«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕ ЖҰМЫСҚА КІРІСТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауында “Қарапайым заттар экономикасын” қалыптастыру міндеті қойылып, азық-түлік, киім және басқа да күнделікті тұтынатын заттарды өз елімізде шығару қажеттігі айтылған болатын. Осы міндеттерді жүзеге асыру аясында облыстық кәсіпкерлер палатасы жанынан жобалық кеңсе ашылды.

Кәсіпкерлерді қарапайым заттар экономикасын дамытуға тартып, бизнес-жобаларын несиелеу мақсатын көздеген бұл кеңсенің құрамына палата мамандары мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кірді. Атап айтқанда, кеңседе облыстық кәсіпкерлік және туризм, индустриялық-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы басқармаларының, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” акционерлік қоғамы өңірлік филиалының және жеңілдетілген несие бағдарламасын жүзеге асырушы екінші деңгейлі банктердің қызметкерлері жұмыс істейтін болады. Мамандар жобаға қатысушы кәсіпкерлерге қаржыландыру тетіктері жүзеге асқанға дейін бағыт-бағдар береді. Сонымен қатар олар егер кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие берілмесе, мұның себептерін анықтап, басқа да қолдау тетіктерін ұсынады.
Палата директоры Дархан Қалиевтің айтуынша, өңірде өндірілетін тауарларға талдау жүргізіліп, нәтижесінде импортты алмастыруға әлеуеті бар кәсіпорындар анықталған. Бұл тізімге азық-түлік, жиһаз және жеңіл өнеркәсіп саласындағы 18 кәсіпкерлік субъектісі кірген. Несиелеудің жалпы сомасы 14,2 млрд. теңгені құрады. Қазіргі таңда бағдарламаға қатысуға 11 компаниядан өтініш түсті.
Жеңілдетілген несие бағдарламасына қатысуға ниет танытқандардың бірі – “СМБ групп” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Мұқан Садуов. Ол облыс орталығында қаптар мен полипропилен контейнері – биг-бэгтерді өндіру желісін қолға алуды жоспарлап отыр.
– Тайваньдық тауар жеткізушілер жарты жылдың ішінде өндіріс желісін құрды, енді алғашқы өнімді шығаруға болады. Шетелдік мамандар алғашында серіктестік қызметкерлеріне білген-түйгендерін үйретеді. Біз қазіргі таңда “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” акционерлік қоғамы облыстық филиалынан 300 милион теңге рәсімдегелі жатырмыз. Оның 250 миллион теңгесін өндіріс желісін сатып алуға, ал қалғанын айналым қаражаты ретінде пайдаланбақпыз. Облыс басшылығы қала сыртында орналасқан нысандарымызға коммуникация тартуға көмектесуге уәде берді. Сәтін салса, алдағы уақытта біз ай сайын 2 миллион қап және 100 мың биг-бэг өндіруді жоспарлап отырмыз, – деді Мұқан Садуов.
Кәсіпкер қажетті шикізатты Павлодар қаласы мен Ресейден жеткізуде. Қаптар мен биг-бэгтер ұн, минералдық тыңайтқыштар және құрылыс материалдарын тасымалдауда зор сұранысқа ие.
Жылдық мөлшерлемесі 8 пайыздық жеңілдетілген несие жеңіл өнеркәсіп, жиһаз және құрылыс материалдарын өндіру, сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешені саласында жүрген кәсіпкерлерге беріледі. Жеңілдетілген несие бағдарламасы 2025 жылға дейін ел бойынша 16 мың тұрақты жұмыс орнын құрып, бюджетке 1,1 триллион теңге салық түсімін қамтамасыз етіп, “қарапайым заттар” импортының үлесін азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА, облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp