«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӨРТ РЕТ ТЕСТ ТАПСЫРАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үстіміздегі оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеуге енгізілген өзгерістер жоғары білім алуға қолжетімділікті арттырды. Енді мектеп түлектері бір жыл ішінде төрт рет тест тапсыру мүмкіндігіне ие болды. Қаңтар, наурыз айларында өткен тестілеу түлектерге негізгі емтихан алдында өз білімдерін тексеріп көрудің таптырмас жолы болды.

Яғни, түлек осы тестілеулерден кейін 2019 жылдың жазында өтетін сынаққа қатысып, жоғары ұпай алса, мемлекеттік грантқа үміткер болады. Ал қаңтар, наурыз айларындағы тестілеу кезінде шекті балл жинаған талапкер осы кезде берілетін сертификатпен университетте тек ақылы негізде оқи алады.
Мұнымен қатар бұл тестіні жоғары оқу орнына уақытша тіркелген және бірінші семестрді аяқтап жатқан студенттер тапсыра алады. Бұл тестілеуге студент өзі білім алып жүрген оқу орнына ресми тіркелу және оқуын жалғастыру үшін қатысады. Естеріңізге сала кетсек, қаңтар, наурыз айларында өткен тестілеуге қатысқан талапкерлер маусым-шілде айларындағы ҰБТ-ға қатысу және мемлекеттік грантты иелену мүмкіндігінен айырылмайды. Үстіміздегі жылы мемлекеттік гранттар білім бағдарламаларының топтары бойынша тағайындалады. Ағылшын тілін жақсы меңгергенін растайтын халықаралық сертификаты бар абитуриенттер шет тілі профильді пәні бойынша тест тапсырудан босатылады.
Ұлттық бірыңғай тест тапсыру форматы өзгерген жоқ. Тестілеуді талапкер өзінің таңдауы бойынша қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде үш міндетті (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, сауатты оқу) және екі профильдік пәндерден тапсырады. Тестілеуден алатын ең көп балл – 140.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде үстіміздегі жылдың 19 қаңтарында өткен тестілеуге биылғы түлектердің 30,2 пайызы қатысты. Ал 27-28 наурыздағы тестілеуде түлектердің жартысынан астамы өз білімдерін сынады. Бұл тестілеудің қорытындысы бойынша мектеп түлектері сертификаттар алады, ал шектік деңгейден өткендері еліміздің жоғары оқу орындарында ақылы негізде білім алу құқығына ие болады.
Өткен жылғы секілді биыл да тестілеу кезінде сертификаттармен бірге барлық талапкерлерге ақпараттық парақша беріледі, онда құжаттар тапсырылуы мүмкін білім бағдарламалары, үстіміздегі жылы бөлінген гранттардың саны, өткен жылдардағы мемлекеттік грантқа конкурстың қорытындылары көрсетіледі. Дәлелді себептермен қатыса алмаған жағдайда түлекке Ұлттық бірыңғай тестілеудің келесі кезеңіне қатысуға мүмкіндік беріледі, ерекше білім қажеттілігі бар балаларға жеке көмекші және сурдоаудармашы бөлініп, балл саны бірдей болған жағдайда “Алтын белгі” белгісінің иегері үшін берілетін артықшылық құқығы сақталады.

Гүлмира КӘРІМОВА, облыстық білім басқармасының басшысы.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp