Қазақстанның тумасы, АҚШ-тың Нью-Йорк қаласының полицейі Димаш Ниязов Жайық өзенінде қызды құтқарамын деп ажал құшқан атыраулық әріптесі Шалқар Ақымғалиевті құрметпен еске алып, өзінің “Instagram” парақшасында осы оқиғаға қатысты пікірін білдірген.
“Менің айтарым біреу ғана: Шалқар – нағыз батыр. Ол полицияда лайықты азаматтар еңбек етіп жүргенін дәлелдеді. Қазақстанның ішкі істер министрлігіне осындай батырды тәрбиелеп шығарғаны үшін мың алғыс. Біз, Нью-Йорк полиция департаментінің өкілдері марқұмның отбасына, достары мен қызметтестеріне қайғырып, көңіл айтамыз. Шалқар Қазақстанда көз жұмса да, мен оның ерлігіне бас иіп, марқұмның туған күніне дейін төсбелгіме қаралы лента тағып жүремін деп шештім. Бұл жаңалық бізді есеңгіретіп кетті, сондықтан мен оның мемориалы үшін www.GoFundMe.сом сайтында қаражат жинауды бастадым”, – деп жазды қандасымыз.
Қайғылы жағдай 21 наурыз күні кешкісін Атыраудағы қалалық көпірдің маңында болған. Оқиға орнына бірінші болып жеткен патруль полициясының сержанты Шалқар Ақымғалиев ойланбастан мұзды суға сүңгиді. Тәртіп сақшысы өзіне қол жұмсауға бекінген бойжеткенді құтқарып қалғанымен, өзі қаза тапты.
Шалқар Ақымғалиев 1 сәуір күні 25 жасқа толатын еді.