспек.
Дереккөз: «ҚазАқпарат».