«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛҚЫ ҮШІН ҚАДІРЛІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз еркімен өкілеттігін тоқтатуы еліміздің әр азаматы үшін тосын жаңалық болғандығы шындық. Ести сала менің де көңілімді қимастық сезім баурап алды.

Өмірімнің басым бөлігі кеңес дәуірі тұсында өтті. Сол кездегі саяси жүйе, халқымыздың жағдайы, тіліміз бен дініміздің, ұлттық құндылықтарымыздың ахуалы қазіргімен салыстыруға келмейді. Бүгінде тәуелсіз еліміз әлем таныған, экономикасы мен сыртқы қорғанысы, білімі мен ғылымы, өнері мен мәдениеті дамыған, шекарасы шегенделген мемлекетке айналды. Осы сияқты үлкен жұмыстардың басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрғаны анық. Қирандыдан егемен ел құру сұңғыла саясаткердің ерен еңбегі мен ақыл-парасатының, қазақ елінің шыдамдылығының, еркіндіксүйгіштігінің арқасында мүмкін болды.
Тарихтан жақсы білеміз, сонау ықылым замандарда қазақ жерінде өмір сүрген ру-тайпаларды талай адам­дар басқарды. Олардың арасында ұлы хандардың да, билердің де, батырлардың да болғаны шындық. Ел тізгінін ұстаған олардың әрқайсысы Атырау мен Алтайға дейін созылған Ұлы даланы қорғау үшін бастарын бәйгеге тікті. Бір өкініштісі сол, ешқайсысы тұғырлы тәуелсіздікке қол жеткізе алмады, халқының бақытты кездерін көрмеді. Егемендік Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен оның халқына бұйырды. Сол үшін әрбір қазақстандық бақытты.
Данышпан Абай атамыз өзінің бір қара сөзінде басшыны сыйлаудың, пір тұтудың маңызын айтыпты. Бұл үрдіс қазірге дейін жалғасып отыр. Елін биік тұғырға қондырып, биліктің алмасуын ешқандай у-шусыз өткізген Тұңғыш Президентімізге деген құрмет ерекше.
Тарих таразысымен өлшеп қарасақ, отыз жыл аз мерзім емес. Осы уақыт бедерінде Елбасы қазақ елінің шынайы тәуелсіз, әлем мойындаған ел атануы жолында аянбай тер төкті. Дүниежүзінің өркениетті елдерін аралап, басшыларымен кездесіп, инвесторларын Қазақстанға шақырды. “Болашақ” бағдарламасын қабылдап, жас ұрпақты Қазақстанның ертеңі үшін қажетті мамандықтарға оқытты. Халқымыздың басына қара бұлт болып үйірілген “Семей” ядролық полигонын жабуы – үлкен тарихи оқиға.
Қазақ қоғамында жарты ғасырдан астам уақыт бойы үстемдік құрып келген кириллицаны латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын қолға алды. Оны да Өзбекстан сияқты егемендіктің елең-алаң шағында емес, қажет кезінде жүзеге асыруда. Бұл – біздің ұлтымыздың шынайы тәуелсіздігінің көрінісі. Бүкіл түркі дүниесінің рухани аста­насы, халқымыз “кіші Мекке” деп санаған Түркістанды облыс орта­лы­ғы деп жариялауы да тарихи шешім. “Болашаққа бағдар: рухани жаң­­ғыру”, “Ұлы дала­ның жеті қыры” атты бағдарламалық мақалалары Қазақстанның алдағы дамуының айқын бағдарына айналды.
Кез келген мемлекеттің көшін білімді, жаңа көзқарастағы жастар сүйрейді. Осы орайда Елбасының білім саласының дамуына қосқан үлесі орасан. Басқасын айтпағанда, бүгінде біздің өңірімізде тұратын бүлдіршіндердің 95 пайызынан астамы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етілген. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, қазынаның түбі тесік уақыттың өзінде Елбасы осы салаға айрықша көңіл бөлді. Оның “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде” деген сөзі бүгінде іске асып отыр.
Кеңес дәуірінен мұраға қалған ешқандай материалдық базасы жоқ, суық та сүреңсіз мектептердің орнына заманауи жабдықталған жылы да жайлы білім ордалары бой көтерді. Немерелерім сондай білім ордасында оқып, заманына бейім болып өсіп келеді.
Өзім ұзақ жылдар еңбек еткен, жуырда 20 жылдығын атап өткен дарынды балаларға мамандандырылған “ЛОРД” интернат-лицейінде Елбасы алға қойған міндеттердің орындалғандығы айқын байқалады. Қазіргі таңда түлектері әлемнің жиырма шақты елінде білім алуда. Мұндай игі жетістіктер еліміздің әрбір мектебіне тән.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасымыздың Американың Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ-ның саммитінде ана тілімізде қасқайып тұрып баяндама жасағанын көріп, жанарыма жас алған едім. Мұндай бақытты қазақтың маңдайына Тұңғыш Президентіміз сыйлады. Осы жұмыстардың бәрі өсіп келе жатқан жас буын өкілдеріне, келер ұрпаққа темірқазықтай адастырмас жол сілтеуі керек.

 

Ботагөз ҒАЛИЕВА,  Қазақстан Республикасы білім беру ісінің  құрметті қызметкері, еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp