«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨТІНІШТЕР ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәуірдің бірінен бастап республика бойынша тұрмысы төмен отбасыларға 21 мың теңге көлемінде жәрдемақы тағайындау жөнінде өтініштер қабылдана бастады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, атаулы көмектің бұл түріне тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларымен бір-екі баласы бар аналар да ілігеді. “21 мың теңге көлеміндегі жәрдемақы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға берілуі шарт. Бұл – Президенттің тапсырмасы. Ал әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыда бір немесе екі бала болуы мүмкін ғой. Ондай отбасылардың бір айлық табысы адам басына шаққанда 20789 теңгеден аспаса, бір балаға 21 мың теңгеге жуық жәрдемақы тағайындалады”, – делінген министрліктің түсініктемесінде. Осы орайда мамандар бір баласы бар отбасына аталмыш жәрдемақы төлеуге қатысты мысалды да келтірді. Мәселен, бір әйел жалғыз баласын асырап отыр делік. Оның айлық жалақысы – 40 мың теңге. Осы ақшаны екі адамға бөлгенде, тура 20 мыңнан келеді. Демек, отбасының бір айлық табысы жан басына шаққанда күнкөріс деңгейінің 70 пайызы, яғни 20789 теңгеден аспайды. Заң бойынша осындай отбасыларға 21 мың теңгенің жәрдемақысы төленуі керек. “Ал анасына 20 мың мен 20789 теңгенің айырмашылығы төленеді. Сонда баланың жәрдемақысын қосқанда, аталған жандар ай сайын 22 мың теңгеге жуық атаулы әлеуметтік көмек алып тұрады”, – деді мамандар. Әр балаға 21 мың теңгеден берілетін жәрдемақыны алу үшін өтініштен басқа құжат талап етілмейді. Оны жергілікті әкімдікке, халыққа қызмет көрсету орталығына немесе жұмыспен қамту орталығына барып тапсыруға болады. Сол жерде жеке куәлікті көрсетіп, өтініште отбасының барлық мүшелерін жазып шығу қажет. Қалған жұмысты мемлекеттік қызметшілер өздері атқарады.
Министрліктің айтуынша, барлық құжаттар алты айда бір рет жаңартылып отырады. Бір үйдің табысын есептегенде, тек жақын туыстарының айлық кірісі ғана ескерілетін болады. Олардың қатарына ата-аналар, балалар, әкесі бір, шешесі бөлек ағайындар, ата-әжелер кіргізіледі. Бұл дегеніміз, осы адамдар бірге тұрса, олардың табысы бір отбасының кірісі ретінде саналады. Қосалқы шаруашылық та кірістің көзі болып саналғанымен, басқа әлеуметтік төлемдер есепке алынбайды. Олардың қатарына көпбалалы отбасының мемлекеттік жәрдемақысы, “Күміс алқа” мен “Алтын алқа” төлемақысы және мүгедек балалардың жәрдемақысы мен шәкіртақылар қосылады. Тағы бір жағымды жайт, мұндай отбасылардың балалары колледж не университетке түскен жағдайда, жәрдемақы олар 23 жасқа толғанға дейін төленетін болады.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшының орынбасары Гүлмира Мәулетбаеваның айтуынша, облысымызда атаулы көмектің бұл түрі бойынша ақпараттандыру шаралары белсенді жүргізілді. Кешеден бері Петропавл қаласы мен барлық аудандардағы жұмыспен қамту және халыққа қызмет көрсету орталықтарында тұрмысы төмен отбасылардан өтініш қабылдау жүргізілуде.

Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp