Өңірімізде колоректалды обыр ауруының алдын алу бойынша айлық өтуде. Облыстық онкологиялық диспансерде баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, қауіпті дерттің алдын алу және емделу жолдары туралы сөз болды.
Облыстық онкологиялық диспансер бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Олег Дудяктың айтуынша, осындай кездесулердің нәтижесінде тұрғындардың емханаларға жүгіну белсенділігі күрт артқан. Сондықтан абзал жандар соңғы кезде белең ала бастаған колоректалды обыр ауруы туралы ақпарат беру үшін БАҚ өкілдеріне жүгінуді жөн санапты.
Тоқ ішек қатерлі ісігін ерте кезеңінде анықтау науқастың аталмыш сырқаттан толық айығуына мүмкіндік береді деп отыр дәрігерлер. 2017 жылы осы ауруға шалдыққан 67 адам есепке алынса, былтыр олардың қатары 5,2 пайызға артқан (78 науқас). Өткен жылы өңіріміздің 50 жастан асқан 38 мың тұрғыны скринингтік тексерістерден өтіп, 13 адамнан обыр ауруы анықталды. Қатерлі ісікке шалдыққан жандар қажетті ем-дом шараларын қабылдап, дәрігерлердің жіті бақылауына алынған. “Тік және тоқ ішектің қатерлі ісігі жыл санап көбейіп барады. Бұған дұрыс тамақтанбау мен антибиотиктерді шектен тыс қабылдау, соның салдарынан туындайтын созылмалы іш өтуі немесе іш қатуы басты себеп болып отыр. Бірақ ауруды ерте кезеңінде анықтаған жағдайда одан толыққанды айығуға болады”, – деді Олег Викторович. Ақ халаттылардың айтуынша, кез келген адам асқазан-ішек жолдары сыр берген жағдайда бірден дәрігерге көрінуі тиіс. Үлкен дәрет кезінде қан кетуі де қатерлі ісікке әкеліп соғатын аурулардың алғашқы белгілері болуы мүмкін.
Өкінішке қарай, соңғы кезде ішек ауруына шалдыққан тұрғындар арасында өз денсаулығына жүрдім-бардым қарайтындардың қатары қалыңдай түскен. Арамызда скринингтерге келіп, ауруын анықтағанымен, оны емдеуге асықпайтындар жоқ емес. Дәрігер-эндоскопист Евгения Иксанова тік және тоқ ішектің қатерлі ісігін анықтау тек колоноскопиялық тексеріс арқылы жүзеге асатынын жеткізді. Бірақ науқастар мұндай шарадан жүрексініп, емделу уақытын созып жүріп алатын көрінеді. Салдарынан ішектегі ісік ұлғайып, жағдай ушыға түседі. “Колоноскопиялық тексерістен қорқудың қажеті жоқ. Біздің аппаратураларымыз ауруды жылдам анықтауға мүмкіндік береді. Бұған қоса, эндоскопиялық шараларды жүргізу кезінде-ақ ішектің шырышты қабатындағы түймешектерді алып тастаймыз. Кейбір сырқат жандар колоноскопияны наркозбен жасауға өтініш білдіріп жатады. Бірақ наркоздың адам ағзасына зиянды екенін ұмытпағанымыз жөн”, – дейді дәрігер.
Кесел ағзадағы басқа органдарға (өкпе, бауыр) таралуы мүмкін. “Осындай жағдай орын алмауы үшін ерте кезден дәрігерге қаралған жөн. Дұрыс тамақтануға мән беру керек. Ас мәзірінен химиялық қоспаларға толы тағамдарды шеттетіп, қара нан, көкөніс пен жеміс-жидекті көбірек тұтыну қажет”, – дейді облыстық онкологиялық диспансердің хирургиялық бөлімінің меңгерушісі Мәлік Сексембаев.
Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.