Облысымызда көктемгі су тасқыны көпшілікті әбігерге түсіруде. Сілеті су қоймасынан жіберілген су Уәлиханов ауданындағы Қулыкөл және Қаратал ауылдарына қауіп төндіруде.
Осыған байланысты ауданда облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың жетекшілігімен жедел штаб құрылды.
– Біз Қулыкөл және Қаратал ауылдары тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырудамыз. Қазіргі уақытта жерлестеріміздің өміріне де, денсаулықтарына да ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, – деді Құмар Іргебайұлы.
Екі ауылда бір мыңға жуық адам тұрады. Тұрғын үйлерге қызыл су кіруі мүмкін. Жергілікті билік пен жедел құтқару құрылымдарының мамандары тұрғындарды эвакуациялауда. Бір тәулік ішінде 42 адам қауіпсіз жерге жеткізілсе, олардың 22-сі ауылдағы орта мектептегі қосынға орналастырылды. Сондай-ақ, 1184 қара мал мен 758 жылқы құтқарылды.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Рамиль Камаловтың айтуынша, бұл ауылдардағы жағдай бақылауға алынған.
Бүгіндері Сілеті су қоймасынан су жіберу жалғасуда.
Соңғы тәулікте біздің өңірге 95 млн. текше метр су келді. Нәтижесінде жергілікті айдындардағы судың деңгейі біртіндеп көтерілді. Облыстың барлық қызметтері тасқынға жоғары дайындық режіміне көшті. Ауылдардағы жағдай мамандардың жіті бақылауына алынды. Алдағы күндері су тасқыны күшейеді деп күтілуде. Сондықтан департамент мамандары күшейтілген режімде жұмыс істеуде, – дейді Рамиль Фаткулович.
Сілеті су қоймасының сыйымдылығы 230 млн. текше метр. Қазіргі уақытта ол 95,65 пайызға толған. Одан әр секунд сайын 574,44 текше метр су ағызылуда. Салдарынан Сілеті өзенінің деңгейі көтерілген.
Береке ауылының тұрғындары бір тәулікке жуық жарықсыз қалды. Белгілі болғандай, электр бағаны құлап, желі сымдары үзілген. Екі жүз адам тұратын шағын ауылда штаб мүшелері мен облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының мамандары бірлесе жұмыс жүргізуде. Ауыл тұрғындары дәл осындай жағдайдың жыл сайын қайталанатынын айтады.
Қазіргі уақытта қос ауылды жалғайтын күре жолдың 7 учаскесін су басқаны анықталды. Бұл учаскелерде тәртіп сақшыларынан жасақталған арнайы топтар кезекшілік атқаруда. Сондай-ақ, Ақжар ауданының Калиновка ауылына кіреберіс жолды қызыл су шайған. Бұл елді мекеннен шығатын бірнеше жол бар, яғни көлік қатынасы үзілген жоқ.
Мамандар жергілікті өзен-көлдердегі су деңгейінің біртіндеп көтеріліп келе жатқанын айтады.
– Қазіргі уақытта Шал ақын ауданындағы Сергеевка су қоймасындағы судың деңгейі тәулік сайын 2 сантиметрге көтерілуде. Судың ернеуінен асуына 36 сантиметр қалды. Бұдан бөлек, су деңгейі көтерілген Шағалалы өзенін бақылауға алдық. Тайынша ауданындағы жолдарды да су басу қаупі бар. Сондай-ақ, Ақжар мен Қызылжар аудандарындағы елді мекендердің көшелеріндегі ағын суды сорғызу жұмыстары жүргізілуде, – дейді Рамиль Камалов.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда облыс бойынша су басу қаупі бар 92 елді мекен, 2300 үй бақылауға алынған. Жалпы 700-ден астам арнайы техника, 300-ден астам су соратын қондырғы төтенше жағдайға жұмылдырылған.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.