Аутизм – бала дамуындағы ауытқушылықтың бір түрі. Бұл дерт орталық жүйке жүйесінің бұзылуынан болады. Ол баланың дамуына кері әсерін тигізеді. Қазақстанда аутизмге шалдыққан 3 мыңнан астам бала тіркеуде тұр. Соңғы бес жылда аталмыш сырқат бойынша есепке тұрған балалардың саны 1,8 есеге көбейген. Біздің өңірде ерекше күтімді қажет ететін 4332 бала бар. Соның ішінде 416 бала аутизмге шалдыққан.
Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова біздің өңір аутизмге шалдыққан балалар саны бойынша республикада үшінші орында тұрғанын жеткізді.
– Ерекше күтімді қажет ететін мүмкіндігі шектеулі балаларға облыстық білім басқармасы тарапынан үнемі қолдау көрсетіледі. Бүгінгі таңда осындай синдромы бар 37 бала жеті коррекциялық мектеп-интернатта, 178-і инклюзивті білім беру ұйымында тәрбиеленуде. Петропавл қаласындағы алты балабақшада ерекше білім беруді қажет ететін бүлдіршіндер үшін он бес топ ашылып, онда жүзден астам өрен тәрбиеленуде. Соның 34-і аутист бала. Жеке интеллектуалды ерекшеліктері бойынша барлық аутист балалар өздерінің замандастары сияқты жалпы білім беру мектептерінде оқи алмайтынын да атап өткен жөн. Денсаулықтарына байланысты 54 бала үйде жеке оқытылады, – деген Татьяна Протопопова ата-аналардың сұрауы бойынша психикалық ауытқушылығы бар балаларды қоғамға бейімдеу үшін Жол картасы әзірленгенін айтты.
Баспасөз мәслихатында психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Игорь Ланда сөз алып, аутизммен ауырған балаларға медициналық-әлеуметтік, амбулаторлық және стационарлық көмек көрсетілетінін жеткізді. Маманның айтуынша, биыл екі айда психиатр 7 баланы бақылауға алса, өткен жылы аутизм мәселесі бойынша жүзге жуық адамға көмек берілген. Психикалық денсаулық орталығының дәрігері аутист балаларға көмек көрсетуде облыста балалар психиатры жетіспейтінін де алға тартты. Балалар бөлімшесінде аутизмге шалдыққан балғындар үшін логопед, дефектолог, психолог мамандардың қатысуымен жұмыстар жүргізіледі. Психиатр дәрігер қажетті ем-дом тағайындайды. Ал аутизмнің ауыр түріне шалдыққан науқастар дәрігерлік комиссия кеңесінің ұсынысымен медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтеді. Өткен жылы аутизмге шалдыққан 16 балаға мүгедектік тобы белгіленсе, биыл бес балаға әлеуметтік жәрдемақы тағайындалды.
“Улыбка” балалар қайырымдылық қорының жетекшісі Галина Бондаренко психикалық дамуында ауытқушылығы бар балаларға дер кезінде көмек көрсету маңызды екеніне тоқталып, ауруды ерте анықтау арқылы аутизмнен айығуға болатынын тілге тиек етті.
Отырыс соңында аутизм мәселесі туралы Дүниежүзілік ақпарат тарату күні аясында өңірде бір-қатар іс-шараларды өткізу жоспарланып отырғаны атап өтілді.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.
Сурет интернеттен алынды.