«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚҰЛАГЕРДІҢ” ҚУАНЫШЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қаласындағы Спорт сарайында шайбалы хоккейден өткен ел біріншілігінде үшінші орынға табан тіреген жергілікті “Құлагер” хоккей клубының спортшыларын марапаттау салтанаты өтті.

Биылғы маусымға “Бейбарыс”, “Арлан”, “Ертіс”, “Алтай-Торпедо”, “Құлагер”, “Алматы”, бастаған 10 команда қатысты. Жерлестеріміз біріншілік барысында 55 ойын өткізіп, қарсыластардың қақпасына 148 шайба салды.
Солтүстікқазақстандықтар ақтық сайыстың жолдамасы сарапқа салынған кездесуде атыраулық “Бейбарыс” командасымен кездескен болатын. Бұл команда – біріншіліктің үш дүркін жеңімпазы әрі биылғы маусымның фавориті. Дегенмен, қызылжарлықтар жеңіске жету үшін аянып қалмады. Бірақ мықтының аты – мықты. Кездесулер сериясында “Құлагер” клубы 1:4 есебімен жеңіліп, чемпионаттың қола медалін еншіледі. Сөйтіп, жерлестеріміз өз тарихында екінші рет біріншіліктің қола жүлдегері атанды.
Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет қатысушыларға өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың құттықтауын жеткізді.
– Біз хоккейшілерден биыл да жоғары нәтиже күткен едік. Олар сол үмітті ақтады. Бұл – кез келген жас командаға бағына бермейтін айшықты белес. Ең бастысы, “Құлагер” аз ғана уақыт ішінде тәжірибелі клубтардың қарқынына төтеп бере алатын қарсыласқа айнала білді. Ел біріншілігінде үздіктердің қатарынан көрініп, қола медаль иегері атанған ұжымды жеңісімен құттықтаймын! Жерлестеріміздің алдағы маусымда бұдан да жоғары нәтиже көрсететініне сенімдімін, – деді Мадияр Дүйсенбайұлы.
Салтанатты шара барысында облыс әкімінің орынбасары “Құлагер” клубының 31 хоккейшісіне және клуб басшылығы мен бапкерлерге қола медальды табыстады.
Өз кезегінде команда капитаны, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ильгиз Нуриев қолдау білдірген облыс басшысына, жаттықтырушылар штабына және жанкүйерлерге алғысын айтты. “Биылғы маусым жеңіл болды деп айта алмаймын. Хоккейшілердің арасында жарақат алып, бірнеше ай бойы емделгендер аз болмады. Дегенмен, жанкүйерлердің қолдауы бізді жігерлендірді. Келесі маусымда жеңістің биік тұғырынан көрінуге тырысамыз”, – деді Ильгиз Нуриев.
Салтанатты шара жергілікті өнерпаздар ұйымдастырған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp