Биыл облыс аумағында қар бұрынғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай көп түсті. Мұндай жағдай көктем кезінде өңір тұрғындары үшін бірқатар қиындықтар туғызатыны анық. Бұл мәселе облыстық қоғамдық кеңестің отырысында талқыланды.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Рамиль Камалов пен облыстық жұмылдыру даярлығы, азаматтық қорғаныс, апаттар мен зілзалалардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру жөніндегі басқарманың бастығы Нұрлан Бүркіталин қоғамдық кеңес мүшелерін өңірімізде көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Бүгіндері облыс орталығы мен аудандарда қажетті техникамен жабдықталған жедел топтар құрылған. “Көктем – 2019” республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу барысында олардың көктемгі су тасқыны кезіндегі іс-қимылдары пысықталған. Наурыз айында 440 мың текше метр қар сыртқа төгіліп, көлдердегі су деңгейін төмендету бағытында жұмыстар жалғастырылуда.
Қоғамдық кеңестің отырысында, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықпен күрес, білім беру, ауыл шаруашылығы, жолаушылар тасымалы, коммуналдық қызмет салаларына қатысты мәселелер талқыланды.
Александр ВЕРЗИЛИН, облыстық мәслихаттың аппарат басшысының орынбасары.