Соңғы күндері өңірімізде пешті пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдарынан екі отбасында иіс тию фактісі тіркелді.
Алғашқы оқыс оқиға 24 наурыз күні Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы – Новоишимка ауылында болды. Салғырттық салдарынан 49 жастағы үй иесі мен оның 2001 және 2010 жылдары туған қыздарына иіс тиіп, ауруханаға жеткізілді. Бүгіндері ер адам ауыр халде жатыр, ал қыздарға медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберілді.
Келесі иіс тию фактісі облыс орталығындағы бір қабатты көппәтерлі тұрғын үйде болған. Пәтер иесі пешті пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаған. Атап айтқанда, пештің түтін тартпасын ерте жапқан. Соның салдарынан 8 және 11 жасар екі балаға иіс тиіп, олар облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Балалардың үлкенінің жағдайы ауыр, ал кішісінің денсаулығына орташа дәрежедегі зиян тиген.