Петропал қаласында “Жастар жылына” орайластырылып өткізілген “Қызылжар аруы-2019” байқауының жеңімпазы атағын Анар Кәкімова иемденді.
Арулар байқауына қатысуға биыл жүзден астам бойжеткен тілек білдірген екен. Бірақ олардың арасынан алдын-ала іріктеуден сүрінбей өтіп, үздік деп танылған жиырмасы финалға шықты. Жиырма ару алдымен ұлтымыздың рухани мұрасын паш ету, халқымыздың тарихы мен дәстүрін дәріптеу мақсатында ұлттық киім үлгілерін көрсетіп, сахнада салтанатты шеру жасады. Сонымен қатар олар бұл күні нәзік романтикалық бейнеде және кешкі сәнді көйлекпен сахнаға шығып, өздерінің жүріс-тұрысын, қимыл-қозғалысын, бет-әлпетін қазылар алқасының талқысына салды. Сондай-ақ бірі ән айтып, басқасы би билеп, монолог оқып, тіпті скрипкада ойнап, өз өнерлерін де паш етті.
Олардың арасынан ең сұлуын таңдау үшін Мәскеуден жерлес актриса, Канн фестивалінің жеңімпазы Самал Есләмова, Астанадан белгілі тележүргізуші, журналист, кәсіпкер, фэшн-продюсер Динара Сәтжан, Қазақстанның вице-аруы Гүлжан Дәулетова, Қызылжарда туып-өскен, қазір Мәскеуде тұратын, ресейлік жұлдыздарды суретке түсіріп, талай журналға шығарып жүрген фэшн-фотосуретші Дамир Жүкенов арнайы келген екен. Қазылар алқасы мүшелерінің пікірі бір жерден шығып, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің 3-ші курс студенті Анар Кәкімова “Қызылжар аруы” атағына лайық деп танылды. Яна Никитина – бірінші вице-ару, Бибінұр Әбіл екінші вице-ару атанса, Самира Гусейнова – “Көрермен көзайымы” аталымын жеңіп алды. Байқау жеңімпазы Анар Кәкімова мамыр айының басында Астанада өтетін “Қазақстан аруы” байқауында өңіріміздің намысын қорғайтын болады.