«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІР ЖОЛЫ – ӨНЕГЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Құдайға шүкір, егемен ел атанып, еңсе тіктегенімізге де отыз жылға таяп қалды. Біздің өңірімізде сол қастерлі тәуелсіздіктің елең-алаң шағында абыройлы қызмет етіп, өмірдің небір сындарында шыңдалған, бүгінге дейін жүріп өткен жолы жастарға үлгі аға ұрпақ өкілдері аз емес. Есімдері жылы ілтипатпен айтылатын ағалардың қатарынан облысымыздың құрметті азаматы, еңбек ардагері Ерембек Әубәкіровті де кездестіреміз.

Ерембек ағамызды небір тұғырлы тұлғаларды, біртума таланттарды құндақтаған, көрнекті ақын Кәкімбек Салықов жырға қосқан “Арқадағы асыл аймақ” – Айыртау атырабындағы Шоққарағай деген шағын ауыл әлдилеп өсірді. Әкесі мен оның екі інісі майдан даласынан оралмады. Шиеттей бала-шаға жалғыз шешелерінің қолында қалды. Ел басына күн туған қилы кезеңдегі көп адамдардай тағдырдың маңдайына жазған теперішін сабырмен көтере білген анаға көп жүк артуды ар санаған бала Ерембек Шоққарағайдағы бастауыш мектепті бітіргеннен кейін Сырымбет ауылындағы пансионда тәрбиеленді. Оқуды тамамдай салысымен Ресейдің Новосібір қаласына жол тартты. Сол кезде атағы дүркіреп тұрған, қол жетпес армандай көрінетін шаһар алғашында ауыл баласын жатырқай қарсы алғаны рас. Жастайынан қиындықтың кермек дәмін татқан ол жатсынсын ба, қаладағы Ауыл шаруашылығы институты партасына жайғаса салысымен, өз қатарластарымен етене араласып кетті.
1962 жылы қолына үздік диплом алған жас маманға бұрынғы Семей облысында қызмет атқаруға жолдама беріледі. Осылайша, ол жиырма алтыншы кәсіптік-техникалық училищеде мұғалім болды. Тракторшыларды, комбайншыларды даярлап шығарды. Екі жыл тәжірибе жинақтап, содан кейін Целиноградтағы (қазіргі Нұр-Сұлтан) зауытта, жол құрылысы мекемесінде, Петропавлдағы ауыл шаруашылығы техникасымен қамту бірлестігі базасында жауапты қызметтер атқарды. “Ол кезде жаспыз, ұйқы, шаршау дегенді білмейміз. Қай шаруаны болсын тез ұғып алатын қағілез кезіміз. Жұмысқа жан-тәнімізбен араласуға, берілген тапсырманы жүйелі орындауға ұмтылып тұратынбыз. Әртүрлі іссапарларда жүрдік”, – деп еске алды өткен күндерді Ерембек Жәмшитұлы.
1970 жылдың аяғында Торғай облысы құрылғанын жұртшылық жақсы біледі. Жаңа ұйымдастырылған облысқа білікті мамандар қажет болып, Ерембек ағамыз да көп ұзамай Арқалыққа аттанады. Ауыл шаруашылығы саласында бас инженер, жарты жылдан кейін Торғай облыстық мамандандырылған техникалық білім беру басқармасы бастығының орынбасары болады. Оның Торғай облысы жабылғанға дейін жеті жыл Арқалық қалалық атқару комитетінің хатшысы болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Өкініштісі сол, облыс тарағаннан кейін сырттан келген кадрлардың бәрі өздерінің өңірлеріне кетеді. Ерембек Жәмшитұлына сол кезде басқа облыстардан ұсынылған әртүрлі басшылық қызметтер аз болмапты. “Неге екенін қайдам, бүйрегім туған жерге бұрып тұрды”, – дейді ол.
Ерембек Әубәкіров тоқсаныншы жылдардағы тағдыршешті оқиғалардың, қабылданған жаңа реформалардың бел ортасында жүрді. Еліміз егемендікке қол жеткізген кезеңде, нақтырақ айтсақ, 1993 жылы халық депутаттары облыстық кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары еліміздегі саяси ахуал өте қиын болғаны шындық. Бұл сол кездегі басшылардың бірі Ерембек ағамыздың да қабырғасына батты. “Кешегі саясаты озбыр, қанауы қатты Кеңес одағынан жеке отау бо­лып шыққан бізге әлемнің барша мемлекеті сын көзбен назар тікті. “Қайтер екен?” деп апыл-тапыл басқан қа­да­­мын қадағалап тұрды”, – дейді ардагер.
Елімізде жекешелендіру белең алды емес пе? Нарықтық экономикаға көшу үдерісінің алғашқы жылдары нағыз қайшылыққа толы кезең болғаны жасырын емес. Сол уақытта экономикалық жағдайға тән қиыншылықтар – кәсіпорындардың өз жұ­мысын тоқтатуы, еңбекақының төлен­беуі, дүкен сөрелерінің босауы, инфля­ция­ орын алды. Бұл ретте, көп деңгейлі нарықтық экономиканың негізін құ­ра­йтын үдерісті жедел бастау қажет болды. 1994 жылдың наурызында елімізде алғашқы мәслихат сайлауы өтіп, бірінші шақырылымдағы мәслихаттың депутаттар корпусы жасақталды. Облыстық мәслихаттың хатшысы болып Ерембек Жәмшитұлы сайланды.
