«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨПШІЛІКТІҢ ТІЛЕГІ ОРТАҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Cолтүстікқазақстандықтар елорда атауының “Нұр-Сұлтан” деп өзгертілуін қолдап отыр. Бұрнағы күні “Nur Otan” партиясының облыстық филиалы жанындағы “Мирас” өңірлік кеңесінің мүшелері ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бастамаға қатысты ойларын білдірді.

Жиынды ашқан кеңес төрағасы, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының директоры Біржан Жалғасбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елге сіңірген еңбегі ерен екеніне тоқталды.
– Тұңғыш Президенттің есімін елордаға беру – ел дамуының жаңа кезеңін анықтайтын тарихи шешім. Кеңес одағы ыдыраған кезде Қазақстан халқының тұрмысы қиындай түсті. Сол уақытта біздің ел болып, еңсе тіктеуімізге өзге тұрмақ, өз ішімізде де сенбеушілер көп болды. Сондай тар жол, тайғақ кешуден бізді аман алып шығып қана қоймай, бүгінгідей мамыражай заманға жеткізген еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екені сөзсіз. Бұл шындықты бүгінде бүкіл әлем мойындады, – деді Біржан Нұрмаханұлы.
Жиында “Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы” республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы төрағасының орынбасары Сағындық Салмұрзин тарихта қалаларына көшбасшыларының есімін берген елдер аз емес екенін атап айтты. АҚШ-тың астанасы Вашингтон, Вьетнам қаласы Хошимин – соның дәлелі. Бүгіндері барлық әлем Елбасының аз ғана уақыттың ішінде сәні мен салтанаты жарасқан елорданы салғанына таңдай қағуда.
Мінбеге көтерілген ҚазКСР-ның еңбек сіңірген әртісі, режиссер, Петропавл қаласының құрметті азаматы Виктор Шалаев та тәуелсіз Қазақстанның жеткен жетістіктері Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екенін дәттеді. Отыз жылдың ішінде Елбасының тікелей бастамасымен аса ауқымды әрі тағдыршешті істер жүзеге асты. Тұңғыш Президент еліміздің халықаралық аренада танылып, әлемдік абырой-беделге ие болуына зор еңбек сіңірді. Көпэтносты Қазақстанда тұрақтылық, бейбітшілік және тыныштық орнауы да Елбасының көрегендігінің жемісі. Демек, Елбасына қандай құрмет көрсетсек те лайықты. Елордамыздың жаңа атауы Нұр-Сұлтан – елдің тілегі, халықтың ниеті.
Жиын соңында басқа да кеңес мүшелері жүрекжарды сөздерін айтып, ел астанасын Нұр-Сұлтан деп атау бастамасын бірауыздан қолдаймыз деп тарқасты.


Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,  “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp