Газетіміздің үстіміздегі жылғы 19-ақпан күнгі санында “Жарғайыңдағы жер дауы” деген тақырыппен мақала жариялаған болатынбыз. Оған Есіл ауданындағы “Жарғайың СҚ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен үлескерлер арасындағы келіспеушілік арқау болған еді. Жуырда аталмыш шаруашылықтың директоры Серік Мырзахметов редакциямызға келіп, Жарғайыңда қалыптасып отырған жағдайға өз көзқарасын білдірді.
Серік Мырзахметовтің айтуынша, осыдан 25 жыл бұрын құрылған агроқұрылымның иелігінде 3243 гектар жер бар. Шаруашылық оның басым бөлігіне дәнді дақылдар өсіріп отыр. “Бүгінге дейін Жарғайың, Өрнек және Мектеп ауылдарының біраз тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп, пайларын уақытында беріп отырмыз”, – дейді ол.
Серік Мырзахметов бұл қызметке қалай, қашан келгенін де тәптіштеп айтып берді. Тоқсаныншы жылдардың басындағы берекесіздік ұмытыла қойған жоқ. Міне, нақ осы кезде жергілікті зауыт-фабрикалардың жұмысы тоқтап, ұжымшарлар мен кеңшарларды жекешелендіру қолға алынды. Тұрғындар кәсіпкерлік дегеннің не екенін түсіне бастады. Осындай алмағайып уақытта Серік Мырзахметов те Николаевка ауылындағы ет-сүйек ұнын шығаратын комбинатының тізгінін ұстады. Бірақ 1995 жылы ауыл тұрғындары жаппай жекешелендіру кезінде ие болған егістік, жайылымдық және шабындық жерлерін біріктіріп, агроқұрылым құрайық деген ортақ шешімге келеді. Сөйтіп, ауыл тұрғындарының өтініші бойынша жеке кәсіпкер 2640 гектар жері бар агроқұрылымға басшы болады.
– “Алматы” ұжымшары ыдырағаннан кейін жұмысшыларға еңбекақы уақытында төленбей, қарызға батқан күндеріміз болды. Көктемгі егіс, күзгі орақ науқанында жанар-жағармай таба алмай, тозығы жеткен техникалардың зардабын көріп, толарсақтан саз кешкендей күй кештік. Сол бір қиын кездері қолымды бір сілтеп, өз кәсібіме қайта оралғым да келді. Бірақ өзіме сенім артып отырған ауылдастарымды орта жолда тастап кете алмадым. Алғашқы жылдары көктемгі егіс науқанына қажетті тұқымды көрші аудандардағы шаруашылықтардан тасыдық. Нәтижесінде 8-10 тонна тұқым құйып, бірінші жылы 800 гектар, ал келесі жылы 1200 гектар алқапқа дән сіңірдік. Бастапқыда барлыға да оңай болмасы анық қой. Шығын көп болды. Қарызға бата жүріп, ақырында егістік алқап көлемін 2800 гектарға дейін жеткіздік, – дейді мән-жайды түсіндірген Серік Жәкенұлы.
Басшы экономикалық ауыртпалықтарға байланысты ауыл тұрғындарымен ақылдаса келіп, 2001 жылы аудандағы басқа 8 шаруашылық сияқты шетелдік “Голден грейн гроуп” астық компаниясының құрамына кіргенін жасырмайды. Солардың көмегімен агроқұрылым бойын тіктеп, жанармай, тұқым тапшылығы дегенді ұмыта бастады. Техника паркі де біршама жаңарды. Бірақ компания екі жылдан кейін банкроттыққа ұшырап, жұмысын тоқтатты. Осыған байланысты келісімшартта көрсетілген міндеттерінен бас тартып, 3243 гектар жерді үлескерлерге қайтарып береді. Серік Жәкенұлы жерден айырылып қалмаудың амалын жасап, “Жарғайың СҚ” ЖШС-ін құрып, өз қаржысына серіктестіктің жарғылық капиталының 95 пайызын, яғни 6 млн. теңгесін төлейді. Сондай-ақ, шетелдік компания алдындағы 1 млн. теңге борышты да өтейді. Содан бері шаруа жыл сайын егін егіп, мол астық жинап, бүгінге дейін әр ауыл тұрғынына тиісті пайын беріп келген.
Шағын ауылдағы жер дауы 2015 жылы басталған. Алматыда тұрып жатқан осы ауылдың тумасы Дулат Қалитов “Данияр-Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрады. Бүгіндері жаңа шаруашылықтың қарамағында Өрнек, Мектеп ауылдарының үш мың гектардан астам жері бар. Бірақ жаңа инвестордың иелігіндегі жердің басым бөлігі көрші ауылдардың тұрғындарына тиесілі. Осыған орай ол жарғайыңдықтарды өзінің қарамағына өтуге үгіттей бастайды. Бұл аздай қарамағындағы жұмысшылары Петропавл қаласына көшіп кеткен ауыл тумаларымен хабарласып, оларды да дүрліктіреді. Осылайша, арадағы ағайындық, сыйластық үзіледі. Міне, екі кәсіпкер арасындағы кикілжің бүгінге дейін жалғасып келеді.
