Тәуелсіздіктің 27 жылдығы қарсаңында мемлекеттік және қоғамдық қызметке сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бір топ солтүстікқазақстандық мемлекеттік наградалармен марапатталған болатын.
Еңбегі еленген азаматтардың қатарында “Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №2 арнайы (түзету) мектеп-интернат” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Николай Хованский де болды.
– Еліміз үшін ең маңызды мемлекеттік мереке күні “Құрмет” орденінің иегері атану менің өмірімдегі ең ұмытылмас сәт болып қалары сөзсіз. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов салтанатты түрде тапсырған бұл мемлекеттік награда менің ғана емес, ынтымақты ұжымыма, өңіріміздегі барлық ұстаздар қауымына берілген жоғары баға деп түсінемін , – дейді Николай Петрович.
Кейіпкеріміз – жоғары оқу орнын тамамдап, әскери борышын өтеген соң комсомол, партия, кеден органдарында жемісті қызметтер атқарып, өмірінің ширек ғасырын білім беру саласына арнаған азамат. Есіл ауданындағы Ильинка орта мектебінің, Петропавл қаласындағы №15 мектептің педагогикалық ұжымына жетекшілік жасаған кездегі оның іскерлігін бағалаған облыстық білім басқармасының басшылығы даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №2 арнайы (түзету) мектеп-интернатына директор етіп тағайындайды. Бұл 2000 жыл болатын.
Ғасырлар тоғысында білім беру мекемелері де басқа салалар сияқты қиын-қыстау кезеңді басынан кешірді. Өзіне жүктелген сенімді ақтау үшін іске кіріскен ол ең алдымен маңына бір мақсатқа жұмылған ұжымды топтастыра білді. Өйткені, бұл мектеп-интернаттың басқа білім ордаларына қарағанда өз ерекшеліктері бар. Мұнда дамуында кемшілігі бар балалар тәрбиеленеді, білім алады және кәсіпке баулу жұмыстары жүргізіледі. Ол ұстаздардан, тәрбиешілерден, техникалық қызметкерлерден кәсібилікті, шыдамдылықты, мейірбандықты талап етеді.
Жас басшы осы тектес білім мекемелерінің озық тәжірибесін зерделеу үшін Алматы, Астана қалаларына бірнеше рет іссапарға барды. Білімін жетілдіру мақсатында Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін өндірістен қол үзбей логопед мамандығы бойынша тамамдады. Ресейдің астанасы Мәскеу қаласының мектептеріндегі педагог-ғалым И.Вышенковтың жұмыс тәжірибесін үйренді.
Әрине, олардың барлығын бірден мектеп-интернаттың тәжірибесіне енгізу үлкен күш-жігер мен қомақты қаржыны талап ететіні сөзсіз. Алайда, іскер басшы өзінің табандылығының, алған бағытының дұрыс екендігіне көз жеткізе алуының, ұжымының қолдауының арқасында ойлаған ісін жүзеге асыруға бел шеше кіріседі. Бүгіндері “Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №2 арнайы (түзету) мектеп-интернат” коммуналдық мемлекеттік мекемесінде сексенге жуық мұғалім еңбек етеді. Білім ордасында кадр тапшылығы жоқ, олардың төрттен үшінің дефектологиялық білімдері, ал 69 пайызының біліктілік санаты бар.
Педагогикалық ұжыммен келісе отырып Николай Петрович ең алдымен мектеп-интернаттың жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Бұрындары ақыл-есі кем балаларға арналған қосымша білім беру мектебі болған мұнда тоғызыншы сыныптан кейін түлектеріне куәлік тапсырған соң олардың алдағы тағдырына жауап бермейтін. Сондықтан олардың басым бөлігі өмірден өздерінің лайықты орындарын таба алмай, тағдыр тәлкегіне түсетін. Ол түсінікті де, еңбек нарығында белгілі бір деңгейде кәсіпті игергендер ғана жұмысқа қабылданатыны дәлелдеуді қажет етпейтін шындық қой. Мектеп-интернаттың жаңа жарғысында білім мен тәрбие процесін өндірісте белгілі бір кәсіпке баулу арқылы 12 жылдық ету заңдастырылды. Соның нәтижесінде білім мен тәрбие беру жұмыстары еңбек даярлығы және дифферанциалды оқыту негізінде жүргізіле бастады. Мұнда психикалық дамуы тежелген және интеллекті бұзылған оқушылар тігінші, ағаш шебері, слесарь, шаштараз, аспаз, көгалдандыру істеріне, аяқ киімді жөндеу мен тігуге, жиһаз дайындау мен жөндеуге үйренеді, олар үшін өндірістік сыныптар мен цехтар ашылған. Мамандық таңдаған кезде әр оқушының жеке қабілеттері мен мүмкіндіктері есепке алынады. Өйткені, бұл мектеп-интернаттың барлық оқушыларының даму деңгейі бірқалыпты емес. Бүгіндері мектеп-интернаттың үш қабатты оқу корпусы және жатақханасы, 100 орындық асханасы мен оқу кабинеттері, өндірістік шеберханалары бар. Бұл білім ордасында екі жүзден астам даму мүмкіндігі шектелген оқушы тәлім-тәрбие алуда. Басқа елді мекендерден келген алпыс оқушы интернатқа орналастырылған.
Оқушылар жеке мүмкіндіктері мен психикалық-физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес сыныптарға бөлінген. Даму деңгейі біркелкі емес балалар үшін мектеп-интернат педагогтары дайындаған әртүрлі бағдарламалар таңдап алынған. Мектеп түлектері өздері таңдаған мамандықтары бойынша жұмысқа орналасады немесе орта арнаулы оқу орындарында білімдерін жалғастырады. Қазір мектеп-интернаттың озық тәжірибесін үйрену үшін Ақмола, Қостанай және басқа облыстардағы осы тектес білім ордаларының ұстаздары жиі келеді. Ұлттық бизнес-рейтингтің нәтижесі бойынша мектеп-интернат 2014 жылы күміс, 2015 жылы алтын белгімен марапатталса, 2017 жылы “Қазақстанның үздік кәсіпорны” атағын жеңіп алған.
Соңғы жиырма жыл ішінде білім ордасында оқушылардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру және танымдық мүдделерін дамыту мақсатында жақсы дәстүр қалыптасқан. Мұнда әртүрлі байқаулар, спорт сайыстары жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Олар бірқатар қалалық, облыстық, тіпті, халықаралық жарыстардан жүлдемен оралды. Қазақстанның ұлттық құрама командасының сапында мектеп-интернаттың спортшылары хоккейден Жапонияда өткен “Special olimpics” қысқы халықаралық ойындарда жеңіске жетті. Одан кейін АҚШ, Грекия, Корея, Австрия елдеріндегі сайыстарда жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.