Қиын-қыстау уақытта ел деңгейінде қабылданған реформалар мен бағдарламалардың бәрі дағдарыстан шығудың жолдарын қарастырды ғой. Халық қалаулылары да сол бағытта жұмыс істеп, облысымыздың барлық аудандарын, ауылдарын аралап, тұрғындармен кездесулер өткізді. Кәсіпорындардағы тоқырау, қызметкерлерге беретін ақшаның жоқтығы сияқты мәселелер сол кездегі хатшының да бүйіріне тастай батты.
Мемлекеттен демеуқаржы алып келген, таза пайдасы арқылы өз шығындарын ақтай алмайтын шаруашылықтарды нарық кезінде ұстап тұрудың ешқандай тиімділігі жоқ екендігі баршаға аян болатын. Ұжымшар мен кеңшарларды сақтап қалу әрі қарай жалғастырылса, ел де, өз үлесін алма­ған халық та мүлдем кедейлене түсер еді. Сондықтан әуелі жекешелендіріп, одан кейін ұсақ шаруашылықтарды жаңа тұрғыда ірілендіру міндеті тұрды. “Өзіміздің төл ақшамыз айналымға шыққаннан кейін жағдай жақсы арнаға бұрыла бастады. Зейнетақы кешіктіріліп берілетін еді. Көп ұзамай ол мәселе де оң шешімін тапты”, – дейді Ерембек Жәмшитұлы.
Өтпелі кезеңде жаңа мемлекет құрудың бар ауыртпалығын арқалаған азаматтардың, Ерембек ағамыз секілді жер-жерлердегі өз ісіне берілген, уақытпен санаспай жұмыс істеген басшылардың арқасында жұртшылықтың санасында Үкіметке иек артпай, өз бетімен өмір сүру деген түсінік қалыптаса бастады. Тұрғындар егін және мал шаруашылығымен айналысуға бет бұрды. Әйтсе де, ынталы жандарға ауыл шаруашылығы техникасының ескілігі қолбайлау болатын. Бұл мәселені реттеу үшін өңіріміздегі зауыттар қажетті құралдардың 800 түрін жасап шығарды. Осындай ілкімді жұмыстардың басықасында жүрген Ерембек Жәмшитұлының елге, жерге деген сүйіспеншілігі, қызметіне деген жауапкершілігі еселене түсті. Оның бір емес, үш бірдей шақырылымда облыстық мәслихаттың хатшысы болып сайлануы қандай азамат болғанын аңғартпай ма?
Біз әңгімемізге арқау етіп отырған кейіпкерімізді бұл биікке уақыттың өзі қондыра салған жоқ. Өзіне сенім артқан халықтың ықыласына ерен еңбек, үздіксіз ізденіс, терең білім арқылы қол жеткізді. Бойындағы жылдар иірімімен қалыптасқан шыншылдық, әділдік, еңбекқорлық сияқты қасиеттер оны небір қысылтаяң шақтарда сүріндірмей, алып шықты.
Сол кезеңдегі ел сенімін арқалаған депутаттардың дені өзге этнос өкілдері еді. Олардың көзқарастары да түрліше болғаны рас. Онсыз да жетпей жатқан бюджетті әркім өз саласына, өз аудандарына тартқысы келген. Тіпті, орталыққа үйренгендер мемлекеттік тілдің орыс тілі болуы керектігін батыл айтатын жағдайлар да болған екен. “Ұлтаралық қақтығыстардың болмауын қатаң қадағалап, бұл мәселені де мақтамен бауыздағандай шештік”, – дейді Ерембек аға.
Ол елдегі саяси ахуалға, халықтың тұрмыс-тіршілігіне бұрынғыдай сергек қарап, үнемі телеарналар, газет-журналдар арқылы бақылап отырады. Өзі бірнеше мәрте кездесіп, дәмдес болған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз өкілеттігін тоқтатқанын естігенде бойын қимастық сезім билегенін бүкпесіз айтты. Ол Елбасының бұл шешімін қазағын сүйген нағыз кемеңгер тұлғаның көрегендігі деп қабылдаған. “Қазіргі жастар орталықтың төбеден тас домалатқандай өктем саясатын сезінген жоқ. Жастар ел, Отан үшін аянбай, жанын салып, барын төгіп қызмет етсе, біздің Тәуелсіздігімізге қауіп те, қатер де төнбейді”, – деді ол.
Ерембек Әубәкіров бар тәжірибесі мен білімін өңіріміздің дамуына, халықтың әл-ауқатының жақсаруына арнады. Сондықтан да ол өзінің өткен өмір жолына өкінбейді. Отбасында да жолы болды. Зайыбы – Анар Мырзахметова екеуі намысты ұл мен қылықты қыз тәрбиелеп өсірді. Ұл-қызынан төрт немере-жиен сүйіп отыр. Сексен жастың сеңгіріне үлкен абыроймен жетіп отырған Ерембек ағамыздың өнегелі өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі.

Нұргүл ОҚАШЕВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp