«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛАУЫН ТАПСА, САБАН ДА КӘДЕГЕ ЖАРАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгіндері “биоотын” деген ұғым жұртшылыққа жақсы таныс. Себебі, озық технологиялар арқылы кез келген қалдықтан пайдалы өнім алуға мүмкіндік бар. Әсіресе, жерасты және жерүсті байлықтарын үнемдеудің жаңа жолы биоотын өндіру екеніне көпшіліктің көзі әлдеқашан жеткен. Соңғы онжылдықта әлемде биоотын өндіру өз тиімділігін дәлелдеді. Мұнай, газ, көмір сияқты ресурстарға бай Қазақстан бұл бағыттағы алғашқы қадамын енді жасауда.

Бүгіндері облысымыздағы әлеуметтік нысандар мен ғимараттарға сабанмен жағылатын биоқазандықтар орнатылуда. Нәтижесінде аталмыш нысандар арзандатылған, тиімді және қоршаған ортаға қауіпсіз жаңа отын түрін пайдалануда. Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әділбек Әубәкіровтің айтуынша, өңіріміздің бірқатар аудандарында “жасыл экономикаға” көшудің тиімді жолдары қарастырылуда.
– Қазіргі уақытта өркениетті елдер энергияның баламалы көздерін пайдалануға ден қоюда. Осы орайда бізде де 2030 жылға қарай баламалы энергия үлесін 30 пайызға жеткізу жоспарлануда. Елімізде биоотын өндірісін қарқынды дамытып, энергия үнемдеу мәселесіне көңіл бөлінуде. Мысалы, мектеп пен аурухана сынды әлеуметтік нысандардың жарық пен жылуға жұмсап отырған шығынын азайтуға мүмкіндігіміз бар. Ол үшін дәнді-дақылдардың, астық өнімдерінің қалдығын кәдеге жаратып, одан биоотын өндіруге болады. Бұл бағытта атқарған жұмысымыз нәтижелі, – дейді Әділбек Әубәкіров.
Өңірдің әлеуметтік нысандарына сабанмен жағылатын қазандықтарды орнату жұмыстары 2015 жылдан бастап қолға алынды. Бүгіндері облыс бойынша биомассамен жағылатын 95 қазандық бар, оған жалпы 61 бюджеттік ұйым қосылған. Бұл мекемелер биылғы жылыту маусымында 21 мың тонна көмірді, яғни 151 млн. теңгені үнемдеді. Биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында тағы 30 қазандық орнату жоспарланып отыр. Нәтижесінде жылытудың осы түріне тағы 50 нысан қосылып, бюджеттік мекемелердің саны 32-ге артпақ.
Бұл жұмыстар облыс орталығында ғана емес, аудандарда да белсенді жүргізілуде. Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары Бағдат Шәкенов жергілікті халықтың био-отынмен жылытылатын қазандықтардың игілігін көріп отырғанын айтады. Қазіргі уақытта бірқатар жергілікті нысандар 10 заманауи қазандықтың көмегімен жылытылуға көшкен. Қазандықтардың төртеуі аудандық бюджеттен бөлінген қаражатқа, ал қалғаны жергілікті агроқұрылымдардың демеушілігімен орнатылған.
– Былтыр мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Жаңажол, Ступинка, Мерген және Ольгинка ауылдарында заманауи қазандықтар орнатылды. Ал аудан орталығы – Сергеевка қаласындағы №2 мектеп-гимназия, аудандық әкімдік, “Бөбек” балабақшасы, №1 орта мектеп және 8 көппәтерлі тұрғын үй орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылды. Нәтижесінде жылыту маусымында аудан бюджетінен 22 млн. теңге қаражат үнемделді. Яғни, биоотынмен жылытылған төрт мектепте шығын 50 пайызға азайды. Сондай-ақ, қазандықтарды жағып, оны қадағалайтын қызметкерлер саны қысқартылып, автокөлік және экологиялық салықтарға кететін шығындар кеміді, – дейді Бағдат Қарақанұлы.
Еңбек Ері Есім Шайкин атындағы орта мектепке заманауи қазандықты “Әби-жер” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тегін қойып берген. Шаруашылық қажетті отынмен қамтамасыз етуді де өз мойнына алған. – Озық технологияға негізделген жаңа қазандықтардың артықшылықтары көп. Қондырғының қуаттылығы 5 мың шаршы метр аумақты жылытуға жетеді. Орталық қазандыққа тәулігіне 8 орама сабан жұмсалады. Бұған дейін жылына кемінде 400 тонна көмір сатып алынса, енді экологияға келтірілетін зиян мөлшері де, шығын да азайды, – дейді мектеп директоры Әлия Әмренова.
