Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен баспасөз мәслихатында көктемгі су тасқынына әзірлік барысы сөз болды.
Биыл біздің өңірде қар өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп түсті. Дегенмен, Петропавл қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қайролла Ғалеев алаңдауға негіз жоқ дейді.
– Қыс айларында қала көшелерінен 600 мың текше метр қар шығарылды. Бұл жұмыстарға он коммуналдық кәсіпорын жұмылдырылды. Су кіруі мүмкін жер үйлердің тұрғындарына және саяжай учаскелерінің иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жағдай қатаң бақылауда, – дейді Қайролла Төлеуұлы.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Рамиль Камалов осы бағытта жүргізіліп жатқан шаралар туралы баяндады. Оның айтуынша, кейбір ауылдарда қар уақтылы шығарылмаған. Бұл жұмыстар сылбыр жүргізілген Аққайың, Қызылжар, Мағжан Жұмабаев және Мамлют аудандары бақылауға алынған.
– Елді мекендерден 800 мың текше метр қар шығарылды. Автомобиль жолдарындағы су өткізгіш құбырлардың 94 пайызы және ауылішілік 2398 метр құбыр, сонымен қатар 14400 метр арықтар мен су ағарлар тазартылды. Үстіміздегі жылы барлығы 92 елді мекенді су басуы мүмкін. Облыс бойынша 107 эвакуациялық қосын бар. Жылы киім, көмір, жанармай қоры жеткілікті, – деді Рамиль Фаткулович.
“Казгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры Қымбат Мерғалимова биылғы көктемдегі ауа райының болжамы жайлы айтты.
– Сәуірдің бірінші онкүндігінде ауа райы күндіз 10-15, ал түнде 0-5 градусқа дейін жылынады. Кей жерлерде ауа температурасы 20 градусқа дейін жетуі мүмкін және жауын-шашын күтілуде,– деді Қымбат Ғұмарбайқызы.
Су тасқынынан зардап шеккендер облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің жедел штабының және қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандарына хабарласулары қажет.
Дулат ҚОЖАХМЕТОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.