Бастапқы ойларынан түк шықпағаннан кейін Дулат Қалитовты қолдаушылар аудандық ішкі істер бөлімі мен прокуратураға шағымданады. Ақыр соңында іс сотқа дейін жетеді. Белгілі болғандай, Таупық Ерманов, Нұрлан Исмағұлов және Бүркіт Жаров деген азаматтар ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотқа “Ауыл тұрғындары “Жарғайың СҚ” ЖШС-нен ешқандай пай ала алмай жүр. Сондықтан оның құрамынан шыққымыз келеді” деген шағым түсіреді. Айыпталушы тарап болса, қолындағы ауыл тұрғындарының пай алғанын растайтын құжаттарын судьяға көрсетіп, өзіне тағылып отырған кінәнің шындыққа жанаспайтынын дәлелдейді. Ал арызданушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлейді.
– Ауыл шаруашылығымен айналысқан жиырма бес жылдан бері ауылдастарымды ренжітіп көрген емеспін. Қайта қолдан келген көмегімді аямаймын. Жыл сайын әр үлескерге 4 центнер жемазық, 100 центнер шөп, 50 үйрек балапанын береміз. Былтыр ғана ағаш арасындағы егіннің дұрыс шықпауына байланысты сәл аздау болды, – дейді ауылдастарының бұл ісіне күйінген кәсіпкер.
Серік Мырзахметовтің бұл түсініспеушілік осыменен аяқталып, іске соңғы нүкте қойылды деп ойлағаны бекер болды. Арызданушы тараптың адвокаты көпке созбай тағы да сотқа жүгінеді. “Данияр-Агро” ЖШС-нің тарапынан түскен арыз бұл жолы да сотта қолдау таппайды. Бүгінге дейін онға жуық сот отырысы өткенімен, Сәрік Мырзахметов барлығында да жеңіске жетеді. Көп жағдайда арыз берушілер немесе адвокаттары сот отырысына келмейді. Аудандық деңгейде жеңе алмастарын түсінген қарсы жақ бұдан кейін облыстық сотқа шағым түсіреді.
Мақала жазу барысында “Жарғайың СҚ” ЖШС-нің адвокатына да хабарласып, жер дауына қатысты пікірін сұрадық. Атын атамауды өтінген заңгердің айтуынша, екі шаруаның арасындағы жер дауына қашан нүкте қойылатыны белгісіз.
– Қазіргі уақытта жалпы 371 үлескердің 300-ге жуығы “Жарғайың СҚ” ЖШС-нің құрамында. Былтыр 170 үлескер ауылға келген жаңа инвесторға қосылуға шешім қабылдады. Дегенмен, олар бұл мәселені талқылап, ортақ шешім қабылданатын жиынды ережеге сәйкес өткізе алмай отыр. Бар гәп осында. Ережеге сәйкес бұл жиындардың өтетін уақыты барлық үлескерлерге күні бұрын ескертілуі керек. Сондай-ақ, кездесуге үлескерлердің кем дегенде елу пайызы қатысуға міндетті. Тек сонда ғана қабылданған шешімнің заңды күші болады. Жаңа инвесторға жерін бергендердің басым бөлігі енді Серік Мырзахметовтің шаруашылығына қайта оралуға ниет танытып отыр. Қолымызда үлескерлердің қолхаттары бар, – дейді қорғаушы.
Облыстық соттың алғашқы отырысы 2018 жылдың соңында, ал екіншісі үстіміздегі жылдың ақпан айында өтті. Ауданаралық мамандандырылған экономикалық соттың судьясы Гүлнәр Мәсімова қос тараптан осы мәселеге қатысты жауап алды. Бұл жолы да Серік Мырзахметов тарапынан кемшілік табылмады. Барлығы да заң жүзінде жүргізілген деп танылды. Бұл соттардың шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Арызданушы тарап апелляцияға бере алады. Сәуір айында үшінші сот отырысы өтеді деп күтілуде. Онда Таупық Ермановтың арызы қаралмақ.
Күн жылып, шаруалар жерге соқа салатын уақыт жақындап келеді. Арадағы сыйластықтың жібек арқауын үзіп алған екі жақ та намысқа тырысып, дегендерінен қайтар емес. Төрт жылға созылған мәселенің түйіні қашан шешілері белгісіз.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”