Жергілікті агроқұрылымдардың бірі – “Агро-Север” ЖШС-і де бүгінде табиғат ресурстарын тиімді әрі үнемді пайдалану жобасын жүзеге асыруда. Мал шаруашылығымен қатар егіншілікті қарқынды дамытуды мақсат еткен облысымызға танымал кәсіпкер Николай Луговой – заман ағымын терең түсінген азаматтардың бірі. Кәсіпкердің айтуынша, шаруашылық бұған дейін жиналмаған жемазықты көктемде күйдіріп келген. Бүгіндері серіктестік бұл мәселенің тиімді жолын тауып отыр. Агроқұрылым қырман басындағы астықты кептіру үшін арнайы қазандықты сабанмен қыздыру тәсілін пайдаланады. Серіктестік соңғы уақытта ауылдағы әлеуметтік нысандарды да осылай жылыта бастады.
Кәсіпкер Приишим ауылындағы орта мектепке заманауи қазандық орнатып, оған қызмет көрсету шығындарын өз мойнына алды. Бұған дейін білім ордасын жылытуға жыл сайын 5,5 млн. теңге жұмсалса, енді бұл мақсаттағы шығындарды 800 мың теңгеге дейін үнемдеу мүмкіндігі туған.
– Біздің өңірімізде дәнді және майлы дақылдардың сабандары далада ысырап болады. Мұнай шикізатынан өнім алудан гөрі осындай астық қалдықтарынан биоотын өндіру әлдеқайда тиімді. Әрі арзанға түседі. Сондықтан өз басым бұл бастаманы қолдаймын. Қазіргі уақытта шаруашылығымыздағы заманауи қазандықтарда зығыр сабаны пайдаланылады. Осылайша, астығымызды кептіреміз әрі елді мекеннің әлеуметтік нысандарын жылытамыз, – дейді Николай Александрович.
Биылғы жылы ауылдық округтердегі тағы екі мектепке жылыту қазандықтарын орнату жоспарланған. 2017 жылы ауданда майлы дақылдар 26,7 мың гектарға, былтыр 41 мың гектар аумаққа егілді. Биыл алқап көлемін 45 мың гектарға жеткізу көзделуде. Яғни, жергілікті шаруалар биоотын дайындайтын шикізат тапшылығын сезінбейтін болады.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Қызылжар ауданының Якорь, Большая Малышка және Асаново ауылдарындағы білім ошақтары да сабанмен жылытылуда. Қазіргі уақытта бұл ауданда 47 мектеп бар. Олардың барлығына осындай қазандық орнатылса, бюджет шығыны 40 миллион теңгеге кемиді. Әрі қоршаған ортаны ластанудан сақтап, экологияны жақсартамыз, – дейді аудандық білім бөлімінің мамандары.
Бүгінде Қазақстанда биоотын өндіретін шикізаттар легі жүгері, бидай, рапс, соя сабандарымен ғана шектелмейді. Қазіргі таңда нарықта биоотынның сұйық түрлері де бар. Мысалы, олардың қатарына биоэтанол, биометанол, биобутанол, диметилэфир, биодизель өнімдері жатады. Бұл өнімнің алғашқысы биылғы жылдан бастап біздің өңірде өндірілетін болады.
Мұны “Биооперейшн” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алуды көздеп отыр. Баламасы жоқ зауыт көп жылғы үзілістен кейін былтыр диірмен кешенін іске қосып, глютен мен балауыз өндірісін қолға алды. Ал биыл астықты тереңдете өңдейтін биоэтанол өндіруді жоспарлап отыр.
– Жұртшылық арасында биоэтанол тек жоғары сапалы астықтан өндіріледі деген пікір қалыптасқан. Бұл олай емес. Технологиялық талаптар дұрыс сақталса, сапасы төмен төртінші, бесінші сұрыпты бидайды да кәдеге жаратуға болады. Ауаны ластайтын, улы газдар бөлмейтін, толық жанып кететін жағымды қасиеттеріне байланысты биоэтанол Еуропа елдерінде сұранысқа ие. Біздің өңірімізде жыл сайын кем дегенде 5-6 миллион тонна дән қамбаға құйылады. Демек, осынша астықтың аздаған ғана бөлігін тереңдете өңдеу арқылы бәсекеге қабілетті бірнеше өнім түрін алуға мүмкіндігіміз бар, – дейді зауыттың бас директоры Алмас Қалимурзин.
Басшының айтуынша, биоэтанол цехының 60 мың тоннаға дейін өнім шығаруға қуаты жетеді. Экологиялық таза өнімге Еуропа мен Орталық Азия елдерінен тапсырыстар түсуде. Отандық мұнай зауыттарының “еуро-5” және “еуро-6” бензинін шығаруға көшкенін ескерсек, сұраныстың жоғары болары анық.
Немістер тұрмыстық, жапондар тамақ қалдықтарын кәдеге жаратып, биоотын өндіріп отыр. Бүгінде дамыған елдер жоқтан бар жасап, ұқсатуға әбден бейімделген. Сондықтан бізге де сол көшке ілескен жөн.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
Коллажды жасаған  Талғат ТӘНІБАЕВ

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp