«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАР ЖЫЛЫ – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен биыл елімізде “Жастар жылы” жарияланған болатын. Облысымызда жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында қандай іс-шаралар атқарылуда, өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу, олардың білімді, бәсекеге қабілетті болып өсуі бағытында жастар ұйымдарының билік өкілдерімен бірлескен жұмыстары қандай? Өңір басшысының орынбасары Мадияр Қожахметтің қатысуымен өткен алтыншы шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті отыз екінші сессиясында халық қалаулылары осы мәселені талқылады.

Депутаттар жиналысына облыстық және аумақтық басқармалар мен департаменттердің, құқық қорғау органдарының басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Депутаттар жиналысына қатысушылар алдында облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Ирина Тухватулина баяндама жасады. Оның айтуынша, үстіміздегі жылы өңірімізде “Жастар жылын” лайықты өткізу үшін арнайы жоспар жасалған. Өңірде жастарды жұмыспен қамту бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда. 2018 жылы жастар ресурстық орталықтарына жұмысқа орналасу мәселесі бойынша 2115 адам жүгінген, оның 1553-і жұмысқа орналастырылған. Бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастыру дәстүрге айналған. Былтыр осындай сегіз жәрмеңке өткізіліп, оларға бір жарым мыңнан астам жас қатысты. Бірқатар жәрмеңкелер мүдделі ұйымдармен, мемлекеттік органдармен бірлесіп өткізілген. Облыстың сауда үйлері мен оқу орындарында “Шеберлер қаласы” атты интерактивті жәрмеңкелер өткізіліп, барлық қатысушылар өздерін әртүрлі мамандық иелері рөлінде байқап көрген. “Дипломмен – ауылға!” жобасының шеңберінде республикалық бюджеттен тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін бөлінген 749,8 млн. теңге бюджеттік кредит 236 жас маманға берілген. “Жасыл ел” жасағының қатарына жастарды тарту бойынша жалпы сомасы 34 151 мың теңгенің жобасы іске асырылған.
2018 жылдан бастап өңірде “Zhas Project” жастар корпусын дамыту жобасы жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда өтінім берілген 211 жобаның 69-ы іске асты, оған 236 жас қатысуда. Сондай-ақ, 2019 жылы жастар жобаларын, соның ішінде бизнес құрылымдарының өкілдерін қаржылай және әдістемелік қолдау жоспарланып отыр. Жастар саясаты мәселелері басқармасы биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде барлық жобаларды іске асыру кезінде жастардың қатысу үлесін арттырмақ. Басқарма басшысы “Жастар жылы” атқарылуы тиіс басқа да жұмыстар жайында ақпарат берді.
Облыстық мәслихаттың депутаттары Біржан Жалғасбаев, Юрий Белоног, Екатерина Старостина жастармен жұмыс жүргізудің тиімділігін арттыру жайында өз ойларын ортаға салды.
Сессияда депутат Анатолий Рафальский халықтың денсаулығы, әлеуметтік қорғау, білім, мәдениет және жастар ісі мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының бір жыл ішінде атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Есепті кезең ішінде халық қалаулылары кәсіптік-техникалық білім беру, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету, мектеп жасына дейінгі балалардың денсаулығы, инклюзивті білім беруді ұйымдастыру мен оның қолжетімділігі, қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік оңалту сияқты мәселелерді шешуге атсалысқан.
Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Кемел Оспанов Жамбыл ауданының Пресновка ауылындағы қазақ орта мектебіне даңқты қолбасшы Қожаберген жыраудың, Петропавл қаласындағы олимпиадалық резервтегі мамандандырылған бокс мектебіне халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем кубогының иегері Камиль Сафиннің атын беру туралы облыстық әкімдік пен облыстық мәслихаттың бірлескен қаулысын қабылдауды ұсынды. Кейін шешім республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жіберіледі.
Халық қалаулылары сессия барысында облысымызда 2019 жылға арналған су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемесін белгілеу, облыстық мәслихаттың бірқатар шешімдеріне өзгерістер енгізу мәселелерін талқылап, олар бойынша шешім қабылдады.


Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp